«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Протездік-ортопедиялық көмек қолжетімді

0 118

Елордада протездік-ортопедиялық көмекті қажет ететін мүгедек жандар енді басқа ел немесе өңірге бармай-ақ, бұл қызметті толығымен бір жерден алады. Бұл іске Нұр-Сұлтан қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы «Kazecotech ғылыми-техникалық кәсіпорны» ЖШС-мен қауіпті қалдықтарды басқаруға мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шартын жасау арқылы мұрындық болды.

ортопед

Аталған Басқарма ұсынысымен жоба аясында модульді цех құрылып, Нұр-Сұлтан қаласында протездік-ортопедиялық көмек көрсету орталығын құруға алғашқы қадам жасалды. Соның көмегімен елордада тұратын мүгедектігі бар жандар басқа өңірлерге бармай-ақ толыққанды қызметті бір жерден алады. Технологиялық процесс барысында арматуралау әдісімен мықтау материалдары және т.б. қалдықтарды қайта өңдеу арқылы алынатын бағалы қайталама материалдық ресурстар қолданылады.

– Жоба бірінші кезекте экологиялық тиімділікке, қауіпті заттардың ауаға тасталуына жол бермеуге бағытталған. Елорда әкімдігінің қолдауымен протездік-ортопедиялық бұйымдар мен бейімдеу техникалық құралдары саласындағы әлемдік көшбасшы – немістің Ottobock (Германия) концернімен келіссөздер жүргіздік. Олардың бұл жобаға қолдау білдіріп, белсенді қатысуына шешім қабылданған. Жұмыс нәтижесі көп күттірмеді, бізге келген алғашқы пациенттер тура және жанама мағынасында «аяқтан тұрып», қалыпты өмірге оралуда. Енді ортопедиялық көмек көрсетуден ottobock бойынша ең үздік әлемдік сападағы протездер Қазақстанның астанасында да бар, – дейді «Kazecotech ғылыми-техникалық кәсіпорны» ЖШС бас директоры Владимир Андреев. Бір айта кетерлігі, протездер барлық мүгедектерге бірдей қалыпта шығарылмайды. Әр адамға бөлек, оның дене мүшелерінің ерекшеліктеріне қарай жеке-жеке жасалады. Жоба аясында олардың жаңа протезбен жүруіне бейімделу шаралары да қарастырылған.

Нұр-Сұлтан қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы қатты тұрмыстық қалдықтарды реттеу бөлімінің бас маманы Сағыныш Сағынтаевтың айтуынша, Қазақстанда 90 мыңнан астам мүгедек бала бар. Ал ересектер арасындағы мүгедектігі бар адамдар саны 700 мыңнан асады. Олардың 20 мыңнан астамы елордада тұрады. Елорда әкімдігі мен жеке серіктестік арасындағы осы әлеуметтік жоба аясында бас қалада адамның қозғалыс функциясын қалпына келтіруге арналған кешенді қызмет көрсету кластері құрылмақ.

– Осы серіктестік арқылы елімізде кезең-кезеңімен отандық құрамдас өнімдер өндіру жолға қойылмақ. Сонымен қатар мүгедек жандар сапалы, бионикалық өнімдермен қамтамасыз етіліп, толыққанды өмірге оралады. Сондай-ақ протездік-ортопедиялық салада ғылыми-зерттеу жолымен жаңалықтар енгізіліп, оларды кейін коммерцияландыру мүмкіндігі де қарастырылады, – дейді бас маман.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды