©2020 Астана Ақшамы
Полициядағы кезекші прокурор
Қылмыстық сот ісін жүргізуде азаматтардың конституциялық құқықтары сақталуын қадағалау – прокурорлық қызметтің басым бағыттарының бірі.
Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2012 жылғы 30 қаңтардағы бұйрығымен Полициядағы кезекші прокурор туралы ереже бекітілген, бұл ереже ішкі мәселелерді анықтауға және заң бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді.
Аталған ережеде адам мен азаматтың конституциялық құқықтарын қорғауға баса мән бере отырып, кезекші прокурордың негізгі құқықтары мен міндеттері бекітілген.
Ағымдағы жылы прокурорлық тексерулер барысында конституциялық құқықтарға қатысты біршама заң бұзушылықтар анықталды. Азаматты қылмыстық қудалау органына әкелгеннен бастап қылмыстық іс бойынша нақты шешім қабылдағанға дейінгі уақыттағы лауазымды тұлғаның бақылаусыздығы салдарынан олардың тыйым салынған шараларды қолдануына жол берілген.
Тек осындай тексерістердің нәтижесінде жыл басынан бері қылмыстық қудалау органының қызметтік және өзге де үй-жайларында заңсыз ұсталынған 74 азаматтың құқығы қалпына келтірілді. Қылмыстық қудалау органының 29 лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Ағымдағы жылы да қала прокуратурасы азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтауға қатысты белсенді жұмыстарын жалғастыруда.
Айта кетсек, қала прокуратурасының қадағалау қызметі барысында Н. есімді азаматты бекітілген мерзімінен астам уақыт заңсыз ұстау фактісі анықталды. 2013 жылдың 15 қаңтары күні сағат 12:40-та Алматы аудандық ІІБ кезекші бөліміне полиция қызметкерлері Н. есімді азаматты жеткізіп, ІІБ қызметтік ғимаратында 4 сағаттан астам ұстаған, бұл оның Қазақстан Республикасы азаматы ретіндегі конституциялық құқығын бұзу болып табылады.
Қорытындылай келе, елорда қонақтары мен тұрғындарына прокуратура органдары Астана қаласындағы аудандық ІІБ үш ғимаратында кезекшілікті жүзеге асыратынын ескерткім келеді.
Енді әрбір азамат полиция қызметкерлерінің конституциялық құқықтарды бұзу фактілері туралы кезекші прокурорға немесе 45-75-34 сенім телефонына жүгіне алады.
Арман КӨПЕНОВ,
Астана қаласы прокуратурасының
2-басқарма прокуроры