Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ӘРАЛУАНДЫҒЫМЫЗ-БАЙЛЫҒЫМЫЗҒА, БІРЛІГІМІЗ-ТАБЫСЫМЫЗҒА АЙНАЛДЫ

0 141

«Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХV құрылтайы өтті. Оған партияның барлық өңірлік филиалдарынан келген 1200-ге жуық делегат, үкіметтік емес және жастар ұйымдары, дипломатиялық корпус өкілдері, мемлекеттік органдар мен ұлттық холдингтер басшылары, мәдениет және спорт қайраткерлері қатысты.

«Нұр Отан» дамудың дара жолына бастайды
Құрылтайда сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясының төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев:
– Бүгінгі басқосудың орны айрықша. Өткен 15 жыл­дың қорытындысын шыға­ру тұрғысынан және бола­шақ бағдар тұр­ғысынан да бөлек­ше күн. Бұл – еліміз «Қазақ­стан 2050» стратегиясын қабыл­дағаннан бергі партиямыздың алғашқы басқосуы. Біз алыс болашаққа көз тігіп, алдымызға биік межелер белгіледік. Қандай мақсатқа қай жолмен жететінімізді нақтылап, оны жүзеге асыруға кірістік. Еліміздің стратегия­сын қалай іске асыруымыз керек, соны ойластырамыз. Оны мүлтіксіз жүзеге асырып, Қа­зақ елін дамудың дара жолына бас­тау елдегі ең қуатты саяси күш – «Нұр Отанға» жүктеліп отыр, – деп атап өтті.
Партия қысқа мерзім ішінде көптеген жетістіктерге жетіп, ел сеніміне ие болғанына тоқталған Мемлекет басшысы осыдан 14 жыл бұрын партияның алғашқы съезіне небәрі 400-ге жуық делегат қатысқанын, содан кейінгі аз уақытта«Нұр Отанның» 250 филиалы, 6300 бастауыш ұйымы бар алып құрылымға айналғанын айтты. Партия – атқарушы және өкілетті билік тармақтарында тізгінді берік ұстады. Елдік істердің барлығына белсене араласып келеді. Елбасының бастамаларына әрдайым қызу қолдау білдіріп, идеяларын құлшына іске асырып келе жатқан партия елдің де көңілінен шыға білді.
–Елімізді әлемнің ең қуатты 30 елінің қатарына қосу – алды­мыздағы үлкен, ұлы мақсат. Бұл «Нұр Отанның» болашаққа жол сілтейтін темірқазығы болу­ға тиіс. Бүгінгі съезде қа­был­­данатын «Нұр Отан­ның» жаңа саяси доктринасы да осыны көздейді. Біз қоға­мы­­мыз­дың ерекшеліктерін ар­тық­­­шы­лыққа айналдыра білдік. Әралуан­дығы­мыз – бай­лығымызға, бірлігіміз – табы­сымызға айналды. Осыны ұлт зия­лылары үнемі есте ұстап, жас­тарға әрдайым ынтымақтың үлгі­сін көрсеткені жөн, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы Саяси доктринада қазақ тіліне ерекше мән берілгенін құптай отырып, мемлекеттік тіл мәселесіне ден қоятын кез келгенін баса айтты. Президенттің айтуынша, қазақ тілін білу азаматтық парызды ғана емес, ұлтқа деген құрметті де білдіреді. Отан отбасындағы өнегелі тәрбиеден бастау алады. Осыны әрбір азамат есінде ұстауы тиіс.
Бұдан кейін «Қазақ­стан­-2050» стратегиясы­на тоқтал­ған Елбасы осынау ма­ңыз­­ды құжат – әлемнің ең озық 30 елі­нің қа­та­рына қосы­лу­­дың ма­ңыз­ды қадамы екен­дігін, да­мудың бұдан басқа жолы жоқ­­тығын еске салды. «Бағ­­дар­­лама жан-жақты жасалды, біз не істеу керектігін білеміз әрі оны қалай істеп, сол арқы­лы қан­дай мақ­саттарға жете­тіні­мізді де болжап отырмыз. Біздің халқымыз тари­хында мұндай ауқымды әлеу­меттік-экономикалық мақсаттар қойып, оған қол жеткізген емес. Әлбетте, өмір бір орында тұрмайды, тарих қашанда өзінің аргументтерін алға тартады. Құбылысты, бұрылысты кезеңге дайын болуымыз керек» деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Жиын барысында Мемлекет басшысы «Нұр Отанның» алдында тұрған мақсаттар мен міндеттерді айқындап берді.
Елбасының айтуынша, «Нұр Отан» ең әуелі еліміздің басты пат­риоттық күшіне айналуға тиіс. Екінші, «Нұр Отан» – жал­пыұлттық бірліктің негізгі буыны болуы қажет және мемлекеттік тілді нығайтуға, қазақтың дәстүрі мен мәдениетін жаң­ғыртуға байланысты қоғам­дық-саяси жұмыстардың тиім­ді жүйесін жасап, еліміздің өңір­лерін, әртүрлі ұлт өкілдерін бір-бірі­мен жақындастыратын дәне­кер бола отырып, бірлікті нығайта түскені дұрыс. Сонымен қатар «Нұр Отан» әр­қашан азаматтық қоғамның көш­басшысы, әлеуметтік-эко­но­микалық инновацияның жал­­пы­ұлттық орталығы, жал­пы­ха­­лықтық бақылаудың бас­ты тетігі, жастардың бел­сенді қол­дау­шы­сы бола отырып, еліміздің іш­кі саяси құнды­лықтарын өркен­де­туді негізгі міндетіне алуға тиіс.
–Алдымызда биік белестер бар. Олардан алқынбай асу, белестерді барлықпай бағын­дыру – біздің өз қолы­мызда. Мызғымас бірлік пен тынымсыз еңбек, жасампаздық пен жаңашылдық, жауапкершілік – біздің ең басты құралымыз осылар. Біз өзімізді ұдайы қам­шы­лап, алға ұмтыла білсек қана «Қазақстан 2050» стратегия­сындағы биік мақсаттарға жете аламыз. Партиямыз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын. Мәңгілік елді бірге жасайық, – деп сөзін түйіндеді Елбасы.

Саяси доктрина – болашаққа бағдар
«Нұр Отан» партиясының кезектен тыс он бесінші сессия­сының күн тәртібіндегі басты мәселе – партияның «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында!» атты саяси доктринасының қабылдануы болды. Партияның ХХI ғасырдағы миссиясы мен еліміздің болашақтағы бағыт-бағ­дарын айқындайтын, тәуел­сіздік құндылықтарын нақты­лайтын бұл құжат Елбасының тапсырмасымен әзірленген болатын. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің айтуынша, доктрина – партия дамуының жаңа кезеңі.
– Еліміз дамудың жаңғыру кезеңіне аяқ басты. Осыдан бір жыл бұрын Елбасы «Қазақ­стан – 2050» стратегиясын жария­лап,онда әлемдегі ең озық 30 елдің қатарына кіру мін­детін қой­ды. Осы биік асуды бағын­дыруға бізге бірлік пен тірлік, жаңаша көзқарас, ашықтық және ынта-ерік керек. Аз ғана уақытта елімізде ауқымды реформалар басталды. Қоғамдық бақылау, халық алдындағы есеп­ті­лік, мем­лекеттік орган­дардың ашықтығы, өзін-өзі басқару жүйесі айтарлықтай күшейтілді. Халықтың партиясы ретінде біз де осы жұ­мыс­тарға белсене қатысып, қыз­­ме­­тімізді жаңғыртуымыз керек. Сол себепті біз Мемлекет бас­шысының тапсырмасы­мен пар­тияның доктринасын әзір­ледік. Құжатты ішкі пар­тиялық талқылаудың аясында саяси ке­ңес, бюро, үкімет мүше­лері, фрак­ция депутаттары, шал­ғай­дағы ауыл аумақтарға барып, түр­­лі кез­десулер өткізіп, екі ай бойы тал­қылады, – деді партия төрағасының бірінші орынбасары.
Бұдан кейін Доктрина қабыл­данар алдында тағы да талқыға салынып, елімізге белгілі азаматтар аталмыш құжат туралы ой-пікірін ортаға салды.
Сөз алдымен ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалинге берілді. «Қазақстандықтардың санасында Елбасы партиясы деген саяси күш ретінде бекіген бұл құрылтай ерекше тарихи жағдайда өтіп отыр» деп сөзін бастаған Сенат депутаты Елбасының ті­ке­лей басшылығымен еліміз «Қазақстан – 2030» страте­гиясының негізгі межелерін ерлік пен табандылықтың, ерік пен жігердің, ынтымақ пен бір­ліктің арқасында мерзімінен бұ­рын орын­дағанын атап өтті.
– Жеңістеріміздің арқауы – ел мен Елбасы бірлігінде. Бұл уақыт сынынан мүдірмей өткен шындық. Сондықтан айтулы құжат адам ойы мен санасының тазарту кезеңі келгенін сезіне отырып, содан арылуға, осыған дейін уақыт сынынан сүрінбей өткен саяси экономикалық жә­не рухани бағыттарымызды же­тіл­­діруге шақырады. Доктри­на жүр­гізіліп келе жатқан сара сая­­саттың жетістіктерін дәйек­тей­тін әрекеттерге қанат бітіре отырып, әрбір қазақстандықты тәуелсіздік атты киелі де қасиетті басты құндылығымызды қастер­леу­ге, төгіп-шашпай болашақ ұр­паққа басы бүтін жеткізуге мін­деттейді, – деді Нұрлан Оразалин.
Бұдан кейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев сөз алып, доктрина еліміздің маңызды шешімдері мен бастамаларына, болашақ бағдарламаларына арқау болатынын атап өтті.
Жиында сөз кезегін алған «Алтын жүрек» ұлттық қайы­рым­дылық жүлдесін ұйым­дас­тыру комитетінің төрайымы Жұл­дыз Омарбекова өзінің он жылдан астам уақыт бойы қайырымдылық қорда жұмыс істей­тінін, алғаш жұмысқа кіріс­кен сәттен бастап азаматтық ұста­ным­дарына «Нұр Отан» пар­тиясы үнемі қолдау көрсетіп келе жатқанын айтты. Бүгінге дейін осы қор арқылы 100 млрд теңге көле­мінде қайырымдылық жаса­лып, соның есебінен көпте­ген балабақша, мектеп салын­ған. Тіпті, ата-анасының қамқорлы­ғынан шет қалған балалардан құ­рал­ған футбол командасы жа­сақ­талып, осы спорт түрі­нен бірінші чемпионат та өткі­зіл­ген екен. Оған еліміздің түп­кір-түпкірінен 100-ден астам жет­кіншек қатысыпты. «Игіліктің үлкен-кішісі болмайды. Осылай қайырымдылық жасау арқылы да елдің сеніміне ие болуға болады. Біздің табысымыз – бірлік пен тірлікте. Оған әр қазақстандық атсалысуы керек» деп сөзін түйіндеді Жұлдыз Омарбекова.
Кәсіпкерлер мен елімізге орал­ған қандастар атынан сөйлеген «Ерке-Нұр» компа­ния­сының прези­денті Фарида Мер­хамит­қызы: «Тәуелсіздік – бар бақыт­тың бастауы. Дүниежүзі қазақ­та­рының жүрегі Қазақстан деп соғады. Осыдан жиырма жыл бұ­рын өзіңіздің «тарыдай болып шашылған қазақтар, Атаме­кенге оралыңдар» деген ша­қы­руыңызға үн қосып, қарашаңы­рақ­тың бір уығы болайық деп Қытай Халық Республика­сынан Қа­зақстанға оралған алғаш­­қы қазақ жастарының бірі едім. Мен осы сәтті пайдала­нып, Тәуелсіздікпен бірге елге оралу бақытына ие болған қандастарымыз­дың атынан басымды иіп, Сізге үлкен рахмет айтамын» деді. Ол кәсібін ал­ғашқы кезде небары бес тігін маши­насымен бастап, бүгін­де үлкен жетістікке жетіп отыр­ғанын айта келіп, бар қиын­дықтарды ұлттық өнерге деген талпынысы жеңгенін сөз етті. «Доктринада төл мәдениет пен руханиятқа үлкен орын беріліпті. Бұл – құптарлық іс. Мен де сандықтың түбіне жат­қан халықтың қолөнерін өзіне қайтарып, қызмет жасауды өзіме парыз санаймын. Бір ұсынысым, экономикалық кластерді дамыту барысында тоқымашылық өнер­ге де мән берілсе деймін. Жіп иі­ріп, жүн басу – қанымызда бар қа­сиет. Сондықтан осы сала да ел игі­­лігіне айналуға тиіс» деді ол.
Жұртшылықтың талқылауы­нан кейін «Нұр Отан» партия­сының Саяси доктринасы бір ауыздан қабылданды.

Партияның логотипі мен атауы өзгерді
«Нұр Отан» партиясының ХV кезектен тыс құрылтайында күн тәртібі бойынша партияның саяси кеңесі құрамына және жарғысына өзгерістер енгізілді. «Нұр Отан» партиясы төраға­сының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің айтуынша, саяси құрамның 49 пайызы жаңарып отыр. Атап өтерлігі, енді осы құрамда мемлекеттік органдар қызметкерлерінен гөрі басқа мамандық иелерінің үлесі басым болды.
Алқалы жиында айтылған тағы бір үлкен жаңалық – «Нұр Отан» партиясының жаңа логотипінің қабылдануы мен партия атауының өзгеруі болды.
Партияны айшықтайтын эмблема негізгі үш элементтен тұрады. Ол – биікке көтерілген күн, тау шыңы, қар барысы мен партияның атауы.Күн бола­­шақ­тағы жетістіктер мен Қа­­зақ­­­станның жарқын жеңіс­терін бейнелейді. Тау шыңы қа­­зақ­­стан­дықтардың биік мақ­сат­тары мен болашаққа деген ұм­тылысын білдіреді. Қар ба­ры­сы – тәуелсіздіктің, күш пен бек­заттықтың көрінісі. «Қа­зақ­стан-2030» стратегиясын қа­был­даған сәттен бері барыс рес­­пуб­ликамыздың алға қарай сенім­мен қадам басуының сим­волына айналды. Эмблемада жа­зылған партия атауы – елі­міздің қалыптасуы мен дамуын­дағы Елбасының тарихи үлесін бейнелейді.
Ал партияның қайта өзгер­тілген атауына келсек, саяси бю­роның кеңейтілген мәжі­лі­сінде енгізілген ұсыныс бойын­ша, бұдан былай партияның «ха­лықтық-демократиялық» деген тіркесі алынып тасталып, тек «Нұр Отан» партиясы» деп аталатын болды.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 + 8 =