«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Полиэтиленді таста, бүгіннен баста!

0 250

Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күніне орай қалалық әкімдіктің қол­дауымен Еуразиялық топ (ERG) қазақстандық «Биопакет» компаниясымен бірлесіп, «Бүгіннен баста, полиэтиленді таста» атты экологиялық шара өткізді.

Шара барысында Астандағы «Galmart», «КеңМарт», «Алма» және «SMALL» сынды ірі сауда орталықтарының кассаларында тұтынушыларға әдеттегі полиэтилен пакеттерінің орнына табиғатқа залалсыз 50 мың биопакет тегін таратылды.
– Бір реттік пластикалық бұ­йымдарға біз шектен тыс әуес­теніп кеттік. Өз кезегінде мұның жер шарына залалы орасан. Мә­селен, әр минут сайын әлемде
1 миллион пластикалық бөтелке сатылады екен. Адамзат жыл сайын 5 триллион бір реттік полиэтилен пакеттерін қолданады. Біз қолданатын пластик бұ­йымдардың тең жартысы тек бір рет пайдалануға жарамды болса, плас­тикалық ыдыстардың үштен бірі жинап, қайта өңдеуге келмейді. Нәтижесінде қала мен елді­ мекендер маңына тасталып, қор­­шаған ортаны ластайды. Ал осындай полиэтиленнің ыдырауына 250 жыл керек. Сондықтан жұртшылықты табиғатты қор­ғау­дың осы бағытына ерекше көңіл бөлуге шақырамыз, – дейді «Еуразиялық топ» ЖШС қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Талғат Төребеков.
Мамандардың айтуынша, биопакет – миллиондаған адамдар шығаратын зиянды пластиктен өзге экологиялық мәселелердің бірден-бір шешімі. Мұндай пакеттерді шығаратын отандық компания айына 35 миллион қап­шық, соның ішінде қарапайым қоқысқа арналған биологиялық ыдырайтын қапшықтар мен қаптама орауыштарын өндіреді. Шикізаты Еуропадан әкелінетін қапшық бағасы – 25 теңге.
– Бұл – қарапайым қаптамалар емес, сонымен қатар биологиялық тыңайтқыш пакеттер. Күнделікті қолданыста жүрген полиэтилен қапшықтары мұнай өнімдерінен жасалатын болса, біздің қаптамалар органикалық өнімдерден тұрады. Оның артықшылығы да осында. Өйткені біраз уақыттан кейін ол тыңайт­қышқа ыдырайды. Пластиктер түрлі зиянды заттар шығарса,
органикалық қапшықтағы өнімдер бастапқы қалпын сақтай алады. Ал біздің басты мақсатымыз – импортқа тәуелді болмау үшін Қазақстанда шикізат өндірісін құру, – дейді «Биопакет» компаниясының басшысы Батыр­хан Жұманов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды