©2020 Астана Ақшамы
Полицей «көзі» бақылап тұр
Қоғам болған соң, қылмыс та болмай тұрмайды. Қылмыстың үлкені де, кішісі де – бір, қай-қайсысы да зиянсыз емес. Тек алдын алу керек. Бұл – жер бетіндегі күллі мемлекеттің ұстанымы, мұраты. Адамның өмірін қиған да – қылмыс, қоқысты кез келген жерге лақтыра салған да – қылмыс. Осының барлығын бақылау – қиынның қиыны еді. Технологиясы дамыған заман мұның да амалын тапты.
«Сақшы» камералар сақадай сай
Астананы қылмыс, бұзақылық жайласа, арымызға сын. Келеңсіздіктердің алдын алуда бас қалада игі шаруалардың дені атқарылуда. Қазіргі кезде елорда көшелерінде 649 бейнебақылау камерасы орнатылған. Көрінбейтін сақшы «көздерінің» көмегімен өткен жылы 214 қылмыс ашылыпты. Астана қаласы Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі София Қылышбекованың сөзіне сенсек, былтыр 39 мыңнан аса әкімшілік құқық бұзушылық пен 14 300-ден астам жолда жүру ережесін бұзу дерегі бейнебақылау камералары арқылы ашылған. Полицей «көздері» ағымдағы жыл басынан бері де қырағылығын жоғалтпапты. Қаңтар айынан бері 28 қылмыс айғақталып, 3550 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық пен 1900-ден аса жол ережесін сақтамаушылық тіркелген.
«Қауіпсіз аула» қапы қалдырмайды
Астана тыныштығының бір кепілі – «Қауіпсіз аула» жобасы. Бұл жоба 2008 жылдан бастап енгізіліп, игілігін паш етуде. Бүгін елордадағы 46 тұрғын үй кешеніндегі 97 кіреберісті 166 консьерж күзетеді. Мамандардың талдау нәтижесіне сүйенсек, соңғы кезде «Қауіпсіз аула» аумағында құқық бұзушылық тіркелмеген.
«Бүгінде Астанада «қауіпсіз» санатына кіретін 15 аула бар. Солардың бірі – Қабанбай батыр даңғылы, 6/3, 6/6 мекенжайында орналасқан «Каскад» тұрғын үй кешені. Онда құқық бұзушылықтың алдын алу үшін ғана емес, оны мүлде болдырмау жолдарын қарастыратын бірегей қауіпсіздік жүйесі жұмыс істейді» дейді София Анарбекқызы.
Департамент өкілдерінің айтуынша, дамыған елдердің озық тәжірибесінен үйреніп, тұрғын үйлердің аулаларындағы қауіпсіздік мәселесін шешуді құзырлы орындар басты міндеті санайды. «Қауіпсіз аула» жобасының арқасында жүздеген бұзақылық әрекетке жол берілмеді. Он мыңдаған бейнематериал құқық қорғау органдарына беріліп, автокөлік иелеріне сақтандыру компаниялары өтемақыларын төледі. Жүздеген адам алғашқы медициналық көмекті дер кезінде алып, өмірлерін сақтап қалды». Бұл – осы жобаның басы-қасында жүрген полицейлердің сөзі.
Тұтылған тәжік бес тәулікке қамалды
Нақты деректерге жүгінсек, бұрнағы күні ғана тәртіп сақшылары бейнебақылау камерасының көмегімен түс мезгілінде тұрғын үйдің ауласында дәрет сындырған ер адамды ұстады. Көші-қон полициясы басқармасының қызметкерлері оның 1973 жылы туған Тәжікстан азаматы екенін анықтады. Ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен ол Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 330-бабы бойынша бес тәулікке қамаққа алынды.
Орайы келгенде айта кеткен жөн, 8 ақпан мен 11 ақпан аралығында-ақ әкімшілік полиция қызметкерлері айтылған бап бойынша 49 істің соңына түсті. Нәтижесінде төрт адам бір тәулікке әкімшілік жазаға тартылып, 44 дерек бойынша тиісті шаралар қолданылған.
Көлікті қолды қылған қос ұры
Ақпанның алтыншы күні астаналық азамат «Тойота-камри» маркалы автокөлігінің қолды болғанын айтып, «102»-ге шағымданады. Сауда үйлерінің бірінің автотұрағына қойылған көлік бір түнде ұрланған. Полиция қызметкерлері тағы да бейнебақылау камераларының көмегіне жүгінді. Ақыры анықталды, ұрылар 1989 және 1991 жылдары туған елордалық жеткіншектер болып шықты. Осы дерек 175-бап бойынша қылмыстық іс қозғалып, ұсталғандар қамауға алынды.
Асхат РАЙҚҰЛ