Президент пәрмен берді

0 128

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкент қаласының маңында әскери-көлік ұшағының апатқа ұшырауына байланысты мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшыларымен кеңес өткізді.

Кеңеске Премьер-Министр С.Ахметов, Президенттің көмек­шісі-Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы М.Тәжин, Бас прокурор А.Дауылбаев, Қорғаныс министрі Ә.Жақсыбеков, Ішкі істер министрі Қ.Қасымов, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары В.Жұмақанов қатысты.

Мемлекет басшысы 25 желтоқ­санда 18 сағат 55 минутта Шымкент қаласының аумағында бортында шекарашылар болған әскери-көлік ұшағы апатқа ұшырағанын айтып өтті.

– Экипаждың жеті мүшесі, жиырма офицер қайтыс болды. Арнайы ведомствоаралық комиссия құрылды. Бас прокуратура қылмыстық іс қозғады, тергеу жүргізілуде. Ме­нің нұсқауым бойынша, барлық ұйымдастыру мәселелерін анықтау үшін апат орнына ҰҚК төрағасы ұшып барды. Бұл – үлкен қайғы, мен қайтыс болғандардың барлық жақындары мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті әуе апа­тының барлық жай-жапсары жан-жақты зерттелетінін атап өтті.

– Қызметтік тексеріс жүргізу үшін арнайы топ құрылды. «Қара» жәшікті ашқаннан кейін біз қайғылы оқиғаның мән-жайын толық білетін боламыз. Алдын ала мәліметтер бойынша, ешқандай жат ниетті сыртқы әсерлер болмаған деп айтуымызға болады. Бұл түрлі жағдайлардың салдары деп есептеймін. Сол күні Шымкент маңында ауа-райы өте құбылмалы болды, соған қарамастан экипаж ұшақты қондыруға тырысқан. Қаладан 40 шақырым маңда ұшақ радардан жоғалып кеткен. Ұш­қыш тәжірибелі еді, ұшақ жарамды жағдайда болған, жоспарлы жөндеуден өткізілген. Дегенмен оқиғаның барлық мән-жайы апатқа ұшырау себептері біз жүргізіп отырған толық тексерістен кейін нақты белгілі болады, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермес үшін шаралар қабылдау қажеттігіне тоқталды.

– Адамдар қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапты. Бұл – үлкен қайғы. Бұл – бәріміз үшін ауыр сынақ. Бұл – бүкіл халқымыз үшін азалы кезең. Сондықтан мен 27 желтоқсанды жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым. Оқиғаның анық-қанығы болған жайға жан-жақты талдау жасалғаннан кейін жария етіледі. Өкінішке қарай, әлемде мұндай оқиғалар болып тұрады. Бірақ бұл бізді сонда да жұбатпауға тиіс. Біз елімізде мұндай жағдайлар болмас үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тиіспіз, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ кеңес барысында Мемлекет басшысы Үкіметке, тиіс­ті ведомстволарға қайтыс болған­дардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары В.Жұмақанов ведомство басшысы оқиға орнында жүргенін және қажетті ұйымдастырушылық іс-шараларды өткізіп жатқанын мәлімдеді.
– ҰҚК төрағасы қайтыс болған­дардың туыстарымен кездесті, «Оң­түстік» өңірлік басқармада кеңес өткізді. Қайтыс болған адамдардың орнына міндетті уақытша атқарушы адамдар тағайындалды. Қазіргі уақытта қандай да бір қаскүнемдік әрекет болғанын айғақтайтындай белгілер жоқ. Жалпы, шекара қызметі жоспарлы режімде жұмыс істеуде. Мемлекеттік шекара тиісінше қор­ғалуда, – деді В.Жұмақанов.

Бұдан бөлек, ол ҰҚК-да қайтыс болғандардың отбасыларымен жұмыс жүргізу және шекара қызметінің қайтыс болған офицерлерін жерлеуді ұйымдастыру үшін комиссия құрылғаны туралы хабардар етті.

Қорғаныс министрі Ә.Жақсыбеков авиациялық оқиғаға тексеру жүргізу ережелеріне сәйкес, ұшақтың апатқа ұшырау себептерін тексерумен айна­лысатын арнайы комиссия тағайындалғанын айтып өтті.

– Алдын ала тексеріс әуежай ауданында ауаның ылғалдылығы 97 пайыз, тұманды, температурасы – 1 гра­дус болғанын көрсетті, сондықтан мұз қатып қалуы да мүмкін. Сондай-ақ ұшақтың қалыпты қонуына кедергі келтірген ауа-райының қолайсыз жағдайын көрсететін бірқатар өзге де фактілер бар, – деді Ә.Жақсыбеков.
Бас прокурор А.Дауылбаев құ­рыл­ған жедел тергеу тобына про­куратураның, ұлттық қауіпсіздік органдарының және ІІМ әскери-тергеу бөлімшелерінің таңдаулы тергеушілері енгенін мәлімдеді.

– Біз әскери-көлік ұшағының ұшу орны мен орналасу орнын қоса алғанда, осы техникаға жүргізілген жөндеу жұмыстарына байланысты барлық құжаттарын алдық. «Қара» жәшік табылды, тиісті сарап­тама жүргізілуде, оқиға болған орын тек­серілуде. Біз әскери-көлік ұшағының апатқа ұшырауына әкеліп соққан нақты себептерді анықтаймыз, – деді А.Дауылбаев.

Гүлмира Аймағанбет

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two + eleven =