Полицейлерге сыйақы төленеді

0 21

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісін өткізді. Мәжілісте биылғы 9 айдағы ішкі істер органдары жұмысының қорытындысы және ІІМ-дегі реформалар туралы сөз болды. Президент жиынға дейін ішкі істер органдарының арнайы техникасын көріп, Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті жедел басқару орталығының қызметімен танысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев індет кезінде өз міндеттерін абыроймен атқарған ішкі істер органдарының барлық қызметкерлеріне ризашылық білдірді. Полицейлердің жұмысы қауіп-қатерге толы екенін айтып, тәуелсіздік жылдарында қызметтік міндетін орындау кезінде 797 полицей қаза тауып, 2604 қызметкер ауыр дене жарақатын алғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ халықтың көңілі алаңсыз, ұйқысы тыныш болуы үшін полиция тәртіп сақшысы екенін іс жүзінде дәлелдей білуге тиістігін қадап айтты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде ІІМ-дегі реформалардың 1 желтоқсаннан кейін жүзеге асырылатынын айтты. Кадр саясатына ерекше тоқталып, полицияда дөрекілік пен біліксіздікке жол берілмеуі қажеттігін жеткізді. «Мұнда жоғары дайындықпен келген және өз ісіне шынайы берілген мамандар жұмыс істеуі керек. Мемлекет пен қоғам оңтайлы өзгерістерді күтіп отыр. Тәртіп сақшылары азаматтарға үлгі болуге тиіс» деді Президент.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мемлекетке қауіп келтірмейтін қылмыс жасаған азаматтарға келер жылы рақымшылық жасалады. Президент Үкіметке елордалық полиция департаментіне жаңа ғимарат салу мәселесін тапсырды. Алғы шепте жүрген полиция қызметкерлерінің ерен еңбегін ескере отырып, тәртіп сақшыларына арнайы сыйақы төленетінін хабарлады. Бұл мақсатқа жыл соңына дейін 11,5 млрд теңге бөлінеді. Сонымен қатар мемлекет есебінен полицейлерге баспана жалдауға 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10 млрд теңге жұмсалады. Президент Үкіметке үш жылдың ішінде тәртіп сақшыларының еңбеақысын 30 пайызға өсіру туралы тапсырма берді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine − 4 =