Премьер -лигада 14 команда ойнайды

0 26

Жақында ҚФФ Атқарушы комитеті Қазақстан футбол федерациясы мен Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының нормативтік құжаттарына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдады.

Футбол басшылығының шешімі бойынша 2021 жылғы футболдан Қазақстан чемпионатына қатысушылар саны 12 командадан 14 командаға дейін көбейтілді. Сонымен қатар ҚФФ ұйымдастыратын жарыс­тарға қатысатын клубтардың сертификация ережесі қатаңдатылып, допингке қарсы ереже бекітілді.Бүгінгі таңда премьер-лига командалары оқу-жаттығу жиындарын бастап кетті. Клубтарда жаңа ойыншыларды қабылдау және бұрынғы ойыншылармен келісімшарттарды тоқтату жүргізіліп жатыр. Биылғы чемпионатқа ойыншыларды тіркеудің алғашқы кезеңі кеше басталды. Команда құрамын жасақтау және бекіту 17 сәуірге дейін жалғасады.
«Olimpbet-футболдан Қазақстан чемпионатына қатысушылардың қатарын кеңейту шешімі – жарысқа қатысушылардың келісімімен жасалған қадам. Бұған дейін бұл мәселе Атқарушы комитетінің отырыстарында бірнеше рет талқыланған болатын. Содан кейін Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбековтің тапсырмасымен Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының жалпы жиынында жоба талқылауға түсті. Екі кездесуде де бастама қолдауға ие болды.
Мамандар турнирге қатысушылардың санын ұлғайту ойын күнтізбесін оңай жоспарлауға мүмкіндік береді деп санайды. Бұл ең алдымен қазіргідей қиын кезеңде маңызды болып отыр. Сонымен қатар, жарыс уақытша тоқтатылған жағдайда да маусымды уақытында аяқтауға мүмкіндік бар. Olimpbet-футболдан Қазақстан чемпионатының қатарын толықтыратын командалар туралы шешім спорт қағидасының талаптарына сай және футбол клубтарының сертификация ережелерін орындау жағдайына байланысты қабылданады.
Ережеде қабылданған өзгерістер бойынша жарысты қабылдайтын стадион ойынға дайын болмаса, айыпты команда ойынды қарсыластың алаңына ауыстыруға мәжбүр болады. Сонымен қатар, өзге ойын­дарда жинаған үш ұпайдан айырылады. Ең алдымен футбол алаңдарының нашар жағдайына байланысты қайшылықтар сөз болып отыр. Алайда жарысқа қатысушылар басқа да талаптарды ұмытпаған жөн. Сертификация ережелерін елемегендер қатаң жазаға ұшырайды.
Қазақстан футбол федерациясының допингке қарсы ережесі сала мамандарының қолдауымен жазылды. Осы уақытқа дейін Қазақстан футбол федерациясы Дүниежүзілік допингке қарсы кодекс және басқа да спорт жарғыларын қолданды. Өз кезегінде ФИФА ұлттық қауымдас­тықтарға жеке құжатын әзірлеуді ұсынды. Ең алдымен елдегі заңнамалар ескерілуі шарт. ҚФФ бұл бастаманы қолдап, бұл бағыттағы міндеттерді қабылдады.
Биылғы маусымдағы ойыншыларды тіркеудің алғашқы кезеңіне қатыс­ты шешім бұрынғыдай қабылданды. Көрсетілген мерзімдер өзгермейді» деп атап өтті Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат ­Айт­қожин.
Сонымен, 2021 жылғы ел біріншілігін өткізудің ең басты нормативті құжаттары біршама өзгерді. Ең бас­тысы, былтырғы жылдың қорытындысында премьер-лигада орнын сақтаған «Қайрат» (Алматы), «Тобыл» (Қостанай), «Астана» (Нұр-Сұлтан), «Шахтер» (Қарағанды), «Ордабасы» (Шымкент), «Жетісу» (Талдықорған), «Қайсар» (Қызылорда), «Қызылжар» (Петропавл), «Тараз», «Каспий» (Ақтау) командаларына, сондай-ақ бірінші лиганың екі дивизионында топ жарып, жоғары лигаға қайта оралған «Ақтөбе» мен «Атырау» командаларына енді жаңа шешім бойынша былтыр бірінші лигада екінші орын алған «Ақжайық» (Орал) пен «Арыс» (Түркістан облысы) командалары қосылатын болды. Бұл ұйғарым ұлттық біріншіліктің бәсекесін қыздырып қана қоймай, қазақстандық жастардың футболға деген қызығушылығын арттыра түсетіні сөзсіз.
Өткен жылы пандемия жағдайына байланысты тек премьер-лига мен бірінші лига чем­пионаттары ғана өткізілген болатын. Ал биыл балалар мен жасөспірімдер арасында ұйымдастырылатын жарыстарды қайта жандандыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, футбол орталықтары мен академиялар арасында ел чемпионаты мен кубогын қайта жалғастыру, сонымен қатар басқа да жарыстар күнтізбеге енгізілмек. Мәселен, 21 мен 27 ақпан аралығына «Арман» және «Жастар» республикалық жасөспірімдер турнирінің іріктеу кезеңі жоспарланып отыр. Алғашқысына 19 жасқа дейінгі футболшылар қатысса, екінші жарысқа 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер қатысады. Дәстүр бойынша жарыстардың финалдық кезеңі Тараз және Шымкент қалаларында өтетін болады.
Футбол федерациясы, сонымен қатар, Нұр-Cұлтан, Алматы және Шымкент қалалары мен облыс құрамаларының арасында чемпионатты ұйымдастыру мәселесін де қарастырып жатыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 + 5 =