Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: Абай – бірлігі жарасқан жұрт болу идеясының жақтаушысы

0 17

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт ойшылы Абай ақынның рухына тағзым ету үшін қасиетті Семей өңіріне барды. Мемлекет басшысы алдымен Абай музейін аралап, «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты. Көркем де ерекше ескерткіштің лентасы салтанатты түрде қиылып, Мемлекет басшысы гүл шоқтарын қойып, жиылған қауым алдында сөз сөйледі.АБАЙ – БІЗДІҢ ҒАНА МАҚТАНЫШЫМЫЗ ЕМЕС, ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ КЕМЕҢГЕР

– Құрметті қауым! Ардақты ағайын! Хакім Абайды біртұтас ұлт болып ұлықтау – біздің перзенттік парызымыз. Ұлы ақынның рухына тағзым ету үшін мен осы қасиетті топыраққа арнайы келдім. Қала тұрғындарын және бүкіл елімізді Абай мен оның ұрпақтарына арналған жаңа ескерткіштің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – біртуар ғұлама ойшылымызға деген зор құрметтің белгісі. Ұлы Абай – біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол – қазақтың жан-дүниесінің тұңғиығына бойлаған дара тұлға. Оның өлеңдері мен қара сөздері – ұлттық болмысымыздың айнасы.
Абай жаңа әдебиеті­міздің негізін қалаған ақын ретінде ел тарихында айрықша із қалдырды. Оның еңбектері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтқан емес. Әлі күнге дейін баршамызға рухани азық болып келеді.
Ақынның ғибратты ғұмыры мен мол мұрасы – халқымыздың және жаһан жұртының асыл қазынасы. Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы. Ұлы ойшыл жастарды білім мен ғылымды игеруге, өнер мен тілді үйренуге, маңдай термен мал табуға шақырды.
Ақын айтқан бес асыл іс: Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым – ұлт үшін ауадай қажет қасиеттер. Біз дамуды тежейтін бес дұшпаннан арылып, елдік мүдде жолында еңбек етсек қана қоғамдық сананы жаңғыртамыз.
Біз Абай аманатына адал болуымыз керек. «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесінің берік орнығуы осыған байланысты. Ол үшін бүгінгі буын Абай мұрасынан нәр алып, рухани кемелденуі қажет. Мына еңселі ескерткіш жас ұрпаққа тағылымды ой салуға тиіс.
Абай және оның сөзі мен ісін жалғаған парасатты перзенттері Ақылбай мен Турағұл – елге үлгі болған тұлғалар.
Мұнда ұрпақ сабақтас­тығы, әке мен баланың сыйластығы бейнеленген. Бұл – Құнанбай қажы әулетінің тектілігін танытатын туынды.
Абай шаңырағының тағылымы – ұлт ұлағатының көрінісі. Жалпы, тәлім-тәрбие ұлт сапасын қалып­тастыратын басты фактордың бірі болуы керек!
Құрметті қауым! Біз биыл Абайдың 175 жылдық мерей­тойын атап өтуге ерекше мән бердік. Мемлекеттік және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар өткіздік. Ақын мұрасын насихаттауға, ұлағатты сөзін жас ұрпақтың санасына сіңіруге ден қойдық.
Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені жаңа талапқа сай жаңғыртылды. Ұлы ақынның рухына тағзым етуге келетін жұртшылыққа қолайлы жағдай жасалды. Біз мерейтой кезінде ысырапшылдық пен даңғазалыққа жол берген жоқпыз. Абай айтқан мақтаншақтық, «бекер мал шашпақты» тыюдың бір жолы осы деп санаймын.
Ұлы ойшылдың мұрасы – еліміздің одан әрі өсіп-
өркендеуіне жол ашатын баға жетпес құндылық. Абайдың асқақ рухы ұлы мұраттарға жетелей берсін, – деді Президент ­Қасым-­Жомарт Тоқаев.ҚАЙТА ТҮЛЕГЕН ТҰҢҒЫШ МҰРАЖАЙ

Мемлекет басшысы ескерткіштің ашылу салтанатынан кейін Абайдың «Жидебай-Бөрлі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалды қорық-мұражайын аралап көрді. Мұражай 1940 жылы ақынның туғанына 95 жыл толуына орай ашылған. Бұл Қазақстан тарихында тұңғыш әдеби-мемориалды мұражай саналады. Президент осындағы құнды жәдігерлермен, заманауи үлгіде жабдықталған мультимедиалық залдың жұмысымен танысты.
Ойшылдың 175 жылдық мерейтойына орай музей залдары қайта жөнделіп, ғимараттың қасбеті мен аумағы жаңартылған. «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткіші де дәл осы мұражай аумағында бой көтерді. Президентке мұражайдағы жаңа экспозициялар ұсынылды. Енді музейге келушілер экспонаттарды көріп қана қоймай, заманауи құрал-жабдықтардың көмегімен Абай өмір сүрген заманның рухын сезініп, ұлттық аспаптардың үнін тыңдай алады. Қасым-
Жомарт Тоқаев мультимедиалық залдың жұмысына оң баға берді.
Сонымен қатар Қазақ­стан Президентіне «Ақынның балалық шағы», «Ақынның қалып­тасуы», «Ақынның шығармашылығы», «Абайдың поэзиялық мектебі», «Отбасы», «Қара сөздер» залдарындағы жәдігерлер таныстырылып, ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығы жайында жан-жақты мәлімет берілді. «Ақынның отбасы» залында Абай Құнанбайұлының ұрпағы Айдос Ақылбаевпен жүздесті.
Салтанатты іс-шара соңында зиялы қауым өкілдері атынан сөз алған Семей қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақов Семей қаласындағы әлеуметтік-­экономикалық және мәдени саладағы оң өзгерістерге тоқталып, Президентке ризашылығын білдірді. Бұдан соң Қазақстан Президенті мәдени-спорт кешеніндегі көрмені тамашалады. Мемлекет басшысына Абайдың сирек кездесетін кітаптары, «Абай әлемі» сериясы бойынша шыққан кітаптар мен филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы ­Мекемтас Мырзахметұлының ақын шығармашылығына арналған көптомдығы ұсынылды.

ТОЙ ТОЙЛАУДЫ ЕМЕС, ТАҒЫЛЫМ АЛУДЫ МАҚСАТ ЕТТІК

Қасым-Жомарт Тоқаев  «Ұлы Дала алтыны» археологиялық көрмесін аралап көргеннен кейін абайтанушы ғалымдармен кездесті. Президент ұлт зиялылары­мен қасиетті топырақта, тарихи маңызы зор Семейдің төрінде жүздесіп отырғанына қуанышты екенін жеткізді. Абайдың 175 жылдық мерей­тойы әлемдік пандемияға тап келсе де, ұлы баба рухы алдындағы перзенттік парызды адал атқару үшін күш салғанымызды атап өтті. Кездесуде бұл мерейтойдан той тойлауды емес, тағылым алуды мақсат еткенімізді баса айтты.
– Биылдан бастап 10 тамыз «Абай күні» деп бекітіліп, мерекелер қатарына қосылды. Ақынның еңбектері он тілге аударылып, әлемнің беделді кітапханаларына жіберілді. Шетелдегі елшіліктеріміздің жанынан Абай орталықтары ашылды. Бірақ бұл тек алғашқы қадам ғана, келешекте мүмкіндікке қарай Абай институттарын ашамыз деп ойлаймын.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Абай академиясы құрылды. Бұдан былай академия ақын шығармашылығын жүйелі зерттеу­мен айналысады. «Абай» телеарнасы өз жұмысын бастады. Жоғары оқу орындарында «Абайтану» курсын оқыту қолға алынды. Қазақ қоғамында өзіндік орны бар Семей қаласы «тарихи орталық» ретінде белгіленді. Осындай игі шаралар ұлы ойшылдың баға жетпес мұрасын жас ұрпақтың санасына сіңіру үшін жасалды. Бүкіл түркі әлемінде Абай философиясын дәріптеу ісінде айтарлықтай табысқа қол жеткіздік, – деді Президент.
Қасым-Жомарт ­Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаевтың жақында жарық көрген «Абай аманаты» атты мақаласындағы «Ұлы ақын елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығына айналды» деген сөзіне ерекше тоқталып өтті. Сондықтан әдебиетіміз­дің әлемге танымал алыбын бүкіл халық болып ұлықтау мемлекетіміздің мерейін арттыратынын сөз етті. Ұлы ойшылдың асыл мұрасын ардақтау және жан-жақты дәріптеу – баршамыздың міндетіміз екенін, оның әр сөзіне жете мән беріп, астарына үңіліп, парасат-пайымына бойлай білу қажеттігін жеткізді.
– Абай – мемлекет ісінің мүдделесі, бірлігі жарасқан жұрт болу идея­сының жақтаушысы. Ол өз шығармалары арқылы ел еңсесін тіктеуге зор үлес қосты. Ұлы ақын ұлтты ұйыстырып, әділетті қоғам құруға үндейді. Біз ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы дәл осы ұстаныммен сабақтас. Түйткілді мәселені мемлекет пен қоғам өкілдерінің бірлесе талқылауы – өркениетті қоғамның белгісі. Мұндай пікір алмасу халықтың билікке деген сенімін арттырады, тұрақтылықты нығайтады. Билік пен бұқараны жақындастыратын осы идеяның бастауында ұлы Абай тұр деп сеніммен айта аламыз, – деді ­Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру туралы айт­қанын, мұның стратегия­лық маңызы бар міндет, кезек күттірмейтін мәселе екенін айта келе, ұлтымыз бен жұртымыздың жаңа болмысын қалыптастыру үшін бізге Абайдан асқан ақылшы жоқ екенін де еске салды.
– Осынау жолда ақын мұрасын зерделеу арқылы әрекет етсек, берекет табатынымыз анық. Біз іздеген барлық сұрақтың жауабы хакім Абайдың өлмес өлеңінде, салиқалы сөзінде тұр. Ұлы ойшылдың «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өсие­ті – соның айқын дәлелі. Абай аңсаған қоғам – ойы озық, санасы сергек «толық адамның» толыққанды қоғамы. «Толық адам» дегеніміз – бұл сол замандағы инновациялық философия үрдісі. Турасын айтсақ, Абай өз заманынан озып шықты деген сөз. Себебі орыс тілінде «Цельная натура» я болмаса ағылшын тілінде «A person of integrity» деген түсініктер әлдеқайда кеш пайда болды. Біз ақын мұрасына және зиялылардың әлеуетіне сүйеніп, осындай қоғам орнатуымыз керек. Ол қоғамның ұлттық идеясы білім мен ілімге жетелейтін ағартушылық ұстаным болуға тиіс, – деді Президент.
АБАЙ МЕКТЕПТЕРІН АШУ ТУРАЛЫ ОЙЛАНУЫМЫЗ КЕРЕК

Мемлекет басшысы биылғы мерейтой кезінде елге ой салатын, тағылымы мол нақты шаралар атқарылғанын, бұл үрдіс Абай жылынан кейін де жалғаса беретінін атап өтті. Сондай-ақ ұлы Абайдың тұлғасын шетел жұртшылығына кең ауқымда таныту жобасы бойынша ақынның шығармалары ағылшын, испан, араб, түрік, қытай, неміс, итальян, француз және жапон тілдеріне аударылды. Президент бұл аудармалардың көркемдік сапасы өте жоғары деп санайтынын айтты.
– Абай шығармаларын әлемде кең тараған тілдерге аударып, басу – бірегей халықаралық жоба. Бұл жаһанға қазақ мәдениетінің жаңа қырын танытып, әлемдегі барша оқырмандарға Абай шығармашылығымен, терең философиясымен және теңдессіз лирикасымен танысуға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев зиялы қауым өкілдерінің қоғамдағы рөлі мен орнына тоқталып, олардың қашанда ұлттық құндылықтарды бәрінен биік қоятынын, әрдайым мәртебелі миссия атқарып келе жатқанын ерекше атап өтті.
– Өткен ғасырдың 60-жылдарында қаламгерлер ұлттың рухын көтерді. Ұлт жазушылары жылымық кезеңде ел мүддесімен өзектес шығармаларды өмірге әкелді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында зиялылар халықты береке-­бірлікке шақырды. Олар ұлт мұрасын түгендеп, тарихымызды жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосты. Зиялы қауым жас мемлекеттің шежіресін жасап, бүгінгі ұрпақтың санасына сіңірді. Енді олардың қазіргі кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидатын қалыптастыру, ұлт сапасын арттыруға атсалысу, – деді Президент.
Осы ретте гуманитарлық саланы дамытуды қолға алу керек екенін айтып, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиетін оқытуға және сапалы оқулық дайындау­ға баса мән беруіміз қажет екеніне тоқталды.
– Біз ана тіліміз бен төл әдебиетіміздің қадір-­қасиетін балаларға мектеп жасынан бастап сіңіруіміз керек. Бұл бағытта бірыңғай ұстаным қажет. Яғни, Алматыдағы Абай атындағы мектеп-интернатының мүмкіндіктерін толық пайдаланған жөн. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын бұл мектептің оқу үдерісі басқа мектептерге үлгі болады деп ойлаймын. Оны заманауи талапқа сай жан-жақты жетілдіріп, «Абай мектебі» деп аталатын ең үздік білім ордасына айналдыру қажет. Жалпы, біз келешекте Абай мектептерін ашу туралы ойлануымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесу барысында ­Мекемтас Мырзахметұлы Абайдың «Толық адам ілімі» қалай пайда болғаны жөнінде әңгіме өрбітті. Сондай-ақ Тұрсын ­Жұртбай, Ғарифолла Есім, Борис Щербаков сынды ғалымдар мен абайтанушы жастар да сөз сөйледі.
Кездесу соңында
Қасым-Жомарт Тоқаев абайтануға айтулы еңбек сіңірген, отандық ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірқатар азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Жұмыс сапары барысында Қасым-Жомарт
Тоқаев Жидебайға бұ­рылып, «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені мен ақынның мұражай-үйінде атқарылған шаруалармен танысты.

АУҚЫМДЫ ЖҰМЫС­ТАР АТҚАРЫЛҒАН

Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы аясында мемориалдық кешен мен Абайдың мұражай-үйі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай қайта жаңғыртылған. Кіреберісінен басталатын жаяу жүргіншілердің жолынан бастап кешеннің үстіне шығаратын жолға дейін гранит тас төселген. 200-ге жуық шырша көшеттері егіліп, амфитеатрдың төбесі күмбезделген. Кіреберіс алаңға үлкен конструкциялық жобалар жасалған. Қазақстан Президенті атқарылған жұмыс­тарға оң бағасын беріп, мемориалдық кешен мен мұражай-үйіне естелікке кітаптар сыйлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев қайта жаңғыртудан өткен «Сапар орталығын» аралап көріп, зияратшыларға қызмет көрсету орнының жұмысын жоғары бағалады.
Жалпы, биылғы мерейтойға орай Абай ауданында ауқымды жұмыс атқарылған. Оның ішінде ақынның кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлақта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кіреберіс жолына асфальт төселген. Абай су ішкен бұлақтың басы толығымен абаттандырылып, шырша, шынар ағаштары отырғызылып, ақынның 45 қара сөзі жазылған мәрмәр тастар қойылған. «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деген стелла тұрғызылған.
Ерекше атап өтерлігі, Құнанбай мен оның әулеті жерленген Ақшоқы қорымының аумағы кеңейтіліп, толығымен абаттандырылды. Елімізде тұңғыш рет ұлы Абайдың кемеңгер әкесі Құнанбайға арнап, оның өмірі мен қайраткерлік қызметін дәріптейтін Құнанбай музейі салынды. Музей іші заман талабына сай жабдықталған, конференция және экспозициялық залдармен жасақталған. Музейдің экспозициялық залына ұлылар мекенінің тарихынан, өнері мен мәдениетінен, тұрмыс-салтынан сыр шертетін құнды жәдігерлер, бағалы бұйымдар, тұрмыстық заттар қойылған.
Жыл көлемінде Семей мен Абай ауданында ауыз толтырып айтарлықтай қыруар шаруа атқарылған. Мемлекет басшысы атап өткеніндей, ысырапшылдық пен даңғазалыққа жол берілген жоқ. Ең бастысы, республика көлемінде Абай жылы аясында көптеген тағылымды шаралар
ұйымдастырылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × three =