ПРЕЗИДЕНТ СЕНІМ ГРАМОТАЛАРЫН ҚАБЫЛДАДЫ

0 98

верительных грамот

Осы аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа төтенше және өкілетті елшілер – Малайзиядан Хидайат Абдул Хамид, Эстония Республикасынан Яан Рейнхольд, Ливиядан Салим Абдурахман әл-Суейти, Иран Ислам Республикасынан Можтаба Дамирчилу, Тәжікстаннан Назирмад Ализода, Канададан Шон Стайл сенім грамоталарын тапсырды. Өз кезегінде Президент елшілерді біздің елдегі дипломатиялық қызметтерінің басталуымен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан аталмыш елдердің барлығымен маңызды серіктестік орнатқан. Мәселен, Тәжікстан экономикасына салынған қазақстандық инвестиция бүгінде 125 миллион доллардан асады әрі бұл елде қазақстандық 40 шақты кәсіпорын жұмыс істейді. Президент алдағы уақытта өзара сауда көлемін ұлғайтып, ынтымақтастық аясын кеңейтуге күш салу қажеттігін де атап өтті.

Ал, Қазақстанның Иранмен саяси-экономикалық байланыстары жылдан жылға нығайып келе жатқанын айтқанымыз жөн. «Биыл іске қосу жоспарланған Қазақстан –Түрікменстан – Иран жаңа теміржолы – соның айғағы. Бұл бағыт жалпы өңірдегі сауда-экономикалық ынтымақтастыққа серпін береді. Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі ахуалды тездетіп реттеу өңірдегі тыныштық пен ынтымақтастық үшін аса маңызды.

Біз араағайын «алтылық» пен Иран арасындағы келіссөздердің екі раундын Алматыда өткізу арқылы бұл үдеріске өз үлесімізді қостық. Баршаны қанағаттандыратын ұзақ мерзімді келісімге таяу уақытта қол жеткізіледі деп үміттенеміз. Біз келесі айда президент Хасан Руханидың Қазақстанға тұңғыш ресми сапарын күтіп отырмыз. Бұл сапар екіжақты байланыстарды жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді» дейді Мемлекет басшысы.

Елбасыға сенім грамотасын тапсырған елдердің бірі – Малайзия. Аталмыш ел – бүкіл мұсылман әлеміндегі сенімді саяси әрі сау­да серіктесіміз. Мемлекет басшысы премьер-министр Наджиб Ра­зак­тың таяуда өткен ресми сапары эко­номикалық ынтымақтастық аясын кеңейте түскенін алға тартты. Өйт­­кені, осы сапардың нәтижесінде жалпы құны 1 миллиард доллардан асатын келісімшарттар жасалған.

Мемлекет басшысы сонымен қатар Канада, Эстония және Ливия елдерімен де жан-жақты ынты­мақ­тастықты дамыту Қазақ­стан үшін маңызды екенін алға тартты.

– Біз әлемдегі ең дамыған 30 ел­дің қатарына кіруді көздеп отыр­мыз және бұған қажетті барлық ша­раны қабылдаймыз. Бұл мақсатқа жету үшін қажетті басты бағдар мен нақты міндеттер «Қазақ­стан-2050» стратегиясында ай­қын­далды. Ол біздің еліміздің бар­­лық сыртқы саяси серіктес­те­рі­­мен өзара тиімді байланыс­тарды нығайтуға бағытталған, – дей келе Елбасы елімізде шетелдік ин­весторларға бірегей мүмкін­дік­тер ұсынылатынын, 2017 жылы Ас­танада «Болашақтың энергиясы» тақырыбына арналған халық­аралық мамандандырылған

«ЭКСПО» көрмесі өтетінін, сондай-ақ өңірлік және жаһандық деңгейдегі өзекті мәселелерді шешуге белсенді қатысуды көздей­тінін атап өтті.

Гүлмира Аймағанбет

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + four =