ПОШТАНЫҢ МАҢЫЗЫ ТӨМЕНДЕМЕЙДІ

0 142

Абылай Кайыржанов

Интернеттегі әлеуметтік желілер, электронды пошта арқылы айшылық алыс жерлерден көзді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызатын ақпараттар ғасырының заманында хат-хабар таситын байланыс поштасының рөлі қандай, жұмысы қалай жүруде? Міне, осы сауалдар төңірегінде бүгін «Қазпочта» АҚ филиалы Астана почтамты директорының орынбасары Абылай Қайыржанов әңгімелейді.

 

Қазір поштаның жұмысы қалай?

– Байланыс поштасының жұмысы бұрынғыдан көбеймесе, азайған жоқ. Хат-хабар болмағанымен, сәлемдемелерді, ақшалай аударымдарды кез келген мекен-жайға уақытында жеткізіп береміз.

Кейінгі жылдары елорда тұрғындарының саны күрт өсуіне байланысты пошта қызметінің де жұмысында қиындықтар туындап отырғаны рас. Ол, негізінен, почта бөлімшелерінің аздығынан болып отыр. Алдағы уақытта осыны басты назарға алып, почта бөлімшелері желілерін кеңейту жоспарлануда.

Сондай-ақ, жазылған газет-журнал­дардың көрсетілген мекен-жайына уа­қытында жетпейтіні жөніндегі мәселені де шешу үстіндеміз. Ол үйлердің кіреберіс есіктеріне домофон қойылуына байланысты туындайтын қиындықтар. Оны жергілікті ПИК-тер арқылы реттеудеміз.

– Поштаға келген сәлемдемелерді телефон арқылы білуге бола ма?

– 2010 жылға дейін бұған рұқсат етіліп келді. Алайда, адамдар әртүрлі болады ғой. Алаяқтар көбейіп кетті. Кейін мұның адам өміріне де қауіп төндіретінін байқап, тыйым салдық. Өйткені, сәлемдемелер мен ақша аударымдардың келгенін телефон арқылы алдын ала біліп алып, қаскөйлер оны өздерінің арам мақсаттарына пайдаланған бірнеше оқиғалар орын алды. Ендігі жерде телефон соғушы кімнің жібергенін және жіберушінің нақты мекен-жайын айтқаннан кейін барып операторлар жауап беруі мүмкін. Ал, жауап бермесе, оған ренжудің қажеті жоқ. Ол оның еркі. Мүмкін, телефон шалушының жауабына күдік келтірген шығар. Оның үстіне, пош­та байланысы телефон арқылы қызмет көрсетуге негізделмеген.

– Пошта тасушылардың жұмысы туралы айтсаңыз?

– Пошта тасушы қай кезде де құрметті мамандық саналған. Әр үйге, әр шаңыраққа, әр жанға хат-хабар жеткізу, оларға жаңалықтың жаршысы іспетті газет-журналдар тарату – игілікті іс. Бізде жиырма бес, отыз жыл жұмыс істеп көпшіліктің алғысына бөленіп жүрген қызметкерлер аз емес. Олар –  біздің тірегіміз. Жұмыстарын ауысыммен үнемі ыждаһатты атқарады. Көбі өздері пошта апаратын мекен-жайларын, кіреберіс есіктерінің кодтарын жатқа біледі. Сондықтан олардың жұмыстары өнімді, еңбектері жемісті.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + 2 =