©2020 Астана Ақшамы
Полиция «жан алушы» ма, жанашыр ма?
Жуырда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен құқық қорғау органдары басшыларымен кеңес өткені белгілі. Кеңестің басты мақсаты – қоғамдағы қылмысқа қарсы күресті қарқынды жүргізіп, сыбайлас жемқорлықтан жирендіру, әділсот қалыптастырып, шетел тәжірибесін үйрену деуімізге болады.
Кеңейтілген кеңес барысында Мемлекет басшысы елдегі құқық қорғау органдары басшыларына алдағы мақсат-міндеттерді айқындап, нақты тапсырмалар жүктеді. Құқыққорғау органдарының басшылары мұндай алқалы құрамда Президентпен араға екі жарым жыл салып кездесіп отыр. Президент Жарлығына сәйкес өткізілген аттестациядан кейінгі алғашқы жүздесуде Бас прокурор Асхат Дауылбаев құқық қорғау саласындағы жетістіктер мен кемшілік тұстарды ашық мәлімдеді.
Жалпы, мұндай кемшіліктерді болдырмас үшін Елбасы өзінің халыққа арнаған жолдау-ларында бұл мәселені жүйелі түрде айтып келеді.
Алқалы жиында да Президент әуелі құқық қорғаушылар халықтың «жан алушысы» емес, жанашырлары болуы қажеттігін қадап айтты. Екіншіден, сала мамандары ескіден жиреніп, жаңаны үйрене білуі тиіс.
Дегенмен, полиция қызметкерлері қылмыспен күресте ең алдыңғы қатарда тұрады. Адам өміріне қауіп төнгенде де олар өз кеуделерін оққа тосатыны анық. Елбасының айтуынша, құқық қорғау органдарының жұмысына жаңа реформа керек. Өйткені, бұрынғы кеңестік қасаң көзқарас қалыптасып қалған. Озық елдің тәжірибесінен үлгі алып, қолдана білуіміз керек.
Үлкен қылмыс әуелі ұсақ бұзақылықтан басталады. «Сынған терезе» қағидасы бұған дейін де көтерілді. Алайда, істің әлі де жеткіліксіз тұстары көпшілікке белгілі. Сонымен қатар, қылмыскердің бәрін кінәлі деп тауып, темір торға тоғыта беру де тиімсіз. Мұның да тың тәсілдерін ойластыратын уақыт жетті. Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру жұмысын әлі де жалғастыру керек деп ойлаймын.
Еуропа елдерінде соттау ісі қымбатқа түскендіктен әрі жылға созылатындықтан, ортақ келісімге келуге тырысады. Осы ретте айта кетейін, 2012 жылы 28 қаңтарда қабылданған «Медиация туралы»заңға сәйкес, медиаторлардың қызметін кеңінен пайдаланғанымыз абзал. Яғни, дауларды сотқа жеткізбей, өзара бітімге келіп шешу керек. Ата-бабамыздан келе жатқан құқықтық дәстүрді жалғастыру екі тарап үшін де тиімді екені даусыз.
Қоғамдық тәртіп мәселесінде жергілікті әкімдердің де жауапкершілігін арттыру жүктеліп, қоғамдық орындардың бәрін бейнебақылау жүйесімен жарақтандыру қажеттігі айтылды. Бұл – әрбір тұрғын үй кешені мен ондағы кіреберістерге қатысты шаруа.
Жалпы, құқық қорғау органдарының жұмысын жаңғырту, оны жетілдіру басымдықтары «Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасында» да айқын көрсетілген. Осы құжаттағы басымдықтарды еске ала отырып, Елбасы құқық қорғау органдарының алдына тың талаптар мен маңызды мақсат-міндеттер жүктеді. Түйінін айтқанда, қоғамда тәртіп болмай, мемлекеттің қалыпты дамуы жоқ. Міне, осындай маңызды тапсырмаларды жүйелі түрде орындауда құқық қорғау өкілдері де халық сенімінен шыға біледі деп ойлаймыз.
Жамаладен ИБРАГИМОВ,
ҚР Заң шығару институтының
жетекші қызметкері, доцент