ПРЕЗИДЕНТ КУБОГЫ: ҚАЗАҚ БОКСШЫЛАРЫ – ЖЕҢІМПАЗ

0 148

бокс

Алматыда Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы жолындағы дәстүрлі халықаралық жарыс аяқталды. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында он салмақ бойынша өткен бәсекеде Біржан Жақыпов, Қайрат Ералиев, Берік Әбдірахманов, Данияр Елеусінов, Жәнібек Әлімханұлы, Әділбек Ниязымбетов және Иван Дычко сынды жігіттер алтыннан алқа тағып, күллі қазақ елінің мерейін үстем етті.

Осылайша жеті алтын, төрт күміс, алты қола медаль еншілеп, барлығы 17 жүлдемен бірінші орынға ие болған Қазақстанмен теңдесер ешкім болмады. Ал қалған үш салмақ бойынша алтын жүлдені Өзбекстан, Тайланд және Куба боксшылары бір-бірден еншіледі. Сөйтіп, төртінші рет ұйымдастырылған дәстүрлі турнирде Қазақстан құрамасы дәстүрден жаңылыспай, жалпы есептің тізгінін ешкімге бермеді.

49 келі салмақта өнер көрсеткен Біржан Жақыпов ақтық сында өзбекстандық Хасанбай Дусматовтан 2:1 есебімен айласын асырса, үшінші орынға тағы бір қандасымыз Жомарт Ержан мен ресейлік Расул Салиев табан тіреді.

Ал 52 келі тартатын боксшылар арасынан өзбек елінің өкілі Шахобиддин Зоиров алдына жан салмаса, филиппиндік Рэй Салудар күміспен күптелді. Біздің Ілияс Сүлейменов пен Ресей боксшысы Гавриил Попов тиісінше қос қоланы қанағат етуге мәжбүр болды.

56 келі тартатын боксшылар арасынан Қайрат Ералиев бәріміздің үмітімізді ақтап, биіктен көріне білді. Ол финалда тағы бір жерлесіміз Жанболат Тілегенұлын 3:0 есебімен ұтса, жартылай финалда сүрінген моңғолиялық Тугцогт Нуямбаяр мен ресейлік Зинат Жандыбаев үштікті қорытындылады.

Қазақстанның қоржынына кезекті алтынды салған Берік Әбдірахманов соңғы кездесуде Филиппин елінен келген Чарли Суаресті айқын басымдықпен жеңсе, осы 60 келілік боксшылар арасынан өзбекстандық Елнұр Әбдірайымов пен моңғолиялық Отгондалай да жүлдегер атанды.

Ал 64 келідегі Алмасбек Әлібеков ұлттық құрамамыздың қоржынына қола жүлде салды. Оның әлі жас екенін ескерсек, болашағына сеніммен қарауға болады. Бұл салмақта Тайланд боксшысы Вуттичай Масук ақтық сында кубалық Луис Олива Генерді ұтып, жеңімпаз атанса, екінші қоланы моңғол Баттарсуг Чинзоринг иеленді.

Сондай-ақ, 69, 75, 81 және +91 келі салмақ дәрежелері бойынша қазақстандық боксшылар алтыннан алқа тақты. Данияр Елеусінов, Жәнібек Әлімханұлы, Әділбек Ниязымбетов, Иван Дычко сынды жігіттеріміз ел намысын абыроймен қорғап шықты. Тек 91 келі тартатын Антон Пинчук қана финалда кубалық Руис Кордова Херихтен айласын асыра алмады. Оның салмағындағы қазақстандық Асқар Абдуллаев пен өзбекстандық Рустам Тулаганов үшінші орынды місе тұтты. Ал Даниярдың салмағында өзіміздің Сағадат Рахманқұлов күміс алса, Куба және Өзбекстаннан келген Арисноидис Диспэйн мен Исраил Мадримов қолаға қол жеткізді. Жәнібектің салмағындағы күмістің иесі – украиналық Дмитрий Митрофанов. Үшінші орынға кубалық Арлен Лопез Кардона мен өзбек жігіті Хуршидбек Норматов көтерілді.

«Күмісбек» атанып кеткен бокс-шымыз Әділбек Ниязымбетов осылайша көптен күткен алтын жүлдеге ие болды. Оған финалда астаналық Дәурен Елеусінов айтарлықтай қарсылық көрсете алмады. Ал Украинадан келген қонақ Александр Ганзуля мен кубалық қара маржан Эммануэль Рейес үздік үштіктен көрінді.
Бұдан бөлек, аса ауыр салмақтағы айқастарда алдына қара салмаған Иван Дычкодан кейінгі орындарға Иоанди Ортега (Куба), Нұржан Бекзатов және Қамшыбек Қоңқабаев (екеуі де – қазақстандық) орналас-ты.

Жарыс қорытындысы бойынша, жеңімпаздарға 4000 АҚШ доллары ұсынылса, әр «алтын» боксшының бапкері 2000 доллар көлеміндегі сыйақыны қалтаға басты. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар тарапынан екінші, үшінші орын иеленгендер үшін 2000 және 1000 АҚШ доллары берілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 17 =