Президент халыққа үндеу жолдайды

0 25

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли еліміз­дегі Төтенше жағдай режимінің және карантин шараларының ұзартылуына қатысты тиісті шешім қабылданатынын хабарлады. Оның айтуынша, келесі аптада Мемлекет басшысы еліміздегі індет жағдайына қатысты кезекті телевизия­лық үндеуін жария­лайды.«Еліміздегі және әлемдегі эпидемиологиялық ахуал үнемі өзгеруде. Жуырда түскен ақпараттар негізінде Төтенше жағдай режимінің және карантин шараларының ұзартылуына қатысты тиісті шешім қабылданатын болады. Осы ретте Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы менеджменттен бөлек, стратегиялық жоспарлау­ға да мән беріп отырғанын есте ұстауымыз керек. Ерте ме, кеш пе, Төтенше жағдай бітеді. Содан кейін алдымыздан экономиканың құрылымын қайта қарау міндеті шығады. Сондықтан алдымызға орта және ұзақ мерзімге арналған жаңа мақсаттар қою керек. Президент көптеген бағдарламалар мен тұжырымдамаларды жаңарту қажеттігін айтты. Мұнай бағасының бірден құлдырауы экономика мен қаржы секторына реформа жүргізіп, индустрияландыру мен цифрландыруды нақты жүзеге асыру керек екенін көрсетіп отыр. Денсаулық сақтау және білім салаларын да үлкен өзгеріс күтіп тұр. Мемлекет басшысы жаңа талаптарға жауап беретін стратегиялық шешімдер әзірлеуді тапсырды» деп жазды Берік Уәли өзінің фейсбуктегі парақшасында.
Президенттің баспасөз хатшысы атап айтқандай, Мемлекет басшысы азаматтарымыздың денсау­лығын сақтау мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ең басты міндет санайды. Ол барлық отандастарымызды Төтенше жағдай режимінің талаптарын сақтауға шақырады. Жақындарымыздың денсаулығы үшін сабыр сақтап, жауапкершілікті сезінуіміз керек.
«Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, «халықсыз экономика болмайды». Сондықтан ешкім де мемлекеттің назарынан тыс қалмайды. Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша азаматтарға қолдау көрсету үшін бюджеттен және Ұлттық қордан қаражат бөлінуде. Мемлекет басшысы осы айтылған мәселелердің оң шешілуін үнемі бақылауда ұстап отыр» деп сөзін түйіндеді Б.Уәли.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × four =