Психологты қажетсінбейтін қазақтар

0 90

Жақында әлеуметтік желіде бір дәрігердің пациентке «Құралай ханымға барыңыз» деп кеңес бергені туралы хабар жылт ете қалды. Содан Құралай ханым кім деп инстаграм аудардық. Қазіргі күннің ақылманы Айнұр ханымды да сол желіден кездестірдік. Жазылушылары миллиондап саналатын бұл келіншектер немен айналысып жүр деп зерделеп көрдік.Кәдімгі психология. Өзін-өзі тану, айналасындағылармен үйлесімге қол жеткізудің амалдары. Артық ештеңе жоқ. Бірақ үлкен кемшілігі бар. Ол – психологияда рұқсат етілмейтін бір тұлғаға байлану синдромы. Оның соңы өзінің тұлғалық қасиетінен айырылып, түгелдей ақылман ханымдардың айтқанымен жүріп, олардың ақылынсыз артық қадам баспайтындай тәуелділікке жеткізеді. Ең жаманы, басына түскен жайтты өзінше бағалап, өзіндік шешім қабылдап, тәуекел етуден айырылудың белгілерін пікір-жазбалардан оқып білдік.
Нағыз маман алдына келген адамның өз аяғымен жүріп, өз бетімен өмір сүруіне ғана ықпал етеді. Тіпті туған балаларының да ата-аналарына түбегейлі бағыныштылығын заманауи психология құптамайды. Әркім шама-шарқынша өзіндік жолын тауып, өзіндік қабілетімен өмір сүруі тиіс. Айырмашылық осы ғана.
Алдына барған жұрттың түп санасына дейін баурап алған Айнұр мен Құралай ханымдардың тәлімінде соншама не жатыр? Алайда оны талдау мақаламыз­дың мақсаты емес. Дегенмен қазақтың жас-кәрісіне дейін осы екеудің ақылына зәру болуы ойландырады. Әрине, бұл алдымен «қазаққа психолог керек емес» деген пікірді жоққа шығарады. Рас, өзге елдерде алға озып кеткен психология ғылымы біздің елде кенжелеп болса да дамып келеді. Соңғы жылдары барлық мектептер осындай мамандармен толықтырылды.
Қаламызда, қарап отырсаңыз, арнаулы орталықтарда тегін қыз­мет көрсететін психологтар да бар. Олардың көбін үкіметтік емес ұйымдар ұстап отыр. Сонымен бірге жедел желі арқылы телефонмен психологиялық көмек беретін арналар да ашылды. Бірақ мұның бәрінің белгілі бір жағдайда өмірдің талқысына түсіп, басына бұлт үйірілгенде ғана көмегі бар. Атап айтсақ, отбасында зорлық-зомбылық көргендерге немесе көпбалалы аналарға отбасылық кеңес беруге келгенде ғана бара аласыз. Қаланың бірнеше емханаларында отырған психиатр мамандардың кабинетін бұл қызметке жатқызып отырған жоқпыз. Ол жерге патологиялық белгілерімен барады. Енді бұл санатқа жатпайтындар не істейді?
Бүгінде қыз бен бозбала атанып, жаңа өмірдің белесіне аттағандарға, отау құрып, өмір жолын енді бастаған жастарға ақыл беретін адам керек. Орта жастан асып, артына қарайлап таусылғандарға, одан қалды зейнеттік жас келіп, енді не істеймін деп тосылғандарға да ақылмандар қажет. Жұмыссыздықтан жігері құм болғандарға да көмек берсе артығы болмас.
Ажырасу, адам өмірінің қалыпты тірлігінің күрт өзгеруін бастан кешіруде психологсыз оңай емес. Отбасы мүшелерінің келін мен ене, әке мен бала-немере арасындағы байланысты ұстап тұру, бала тәрбиесі, оның дамуындағы психикалық ерекшеліктер, оқудағы үлгерімі де психолог араласпай бітпейтін болды. Жақынының қазасы да адам жанын күйретіп кетеді. Депрессия, фобиялар, төтенше жағдайда қарапайым жол апатына түскен адамға да медициналық көмекпен бірге психологиялық көмек керек. Әрқайсысымыз кейде психоэмоционалдық ахуалымызға баға бере алмай қаламыз.
Расында, бір ортада өмір сүріп жатқан, айналасының бәрі жанашыры әрі әр ісін қадағалап отыратын жақыны жанынан табылатын ауылдарда мұндай ақылға зәрулер табыла қоймас. Бірақ үлкен қаланың өзіндік проблемалары жеткілікті. Ұшан-теңіз ақпараттық кеңістік, қорқыныш, ертеңгі күнге сенімнен қалу, дұрыс таңдау жасай алмай дағдарған мегаполис тұрғындарына аяусыз қарайды.
Олардың алды Құралай ханым мен Айнұр апасын іздесе кінәламауымыз керек. Олардың қазақ тілінде қазақы менталитетіне сай ақылын беріп, өнегесін көрсетуі құптарлық та. Бірақ кемшін кеткен жерін жоғарыда көрсеттік. Оның шешімі кімнің қолында?
Айтпақшы, бұл мәселе тек бізде ғана емес, Мәскеуде де бар екен. Солардың соңғы әлеуметтік сауалнамаларына сүйенсек, мәскеуліктердің 10 пайызы ғана өздерін бақытты сезінеді. 40 пайызының жүйкесі жұқарып, аурудың шегіне жетіп қалған. 15 пайызына шұғыл психологиялық көмек қажет.
Біздің қаланың тұрғындарына мұндай сауалнама жүргізілді ме, жоқ па, білмеймін. Дегенмен былтырғы көшеге шыққан көпбалалы аналардың көбіне осындай көмек көрсеткеннің артығы болмас еді. Жарайды, болары болды. Енді не істейміз? Тұрмыс қос бүйірінен қысып, тығырыққа тірелгендер қайда барады?
Тағы да мәскеуліктердің тәжі­рибесіне назар аударайық. Мұнда тұрғындарға тегін психологиялық көмек көрсету қызметі ашылыпты. Білікті маман-психологтар ауыр эмоциялық соққы алып, күйзеліске түскеннен кейін де медициналық-психологиялық оңалту жүргізеді және осындай қиындықты басынан өткізгендердің туыстарын да ізгі көмектен шет қалдырмайды. Сонымен бірге арнайы стреске қарсы құралдармен жабдықталған жайда дәрі-дәрмексіз-ақ, физикалық әрі психикалық халін жақсартып, қалпына келтіреді. Жаңа технология бұл жерге де жеткен, адамның бұлшық еттері мен сезім органдарына тікелей әсер етіп, күйзелістен шығаруды жеңілдетіп, ұйқысыздық пен мазасыздықтан арылтады.
«Стреске қарсы бөлмелер» не үшін қажет? Мәскеулік мамандар оны былайша түсіндіреді. Қатты түтігіп, күйзелісі дендеп кеткен адамды бірден сабасына түсіру оңай емес. Алдымен адамның көңіл күйін қалпына келтіріп, сосын барып осы күйге жеткізген жайтты сұрап-біліп, сонан соң ғана себебін іздейді. Яғни қазіргі күйзелістің де табиғаты бөлек, жайы күрделі екен.
Ендігі бар үміт – әкімдікте. Мәскеу тәжірибесіне сүйене отырып, осындай тегін көмек орындарын ашса, онда білікті мамандар отырса, ақылды ханымдардың кеңесіне мұқтаж бола қоймас едік.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 3 =