Пошта маркасының жаңа топтамасы­

0 168

Елорданың 15 жылдығына орай жаңа маркалар жарыққа шықты. Осынау естелік шығарылымдардың тұсаукесеріне қатысқан Астана қаласы әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбеков және «Қазпочта» АҚ басқарма төрағасы Аркен Арыстанов жаңа маркалардың алғашқы нұсқасын  хатқалтаға жапсырып,  «Алғашқы күн. Астана 04.07.13» деген мөр басты.

Пошта тәжірибесінде маркалардың жаңа түрі шығарылған кезде олардың алғашқы нұсқасын осылайша мөрлеп, хатқалтаға жапсырып қоятын дәстүр бар. Бұл ерекше бағаланатын естелік болып саналады. Марка жинаумен айналысатындарға да ол – таптырмас жәдігер.

Пошта қолданысына бұл жолы төрт маркадан құрылған екі көркемсурет топтамасы енгізіліп отыр. Оның біріншісінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті, елорданың төлтаңбасы және Астана мен «ЕХРО – 2017» халықаралық көрмесінің логотипі бейнеленген. Ал, екінші топтамада елорданың айшықты нысандары: Бәйтерек, Ақорда, Тәуелсіздік сарайы ғимараттары мен Қазақ елі монументі кескінделіпті.

Пошта маркасы төрт бояулы қағазға басылған. Жиегі шашақ тәрізді шығарылымдардың әрқайсысы – 100 теңге. Көлемі 33х27,5 мм болатын марка 10 мың данамен айналымға шығарылмақ.

Салтанатты рәсім кезінде сөз сөйлеген қала әкімінің орынбасары бүгінгі оқиға – ертеңгі тарих екендігін, жаңадан жарық көрген маркалар – елорда тойына үлкен тарту болып отырғанын, осы шығарылымдар арқылы Астана бейнесін әлемге танытуға мүмкіндік туатынын атап өтті.

Өз кезегінде «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Аркен Арыстанов биыл орталық кеңсе ұжымы тұтасымен елордаға көшіп келгенін, елімізді, бас қаламызды дүниежүзіне таныту жұмыстары әлі де жалғаса беретінін айта кетті.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − three =