«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Полицияның сервистік моделіне түпкілікті ауыса аламыз ба?

0 86

Қазақстанда полицияның жұмысын дәстүрлі қалыптан сервистік қызметке ауыстыру жөнінде үлкен әңгіме көтерілді. Бүгінде тәртіп сақшыларына деген халықтың сенімі азайған деген пікірді жиі естиміз. Қылмыс, соның ішінде ұсақ бұзақылық пен ұрлық өсіп отыр. Ал бұл салаға жүйелі реформа қажет деген сөздер айтылғалы қашан? Уәде көп, бірақ нақты нәтижені халық көріп отырған жоқ.  

5edcd45ad5c60755400622

Кеңес заманынан келе жатқан қағидаға сүйенсек, погон таққандардың статистикасында кілтипан болмай қоймайды. Ашылмаған қылмысты ашылған қылмыспен салыстыра отырып, түпкі көрсеткішті жақсарту бұл ведомстводағы қалыптасқан жағдай екенін көзі қарақты жан бірден түсінер еді.

Енді, міне, бүгінгі күн тәртібіне шығарылып отырған ең басты мәселе қоғамның полицияға сенімі болып отыр. Тәуелсіз институт мамандары жүргізген мәліметке сәйкес өткен жылы Қазақстан халқының құқық қорғаушыларға сенімі 38,7 пайыз шамасында болған.

Сонымен қатар, «Полиция – қорғаның» деген қағидаға сүйеніп, әр азамат құқық қорғаушылардың қоғамдық тәртіпті қадағалауын талап ете алады.

Полицияның жұмыс стилін өзгерту жөніндегі ұсыныстар 2010 жылы айтыла бастады. Халықпен жұмыс істеуде заманауи жаңа әдіс-тәсілдер қолдану мүмкіндіктері қарастырылды. Ұлыбритания, Канада, Америка Құрама Штаттары сияқты алдыңғы қатарлы дамыған елдердің озық тәжірибелері зерттелді. Бұдан бөлек, ҚР Ішкі істер министрлігі қоғамдық пікірлер мен полиция қызметкерлерінің ой-пікірлерін де жан-жақты ескере білді.

Англияға полицияның сервистік моделін енгізген Премьер-министр Тони Блэр болатын. Оның оң тәжірибесін кейінірек бүкіл Еуропа қолдана бастады. Қылмысты қоғамдағы әлеуметтік мәселе ретінде тану көпшіліктің пікірін білуден басталды. Бұл жерде қылмыспен тек бір ғана полиция күресіп, жеңе алмайтыны айдан анық еді. Сондықтан мемлекеттік құрылымдармен әріптес­тік қарым-қатынаста ортақ іске жұмылып, қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін шешу басты негізге алынды.

Біз мынаны түсініп алайықшы. Полицияның сервистік моделі деген не?

Қарапайым мысалмен жеткізер болсақ, ол іс жүзінде былай болар еді.  Айталық, Нұр-Сұлтан қаласының Алматы ауданында тұрақты жұмыс істейтін ортақ кеңсе ашылады. Оған полиция, прокуратура, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, білім беру саласының қызметкерлері енгізіледі. Олар біріге отырып, ауданның криминогендік ахуалын, тұрғындарды мазалап жүрген түйткілді мәселелерді зерттейді. Сосын осы негізде түйінді тарқату үшін іс-шаралар жоспары түзіледі. Егер бір азаматтың басына іс түссе, ол осы кеңсеге алдын ала жазылмай-ақ, шағым түсірмей-ақ жүгіне алады. Бұл жерде оған кеңес беріледі. Мәселенің түйінін шешудің нақты жолдары айтылады. Мәселен, басқа тұрғыда болса да өзінің жанайқайын айтып келген адамды мұндағылар құрдан-құр кейін қайтарып жібермейді. Тиісті мекемелермен байланысып, мәселенің оң шешілуіне ықпал етеді. Бұл түптеп келгенде, халық пен полицияның арасын жақындастыра түсетін ең тиімді қадам екені көрініп отыр. Жүгінгенде кез келген мәселесі оңтайлы шешіліп жатса, тұрғындар да полициядан көмегін аямасы анық.

Грузияның тәжірибесіне сүйенсек, 2005 жылы Грузияда жүргізілген түбегейлі реформа оң нәтиже көрсетті. Полицияға деген халықтың сенімі 2012 жылы 90 пайызға дейін өсті.

Бірінші кезеңде Қазақстанда Әкімшілік полиция комитеті таратылды. Ол күзет қызметінен босатылып, (10233 бірлік) құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жол қауіпсіздігі сияқты үш міндетті орындауға негізделді.

 Сервистік модель қызметінде негізгі рөл атқаратын учаскелік инспектор болмақ. Бұған дейін ол жеке профилактикалық жұмыс болып келсе, енді оған құқық бұзушылыққа апаратын себептер мен жағдайларды жою құқы беріліп отыр.

Әкімшілік жаза тағайындау жөнінде учаскелік полицияның өкілеттіктері кеңейтілді. Бұрын оларда 47 әкімшілік жаза тағайындау мүмкіндігі болса, енді өз беттерінше тағы да  «Түнгі мезгілде кәмелетке жасы толмағандардың ойын-сауық мекемелерінде жүруі», «Темекі өнімдерін қолдануға тыйым салуды бұзу», «Көлік құралдарының қозғалысына кедергі келтіру» сияқты төрт өкілеттілік қосылды. Осы аталған қызметті нығайту жөнінде мәселе қарастырылуда. Мәртебесі заңмен бекітілген әрбір ауыл учаскелік инспекторына көмекші берілуде. Ең бастысы, учаскелік инспекторлардың енді тұрғындармен жұмыс жүргізуі ашық та өзара түсіністік жағдайында болуы қажет. Халықтың алдында тоқсан сайын есеп беріп тұруы керек.

Осыған байланысты қазір сауатты сервистік жұмыстарды жүзеге асыру үшін Қарағанды, Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Ақтөбе, Павлодар, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында қанатқақты жоба іске қосылды. Бұл жұмыс одан әрі де жалғасын таба беретін болады. Қазақстан полиция­сының сервистік модельге көшу тұжырымдамасы әзірленуде. Ол 2022 жылдың алғашқы тоқсанында көпшілікке ұсынылатын болады.

 

 

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды