Полицейлер қорғаныш киімін киді

0 20

Төтенше жағдай режимі енгізілген алғашқы күннен бастап полицейлер мен әскери қызметшілер блокпостарда жұмыс істеп, қоғамдық тәртіпті күзетеді, карантиндік аймақтарда жұқтыру ошақтарын оқшаулау бойынша арнайы іс-шаралар жүргізеді.«Қауіптілігі жоғары топтармен» жұмыс істей отырып, медицина қызметкерлері сияқты, олар да өздеріне жұқтыру қаупімен бетпе-бет келеді. Осыған байланысты, ІІМ басшысының тапсырмасы бо­йынша қылмыстық-атқару мекемелерінің барлық тігін цехтарында ішкі істер органдарының қызметкерлеріне медициналық маскалар мен арнайы костюмдер тігу жолға қойылды. Қорғаныш комбинезон көп рет қолданылатын, су өткізбейтін қоспалы матадан жасалған. 160 қорғаныс комбинезонынан тұратын бірінші партияны блокбекетте қызмет атқаратын елордалық полицейлер алды. Жақын арада қорғаныс комбинезондарымен ІІМ-нің барлық аймақтық бөлімшелері қамтамасыз етіледі. Бірінші кезекте оларды карантиндік іс-шараларға тартылған қызметкерлер алады.
– Күн сайын 25 мыңға жуық полицей, құтқарушылар, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жасақпен күзетке шығады. Осы қиын жағдайларда пенитенциарлық жүйе өзінің тиімділігін көрсетті. Менің тапсырмам бойынша әзірленген қылмыстық-атқару жүйесі комитеті «Еңбек» РМК-ның қаражаты төтенше жағдай кезінде өз қызметтік борышын тәулік бойы орындайтын қызметкерлеріміздің денсаулығын қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Сондай-ақ ҚАЖК басшылығының «дезинфекциялық тоннель» деп аталатын қорғаныс құралы Ішкі істер министрлігінің ғимаратына кіреберісте орнатылған. Тоннель құрылымы дезинфекциялық қасиеті бар арнайы физерітіндіні бүрку құралымен жабдықталған. ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәліметіне қарағанда, мұндай пункттер ҚАЖ мекемелерінде коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында барлық колонияларда орнатылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven − one =