Полигон ардагерлері қолдау күтеді

0 134

Тәуелсіздіктің елең-алаңында еліміз үшін қабылданған ең сәтті шешімдердің бірі ретінде Семей ядролық полигонының жабылғанын айтуға болады. Жарты ғасыр бойы бұл аймақта 456 ядролық сынақ жүргізілді. Сол кезде құпия мәлімет болғанымен кейіннен Семейдегі сынақтың Хиросимаға тасталған атом бомбасынан 2500 есе қуатты екендігі кейіннен айтылды. Тажал ошағындағы сынақ тоқтағанымен, жергілікті жұрт оның зардабын күні бүгінге дейін сезініп келеді. Сынақ осы аумақта әскери борышын өтеген жауынгерлердің де денсаулығына сызат түсіріп, өз ізін қалдырып кетті. Өкініштісі, сол Отан алдындағы әскери борышын тажал отын кешіп жүріп өтегендер бүгінде елеусіз қалған. Редакциямызға арнайы ат басын бұрған «Ерекше тәуекелді сарбаздар» қоғамдық бірлестігінің өкілдері Әнуарбек Нұранов пен Ержан Дүйсенбаев қаруластарының көкейінде жүрген бірқатар мәселенің тиегін ағытты. Бұған дейін еліміздің әр қиырындағы Семей ядролық полигоны аумағында әскери борышын өткендердің басын «Ерекше тәуекелді сарбаздар» қоғамдық бірлестігінің жергілікті филиалдары бір арнаға тоғыстырған. Бүгінде сол ұйымның белді мүшесі Ержан Дүйсенбаевтың ұйытқы болуымен «Семей полигоны ардагерлері мен мүгедектері» заңды тұлғалардың бірлестігі құрылып жатыр. Ә-дегеннен ұйым белсенділері Семей полигоны ардагерлері мен мүгедектерінің мәселесін шешу үшін тиісті ведомстволарға талап-тілектерін жеткізіп те үлгеріпті.
– Қазір Семей полигоны аумағында әскери борышын өтегендердің алды 80 жасқа толды. Олардың бәрі де 18-20 жастарында радиация жұтып, сынақ алаңда жүрді. Ал ғалымдар адам организміндегі радиацияның 50 жылдан кейін бой көрсетіп, денсаулыққа кері әсер ететінін айтып жүр. Бір кездері бізге біраз жеңілдіктер жасалған. Қазір олардың ешқайсысы жоқ. Семей полигоны ардагерлеріне мемлекет тарапынан ешқандай жағдай жасалмаған. «Ұлы Отан со¬ғы¬сының мүгедектері мен олар¬ға теңестірілген тұлға¬лар¬ды әлеу¬меттік қорғау туралы» және «Ардагерлер туралы» заңында да біздің санатымыз айқындалмаған. Бізді 1966 жылдан ядролық жарылыстарын жасау кезеңінде осы аумақтарда тұрған, жұмыс істеген немесе әскери қызмет (соның ішінде мерзімді) атқарған азаматтарды ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтар санатына жатқызып жіберген. Бір сөзбен айтқанда, Семей тұрғындары мен сол полигонда әскери борышын өтеген сарбаздардың мәртебесі бірдей. Бірақ бұл екеуінің арасындағы айырмашылық жермен көктей. Жергілікті тұрғындар өздері қалаған уақытында полигон аумағынан көшіп кетуге құқылы болды. Ал біз қатал әскери бұйрықпен жүрдік.
Әскердегі қызметім құрлықаралық ракеталарға техникалық қызмет көрсетумен байланысты болды. Радиацияны ешқандай қорғаныш киімсіз жалаң қолмен ұстап жүрді. Мектепті бітіре сала әскерге алынған жас жігіттер оның зиян екенін білмей де қалды.
Отан үшін от кешіп, осынау қиын шақтарды бастан өткерсек те бізге арнаулы мәртебе беріп, мемлекет тарапынан қолдау жасалмағандығы қынжылтады. Біздің Семей полигоны аумағында қызмет өткергеніміз әскери билетімізде жазылып тұр. Соған қарамастан бізден мұрағаттық анықтама сұратады. Оны Ресейдің Қорғаныс министрлігінің мұрағатынан алдыру керек. Осындай қағазбастылық шаршатады. Әңгіме радиацияның қуатына қатысты болса, біз Чернобыль атом электр стансасындағы апаттың зардабын жоюға қатысқандармен бірдей радиация алдық, – дейді Е.Дүйсенбаев.
Ядролық сынақ алаңына ракеталарды дайындаумен айналысқан Әнуарбек Нұранов әскери борышын құпия әскери бөлімде өтеген екен.
– Мен әскери борышымды өтеген бөлім Байқоңыр қаласында болды. Бізге Ресейден ғалымдар көп келетін. Ресеймен шекаралас аумақта туғандықтан, орыс тіліне жетік болдым. Әрі арнаулы кәсіптік білімім болғандықтан, сол ғалымдармен жүретінмін. Сондай сәттер де олар маған күн сайын аздап спирт ішіп жүруді кеңес етті. «35 жасқа дейін үйленбе» деп ескерту жасағандар болды. Олардың ақыл-кеңестеріне құлақ астым. Ауылға келгенде ата-ана, туған-туыс шаңырақ құр деп қыстады. Бірақ мен әлгі ғалымдар айтқандай, 35 жасыма дейін жар сүюден бас тарттым. Әрине, осы жасқа дейін салт жүруімнің себебін ол кезде ешкімге айта алмадым. Қазірде 40 жыл бұрынғы әскери өміріме қатысты көп нәрсені жария ете алмаймын.
Ал қазір көтеріліп жатқан Семей ядролық полигонында әскери борышын өтегендердің мәртебесі жөніндегі мәселе шынында өзекті. Осыдан біраз жыл бұрын бізге шипажайларға жолдама беріп тұратын. Қазір оның бірі де жоқ, – деді Әнуарбек Нұранов.
Бүгінде Отан алдындағы борышын полигон аумағында өтеген сарбаздардың алды 70-80 жасқа жақындап қалған. Кезінде жастың буымен білінбеген радиацияның зардаптары бүгінде жандарына батады. Соның салдарынан айықпас дертке шалдығып, өмірден ерте өтіп кеткендері де бар.
– Бірер жылдан бері 29 тамызды Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні ретінде белгіленді. Осы датада өмірден өткен қаруластарымыздың құрметіне гүл шоқтарын қойып, қаралы жиындар өткізейін десек, сынақ алаңында әскери борышын өтеген солдаттарға арналған бірде-бір ескерткіш жоқ. Әлгінде айтылған шараларды Ауған соғысының ардагерлеріне немесе Чернобыль атом электр стансасының зардабын жоюға қатысқандарға арнап қойылған ескерткіштерде өткізіп жүрміз.
Сонымен қатар тек түрлі қоғамдық бірлестіктер өз қаражаттарынан көзі тірі қаруластарға Семей полигонында атқарған қызметін елеп-ескеріп, орден-медальдар тағып жатады. Олардың мұнысына да рақмет. Дегенмен осынау сый-құрмет Үкімет тарапынан жасалса дұрыс болар еді, – дейді Ержан Дүйсенбаев.
Бір сөзбен айтқанда, әскери бұйрықпен сынақ алаңында от кешкен сарбаздарды санатқа қосу мәселесіне атүсті қарауға болмайды. Ардагерлердің айтуынша, мұны полигон аумағында тұрған азаматтар мен онда әскери борышын өтегендердің мәртебесі айқындаудан бастаған жөн секілді.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − 14 =