Праймериз көшбасшыларды анықтайды

0 65

«Nur Otan» партиясының праймеризін өткізудің мақсаты – бәсекелестік негізінде партия жұмысын барлық деңгейдегі мәслихаттар мен Парламент Мәжілісінде лайықты көрсете алатын нағыз көшбасшыларды анықтау. Праймериз қағидаттарының бірі ашықтық болса, оның аясында партиялық тізімдерді қалыптастырудың айқын, әділ сызбасы, субъективті факторлардың әсерін төмендету бастамасы басты назарға алынып отыр.

Азамат ретінде, ел халқының мүддесін қорғайтын партия мүшесі ретінде сайланбалы органдарға ең ла­йықтыларды әділ іріктеу үшін төмендегі мәселелерге назар аударуды ұсынар едім. Меніңше, үміткер келесі талаптарға сай болуы керек:
– Патриоттық және адамгершілік. Өз елін сү­йетін адам туған халқы, Отаны және қоғам игілігі үшін жұмыс істейді. Адамгершілігі бар адам өз ар-ожданынан аттамайды. Бұл – қоғамдағы сыбайлас жемқорлықты жоюға апаратын бірінші баспалдақ.
– Жоғары азаматтық ұстаным. Әдетте, өзінің азаматтық ұстанымы бар адамдар әрқашан өз пікірін білдіреді. Олар халықтың, өз елінің тағдырына немқұрайлы қарамайды. Белсенді, танымал, белгілі бір өңірде беделді болады.
– Мемлекеттік тілді білу. Заңдарды қазақ тілін жақсы меңгерген депутаттар халыққа түсінікті, ұғынықты қылып жазулары тиіс. Бұл елдің халықаралық кеңістіктегі имидждік саясатына да оң әсерін тигізеді.
– Өз саласының кәсіпқойлары. Қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін экономиканың қай саласын қалай түрлендіру керектігін іс жүзінде айта алатын және нақты ұсына алатын, тек жоғары білімі ғана емес, жеткілікті өмірлік тәжірибесі мен өз саласындағы нақты жетістіктері бар адамдар болуы керек (мемлекеттік құрылымдарда жоғары лауазымдарға тағайындау немесе ұсыну кезінде де бұл қасиеттерді ескеру қажет).
Көптеген заңдар экономикалық және әлеуметтік сипатта болғандықтан, депутаттар арасында білім беру, денсаулық сақтау, өнеркәсіп және кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салаларының мамандары, сондай-ақ заңгерлер, экономистер, әлеуметтанушылар, басқа да сала өкілдерінің болуы міндетті.
Жоғарыда көрсетілген талаптарға сәйкес келетін үміткерлер депутаттыққа сайланған жағдайда, Қазақстанның өркендеуіне жол ашатын сауатты, әділ және пәрменді заңдарды шығару үшін барлық күш-жігерін жұмсайды деп санаймын.

Қайырлы ТАУКЕН,
Нұр-Сұлтан қаласы
мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы
депутаттық фракция­сының жетекшісі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × five =