Жақсы өзгеріс жасауға ынта-ықылас керек

0 89

Кеше елорда әкімі Алтай Көлгінов Президенттік жастар кадр резервінің бір топ мүшесімен кездесті.Жиын барысында сөз алған қала басшысы жастарды осынау жауапты іріктеуден өтуімен құттықтай келе:
– Президенттік жастар кадр резервін құрудағы басты мақсат – халықтың үніне құлақ асатын, бұқарамен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін, дер кезінде әділетті әрі тиімді шешім қабылдай білетін аппарат қалыптастыру екені өздеріңізге жақсы белгілі. Осылайша мемлекетті басқарудың жаңа моделіне ұмтылуымыз керек. Бұл орайда жақсы өзгеріс жасауға ынта-ықылас танытып, ел игілігі үшін адал қызмет етуге ниет танытуларыңыз мені қатты қуантады. Аталған байқауға өтініш білдірген 13 мың адамның ішінен іріктеліп алынған 300 жастың арасында болуларыңыздың өзі – жұртшылық сенімін арқалай алатын азамат екендіктеріңіздің дәлелі, – деді.
Кездесуге жиналған жиырма шақты маманның арасынан Нұр-Сұлтан қаласының түрлі саласында жұмыс істеп жүрген қыз-жігіттерді табуға болады. Мәселен, солардың бірі Ұлыбек Киманов он жылдан бері қалалық даму саласында еңбек етіп келеді. Кәсіби жолын «Астана Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалық институтында бастаған ол кейін бірқатар күрделі құрылыс нысанында, атап айтсақ, Назарбаев университеті мен Talan Towers кешені ғимараттарын салуда тәжірибесін шыңдаған. «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша АҚШ-тың Аризона мемлекеттік университетінде білім алып қайтқан Ұлыбек бүгінде коммерциялық жылжымайтын мүлікті басқару саласында қызмет атқаруда.
– Мен өзімді проблемаларға көз жұма қарамайтын белсенді астаналық тұрғын ретінде санаймын. Қателеспесем, 2011 жылдан бері әкімдіктің сайтында «Халықтық бақылау» атты баған бар. Сол шақтың өзінде мен онда өзім куә болған көкейкесті мәселелер туралы хаттар жазатынмын. Меніңше, бұл – қоғамның жақсаруын қалайтын, оның келешегіне селқос қарамайтын әр азаматтың ісі. Негізі, Президенттік кадр резервіне қабылдануға өтініш білдіруімдегі ең басты ойым да осы еді. Аталған құрамда болу арқылы мен қоғамның сәл болса да жақсы жаққа қарай өзгеруіне атсалысқым келеді, – дейді Ұлыбек.
Ал Президенттік резервке қабылданудың қаншалықты қиын болғаны жайлы сұраққа ол:
– Қиын не оңай болды деп айтуға болмас. Өйткені бұл – дайындалып, билет сұрағына жауап беретін емтихан емес. Алғашқы кезең математика және вербалды ақпаратты қабылдау бойынша тестілеуден тұрды. Екінші сатыда берілген тақырыптарға байланысты эссе жаздық, сондай-ақ қаладағы мәселелер бойынша өз жобамыз мен идеямызды таныстырдық. Ал үшінші тур біздің потенциалымызды бағалауға арналды. Мұнда бізге күнделікті өмірден мысалдар ұсынылды, сол арқылы проблеманы шешу, командамен тіл табысу, көшбасшылық секілді қабілеттерімізді байқады. Яғни мұның бәріне алдын ала әзірлену мүмкін емес-ті, – деп жауап берді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 − 4 =