Полицияға еріктілер көмегі үлкен

1 206

Елордалық еріктілер полициямен бірге жылдың басынан бастап етене тығыз жұмыс жүргізіп келеді.Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Гүлмира Шрахметованың айтуынша, биыл қаңтар айында олар еріктілермен бірінші кездесуін танысуға арнапты. Сол жиында қаладағы еріктілік ұйымдарды полиция қыз­меткерлерімен бірге өткізілетін іс-шараларға қалай қатыстыруға болатыны талқыланған. Ақпан айындағы келесі кездесу нақты жұмыстарға бағытталып, бірлескен жоспар құрылған. Сөйтіп жүргенде жаһандық індет елордаға да жетіп, елде төтенше жағдай орнады. Бұл індет еріктілердің көмегіне қажеттілікті екі есе арттырды.
– Ерікті жастардың бізбен бірлескен жұмыстары карантин басталғалы қыза түсті. Олардың полиция жұмысына тигізіп жатқан көмегі орасан зор. Күнделікті қаламыздағы 4 полиция басқармасында сағат 17.00-де кешкі тарқату болады. Соған еріктілер де қатысып жүр. Кешкі тарқату барысында халықпен қалай жұмыс істеу керектігі, түсіндіру жұмыстарын қалай жүргізу реті айтылады. Еріктілер шағын дүкендерде, дәріханаларда адамдардың қауіпсіздік шараларын сақтауын, кезекте тұрғанда тиісті арақашықтықты ұстауын қадағалау бағытында да жұмыс жүргізеді. Патрульдік жұмысқа кешкі сағат бестен бастап 2,5 сағаттай жүреді. Ол үшін еріктілерге ақы берілмейді. Азаматтық позициясы бар, еліме пайдамды тигізсем дейтін кәмелет жастан асқан жастар, 30-40 жас аралығындағы азаматтар да тегін жасайды. Әрбір ауданға еріктілер 4-5-тен бөлінеді. Жалпы, біз оларға ешқашан рейдке шық деп айта алмаймыз. Өз еріктерімен келіп, хабарласып жатады. Ортақ чатта ақпараттар күнделікті беріліп отырады. Сол бойынша уақыты бар жандар келеді. Блокбекеттерде жадынамалар тарату, қоғамдық орындарда және рейд барысында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде олардың беріп жатқан көмегіне қатты ризамыз, әсіресе, бізбен өте тығыз байланыста жұмыс жүргізетін «Астана жастары» орталығы, «Лидер.кз» еріктілер тобы, «Клуб добряков» және «Медициналық университет» еріктілеріне алғыс айтамыз, – дейді Гүлмира Тілеуғалиқызы.
Жұмыс барысында еріктілерге киімдерінің сыртынан киюге «Полиция департаментінің еріктілері» деген жазуы бар ашық түсті жейде беріледі. Еріктілер әкімшілік құқық бұзушылық бағытындағы жұмыстарда өте белсенді. Өткенде еріктілер көмегімен блокбекетті айналып өтіп, қалаға кірмек болған автокөлік жүргізушісі анықталғаны туралы барлық БАҚ жазды. Міне, осындай еріктілер қызметтері үшін Полиция департаменті карантин біткен соң ең белсенді, ерекше көзге түскен еріктілерді марапаттау шарасын өткізбек. Полиция майорының айтуынша, дәл қазіргі уақытта елордада полициямен бірге жұмыс істеп жүрген 235 ерікті бар.
19 жастағы елордалық жас кәсіпкер Әділхан Әскеров қалада карантин жарияланып, жұмысы уақытша тоқтатылғалы полиция жұмысына қолғабыс етіп, еріктілікпен айналысуда. Осы аралықтағы бос уақытын тиімді өткізуді көздеген ол ерікті ретінде қызмет етіп, елге пайдасын тигізуді мақсат етіпті. Әділхан – қазір «Астана жастары» жастар ресурсы орталығы және «Лидер.кз» еріктілер тобының белсенді мүшесі. Елордадағы политехникалық колледжді программист мамандығы бойынша тәмамдаған ол өзіне жеке кәсіп ашып, ұялы телефондарды жөндейтін шағын сервис орталығының иесі атанған.
– Карантиннен өз жұмысым тоқтады. Үйде бос жатамын. Сосын ерікті болып қиын жағдайдағы адамдарға көмектесуге ниет еттім. Күнде таңертең 7-де тұрып аламын. Бізге қандай тапсырма түскеніне қарай маска тарату, бөлу немесе азық-түліктерді бөліп, жинақтау және тарату жұмыстарына араласамын, – дейді ерікті Әділхан.
Полиция қызметкерлерімен бірге патрульге шыққан еріктінің міндеті – тұрғындармен карантин талаптарын орындау жөнінде профилактикалық әңгіме жүргізу, кездесулерді видео мен фотоға түсіру. Блокбекеттерде көлік жүргізушілеріне қалаға кіру және одан шығу ережелері жазылған жадынамалар таратады.
Заттарды жеткізу кезінде сақтық үшін есік ашқан тұрғындармен арақашықтық сақталады. Мәселен, азық-түлікті апарғанда үй иесінен есікті ашып, сосын есіктен әрірек тұруы сұралады. Еріктілер қорапшаны табалдырыққа қойып, есіктің бер жағында өзі де алыс тұрады. Міндетті түрде беттерінде маска, қолдарында қолғап және антисептик қолданып жүреді.

Райхан РАХМЕТОВА

  1. Индира Кусайнова :

    Сәлеметсіздерме Құрметті волонтерлар! Сіздерден комек сұраймын. Мен Кусайнова Индира Тусибековна баспана ға мұқтажбын, үш балам бар.балаларым кішкентай ,кішкентайым 5 айлық,жұмыс істеп отырған жоқпын, балаларыма карап уйде отырмын. Жолдасым кара жумыста істейді. Табысы өте аз,жетпейді өтініп сұраймын көмектесіңіздерші.Астана каласында тұрамыз әлі баспанамыз жоқ, бір бөлме жалдап турамыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − 1 =