ПОЛК БАСҚАРҒАН ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ

0 223

777

Ат жалын тартып мінген азаматқа, ұлтын сүйген ұлға қазақ жерінің әр пұшпағы жат болмаса да, атамекенінің жөні тым бөлек. Қыранның қанат қағысы ұясында байқалатыны сияқты ұланның да болмыс-бітімі өскен ортасында қалыптасады. Қасиетті Торғай жерінен түлеп ұшып, еліміздің игі мұраты үшін еңбек еткен аптал азаматтарды санап тауыса алмаспыз. Олардың арасында өткен ғасырдың алғашқы ширегінде Қазақстанның қорғаныс істер саласының өркендеуіне һәм қалыптасып, қанат жаюына айрықша қолтаңбасын қалдырып, иісі қазақ жұртының арасынан алғашқылардың бірі болып арнайы әскери білім алғандардың қатарында менің атам Қоғабай Жоламановтың тұрғанын мақтан етемін.

Халқымыздың жау­жүрек дәстүрлерін құрмет тұтып, Отан үшін от кешуді асқақ парыз санаған атамның алғашқы қазақ полкының командирі болғанын ерекше атап өткім келеді.

Қоғабай Жоламанов 1896 жылы Торғай уезінің Бесқопа ауылында орташа шаруа отбасында туған. Орталықтағы Иванов мектебінде оқып, білім алып шығады.

Дәл осы кезеңдерде Торғай өңірі тыншу көрмей, ақ патшаға қарсы дүркін-дүркін жаңа көтерілістердің ошағына айнала бастаған-ды. Кеңес дәуірінде жазылған қазақтың тұңғыш қысқаша энциклопедиясында: «Торғайдағы халық бұқарасы қарсылығының өршуі, әсіресе, 1916 жылғы ұлт-азаттық, отаршылдыққа және феодализмге қарсы күресте айқын байқалады… Мұнан соң көтеріліс бүкіл Қазақстан территориясын тегіс қамтыды. Жазалаушы отрядтармен қарулы қақтығыстар бірнеше айларға созылды. Әсіресе, Торғай облысындағы көтеріліс ең ұзаққа созылған, ең ұйымдасқан көтеріліс болды. Көтерілісшілерге халық батыры Амангелді Иманов пен большевик Әліби Жангелдин басшылық етті. Патша әскерлері көтерілісті қаталдықпен басып жаншыды. Көптеген көтерілісшілер мен бейбіт халық қырғынға ұшырады» деп жазылған. Осы тұста енді ғана ат жалын тартып мінген он алты жасар бозбала Қоғабай да өзімен оқитын бір топ жігітпен бірге көтерісшілер «армиясына» араласып, Торғайдағы көтерілістің ошағы болған Тосын құмына дейін барады.

Ақыры ел мүддесі үшін жорыққа шыққан ол Әліби Жангелдиннің отрядында үш жылдан аса уақыт болады. Шайқастарға атойлап кіріп, дұшпанның сағынын сындыратын батыл жігіттің ержүректігі сол тұста-ақ ауыздан ауызға тараған аңыздай болып кеткен еді. Көп ұзамай батыр мінезді азаматты Әліби Жангелдиннің өзі аңғарып, оны оққағары етіп алады. Әлібимен бірге Орынбор, Торғай, Шалқар арқылы пойызбен жылына екі реттен Петерборға барып-келіп жүреді.

Әліби Жангелдин 1919 жылы қарамағындағы сегіз жігітті бар беделін салып, Орынбордың әскери училищесіне оқуға түсіреді. 1924 жылы сол торғайлық сегіз жігіттің бесеуі әскери училищені толық бітіріп шықты. Олар Қоғабай Жоламанов, Ғабдыжауат Жаленов, Омарбек Ешанов, Сейтқали және Томай руынан шыққан Сәдуақас деген азаматтар болатын.

Қоғабай Жоламанов сол оқуда жүріп, Серов бандасын жоюға, Моңғолия мен Қытай жеріндегі кеңес-жапон қарулы қақтығысы – Халқын-Гол шайқасына, Орта-Азия басмашыларына қарсы күрестерге қатысып, жауынгерлік ерліктерімен көзге түседі. Қоғабай әскери училищені аға лейтенант шенінде бітіреді.

Осы орайда Қоғабайдың немере інісі, белгілі ақын Қайнекей Жармағамбетовтың айтуынша атамыз Орынбор әскери училищесін атақты орыс әскери қолбасшылары – Г. Жуков, К.Рокосовский, И.Баграмян, В.Чуйковпен т.б. бірге оқығанын алға тартады. Оған дәлел ретінде ақын інісі Орынборға барған сапарында әскери училищенің мұражайынан Жоламанов Қоғабайдың жоғарыдағы аты аталған әскери қолбасшылармен бірге түскен училище бітірушілердің фотоларын көргендігін бізге әңгімелеп берген еді. Амал қанша, қазір сол суретті көңіл шіркін іздесе де, Қазақстанның тұңғыш астанасы болған шаһарға әзірше жол түспей тұр.

Қоғабай Жоламанов әскери училищені бітіргеннен кейін Орталық Бас штабтың атынан Саратов, Ашхабадта әскери округтердің бастығы, Ашхабад қалалық гарнизонының бастығы, Ташкент қалалық гарнизон бастығы, Өзбекстан КСР-нің әскери комиссары қызметтерін атқарған.

1934 жылы Қазақстан автономиялық республика болып, астанамыз Алматы қаласына көшіріп жатқан кезі еді. Сол жылдың тамыз айында Кеңес өкіметінің қорғаныс ведомствосы Бас штабтың шешімімен Қоғабай Жоламанов майор дәрежесімен Алматы қаласында жасақталған алғашқы қазақ полкінің командирі болып тағайындалады. Ұлы Отан соғысының майдангері, атақты шабандоз, майор Кәрім Әсеновтың «Жұлдыз» журналында жарияланған «Тұңғыш қазақ полкі» атты естелігінде қазақтың атты әскер полкы туралы құнды мәліметтерді алға тарта отырып, полк командирі Қоғабай Жоламанов жайлы: «Полкқа басшылық жасаған Қ.Жоламанов көпті көрген, бұрын Ташкентте әскери қызмет атқарған, тәжірибесі мол адам болатын. Ол жауынгерлерді үйретуде көп еңбек етіп, барлық күшін жұмсады» деп тоқталады.

1937 жылғы сталиндік репрессия ұядай ұйып отырған Жоламановтар әулетін айналып өтпеді. Сол тұста Қоғабайдың Торғайдағы ағасы Масұғыт халық жауы болып тұтқындалады. Жаманат қол ұстаса келгендей, іле-шала Қоғабай да зымияндардың қырына ілігіп, елдегі біреулердің көрсетуімен түрмеге жабылады. Бірақ, сол кездегі КСРО Қорғаныс комитетінің басшысы М.Тухачевскийдің араласуымен тұтқыннан босатылып, оған азаматтық қызмет ұсынылады. Дегенмен де, Қоғабай Жоламанов жанымен де, тәнімен де әскери қызметке берілгендіктен ұсынылған қызметке бармаған. Кейін Бас штабтың өкімімен Түркіменстан әскери гарнизонының басшысы, Орта Азия әскери округі бастығының орынбасары болып қызмет атқарып, кейін Ташкентке ауыстырылады. Қоғабай әр жылдары Кеңес Одағының маршалдары М.Тухачевскиймен, Б.Шапошниковпен жақсы байланыста болғанын атап өтуге болады.

Адамзат баласы миллиондаған бейкүнә жандардың өмірін жалмаған екінші дүниежүзілік соғыстың қайғы-қасіретін әлі де ұмыта қойған жоқ. Бүкіл адамзатқа қайғы әкелген соғыстың тоқтауына, қырғынның сап тиылуына қазақ халқының қосқан үлесі орасан екені даусыз. Фашистік басқыншылық сая­сатты жермен-жексен ету жолында қазақстандықтар қанын да, жанын да аямай өзге ұлттармен бірге жанқиярлық ерліктің үлгісін көрсетті.

Майданға Торғай жерінен де мыңдаған боздақ аттаныпты. Аудандық әскери комиссариаттағы шақыру пункті арқылы соғыстың төрт жылы ішінде үш мыңның үстінде жастың майданға жіберілгені белгілі болып отыр. Соғыс басталғаннан кейінгі алғашқы айларда Қоғабай Жоламанов өзі тіленіп, майданға аттанған жоғары шенді офицерлердің бірі болды. Сондай-ақ, соғыс басталар алдында қазақта тек үш қана полковник болғанын, олар кейін генерал атанған Сабыр Рахимов және Шәкір Жексенбаев, ал үшіншісі Қоғабай Жоламанов екенін айрықша атап өтуге болады. Кейін ауылдағы көнекөздердің айтуы бойынша, 1942 жылы тамыз-қыркүйек айларында облыстан лектор келіп, жерлестері Қоғабай Жоламановтың ерлігі туралы Қостанай облысының «Большевик жолы» газетіне шыққан мақаланы оқығанын білдім. Мақалада оның ұрыс даласында ауыр жараланып, госпитальға түскені, орденмен марапатталғаны туралы жазылған екен. Амал нешік, атама Жеңіс күнінің ақ жаңбырлы қуанышын көру жазбады. Соғысқа аттанған қалпы, майданда хабар-ошарсыз кетті. Туған жердің бір уыс топырағы бұйырмай, мәңгіге тыныс­тап жатқан жері белгісіз болса да, мен үшін баба рухы әрқашан жадымда жүргенін сеземін. Өз кезегімде қолыма қалам алып, атаның жауынгерлік жолын хатқа түсіруді парызым деп санадым. Біздер –соғыстың ызғарын сезбеген кейінгі ұрпақ үшін бабалармыздың Отан үшін кеудесін оққа төсеген ерліктері мәңгілік өнеге, рухтарының алдында басымызды ие бермекпіз.

Архат ҒАРЫПЖАН,
Л.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің студенті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven − 11 =