Президенттік саябақ жаңғыртуды қажет етеді

0 35

Елорданың Алматы, Сарыарқа және Есіл аудандарының әкімдіктері өткен жылы әртүрлі жұмыстарға бөлінген бюджет қаржысын толық көлемде игерді. Ал Байқоңыр ауданында бұл көрсеткіш 99,8 пайызды құрады.Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік, сонымен қатар әлеуметтік-мәдени дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында осыны мәлімдеген қалалық Қаржы басқармасының басшысы Әліби Жұмаев былтырғы бюджеттің атқарылуы туралы есеп берді.
Аудандар аумағында тазалықты сақтауға, абаттандыру мен көгалдандыруға, жарықтандыруға жыл сайын бюджеттен қаржы қарастырылады. Өткен жылы Есіл ауданы әкімдігіне осы жұмыстарға 12 миллиард теңгеден астам бөлінді. Басқа аудандармен салыстырғанда, бұл – көп қаражат. Мәселен, Алматы ауданына 9 миллиард теңгеден аса бағытталса, Сарыарқа мен Байқоңырға сәйкесінше 7 миллиард пен 5 миллиард бөлінген.
– Аудандар көгалдандыру жұмыстарына бағытталған қаржыны 100 пайыз игергенін көріп отырмыз. Бұл өте қомақты қаржы екен. Бірақ қаланы аралағанда қурап қалған ағаштарды жиі көреміз. Бюджет қаржысын қалай болса солай шашуға болмайды. Бұған үлкен жауапкершілікпен келу керек. Осыған қатысты ревизия жүргізіле ме? Жасыл желек отырғызылғанда тиісті талаптар сақталмаса, суару жүйесі болмаса, жазаланатындар бар ма? Мәселен, мәслихат депутаттары бір емес, екі рет емес, бірнеше мәрте Президенттік саябақ мәселесін көтердік. Саябақты шөп басып кеткен. Ағаштар қураған. Онда тазалық жұмыстарын да ешкім жүргізбейді. Осы нысан қай аудан арқылы қаржыландырылады? Жасыл желекті паспорттауды ұсынсақ та, әлі күнге дейін бұл іс қолға алынбаған. Әрине, осыдан кейін қандай күтім болады? – деген сауалдарды жолдады қалалық мәслихат депутаты Рамзия Өмірбаева.
Бұл сұрақтарға Алматы ауданы әкімінің орынбасары Тынысбек Арашапов жауап берді. Оның айтуынша, ағаштарды аудандардың әкімдіктері ғана емес, қала басқармалары да егіп жатады. Ал аудандар ағаш отырғызған соң, әрі қарай бұған ПИК-тер жауап береді.
– Жасыл желекті отырғызу талаптары сақталады. Мәселе олардың күтіп-ұстауында болып отыр. Отырғызылғаннан кейін ағаштар қараусыз қалып жатады, ешкім оларды суармайды. Бізде суару жүйесі жоқ. Бұл – ең үлкен проблемамыздың бірі. Ал жасыл желекті паспорттауды аудан әкімдіктері жасай алмайды. Бұл іс – қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының құзырында. Бүкіл қала бойынша аталмыш құжатты осы басқарма әзірлеуі керек, – деді Т.Арашапов.
Президенттік саябақ Алматы ауданының әкімдігіне қарайды. Аудан әкімі орынбасарының сөзінше, әкімдік өз мүмкіндігіне сай тиісті жұмыстарды қолға алған. Саябақты жаңғырту жобасы жасалуы керек. Себебі ондағы субұрқақ, суару жүйесі әбден тозған.
– Бастапқыда саябақтың құры­лыс жобасы аяқталмаған. Онда веложол да салынған. Қазір бұл жолдарды да жаңарту қажет, – деді Т.Арашапов.
Отырыста аудандар әкімдіктерімен қатар Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, Білім, Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту, Қоғамдық денсаулық сақтау, Мәдениет және спорт, Тілдерді дамыту және архив ісі, Стратегия­лық және бюджеттік жоспарлау, Қаржы, Активтер және мемлекеттік сатып алулар басқармаларының, Тексеру комиссиясының өткен жылғы бюджеттері туралы да есебі тыңдалды. Қаржы басқармасының басшысы Әліби Жұмаевтың айтуынша, бюджет қаражатын игермеген тиісті басқармалардың қызметкерлері жауапқа тартылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 − seven =