ПОЭЗИЯ «ПАЙҒАМБАРЫ»

0 193

Сталиндік зобалаң қазақ халқының тағдырына «қаралы жылдар» таңбасын салып, ұлы тарихтың қан мүңкіген парақтарының бірі болып қалды. Репрессия кезеңінде талай арыстарымыз кералаң замана жүзіне қасқая қарап, кеудесінен рухы ұшқанша «Алаш» деп аңсарын аспанға жалғап, ақыры ажалдың құрығына ілінді. Аяусыз тажал жалмады бірінен соң бірін. «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз» деген ұлы идеяны ұстанған қазақ интеллегенциясы жиырмасыншы ғасырдың ұлы «құрбандығына» айналды. «Не көрсем де Алаш үшін көргенім, Маған атақ – ұлтым үшін өлгенім!» деп, жан сөзін көмейінен гүлдей төгілтіп, рухының жұпарымен ғаламды толқытқан сол кезеңдегі қазақ рухани элитасының бірі һәм бірегей өкілі – Мағжан Жұмабаев еді.

«Күншығыстан таң келеді, мен келем…»

Жиырмасыншы ғасыр қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, руханиятының ренессансы болып қалыптасқаны даусыз. Абайдан кейінгі дәстүрлі поэзия көші алашордалықтардың алтын дәуірімен келіп ұштасқан мезетте әдебиеттің тың жолдары қалыптасып, жаңа реформация жүрді. Осынау ұлы бастаудың басына «күн болып қонып», «от болып жанып» Мағжан ақын келді. Абайдан кейінгі қазақ өлеңінің алғашқы реформаторы ретінде ол бірден «құбылысқа» айналды. Бұл жөнінде заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Қазақ поэзиясының атасы Абайды сүйемін, бұдан соң Мағжанды сүйемін. Мағжан – мәдениеті зор ақын» деген болатын.

Жыраулық поэзиядан кейінгі кезеңде Абай поэзиясының шоқтығы биік. Ал, одан кейінгі тұтас бір толқын, жаңа буын келді әдебиетке. Соның қатарында Мағжанның орны айрықша. Биік идеялары мен поэтикалық потенциалы арқылы қазақ өлеңіне лирикалық философияның нәзік иірімін әкелген шайырдың туындылары тың жаңалық бола білді. Еуропаның және орыс классиктерінің шығармаларын жете меңгеріп сусындаған ол форма мен стиль жөнінен Абайдан кейінгі дәстүрлі өлең өлшеміне өзгеріс енгізіп, махаббат лирикасының ең асқақ ақыны ретінде тарихта өзіндік өшпес қолтаңба қалдырды.

Әуезов тағы бір сөзінде: «Абай ақылдың ақыны, ал Мағжан болса, ақындардың ақыны» депті.

Иә, сезімі оттай лаулаған ақынның көкіре­­гі­­нен жанартаудай атылып шыққан сөз әрбір исі қа­­­­зақтың жүрегінде жалын боп тұтанды. Ал, ақын­­­­­ның «ұлт» деп соққан жүрегінің серті –­ Алаш­­­­тың мүддесін жырлау һәм түркілік та­­­ным­­­­­ды өлең өлшеміне сыйғызып, жеткізу еді. Бұл ретте ақынның арман мен мұраты, аңсары шы­­­­ғармаларынан анық көрініс тапты. Мәселен,
Күншығыстан таң келеді – мен келем,
Көк күңіренеді: мен де көктей күңіренем.
Жердің жүзін қараңғылық қаптаған,
Жер жүзіне нұр беремін, Күн берем!
Қап-қара түн. Қайғылы ауыр жер жыры!
Қап-қара түн. Күңіренеді түн ұлы.
Күншығыста ақ алтын бір сызық бар:
Мен келемін, мен – пайғамбар, Күн ұлы! –
деген өлең жолдары жоғарыдағы сөзіміздің айғағы.

Қазақтың байрағындай қайран ақын

«Ұлы өзендер тынып ағады» деген тәмсіл бар. Алайда, Мағжанның жыр арнасы теңіздей толқыған алапат күшке ие. Мұны ақын жырларынан аңғару қиын емес.
1924 жылы ұйымдастырылған әдеби сот оған «ұлтшыл», «өршіл» әрі «пантюркист» деген айып тақты. Ақын өлеңдері «сары уайымшылдықты», «сағынышты», «мұң-зарды» бейнелейді деген жала жапты. Бұл социалистік жүйенің ұстанымдарына қайшы дүниелер деп есептелді. Әйтсе де, С.Сәдуақасов, Ы.Мұстамбаев, Ш.Тоқжігітов секілді қазақ зиялыларының араласуымен ол бір жаладан аман қалды. Осы оқиғадан кейін 1924 жылдың мамыр айында Жүсіпбек Аймауытов Молдағали Жолдыбаевпен қосылып, Мағжанға хат жібереді. Онда: «Сен –қазақтың ақынысың. Алаштың қайғысын жырлайсың, ұлтыңды өліп-өшіп сүйесің, онымен бірге күйзелесің. Қазақтың келешегінен үміт жоқ болса, онда жойылып кету халіндегі халыққа көркем әдебиеттің керегі қанша? Біз сенен кеудемізге рух пен қуат құйып, дертімізден айықтыратын, бақытқа бастайтын сөз күтеміз.

Сен – қазақтың байрағысың. Мейлі тасбақа аяңмен жүр, бірақ, өмірден үмітіңді үзбе, өмірге орал, ХХ ғасырда тұрғаныңды ұмытпа! Өрісіңнің кеңеюін тілеп, қайғылы сезімнің құрсауынан өз-өзіңді ептеп босатуыңды қалаймыз» делінген. Бұл орайда, ақынның сөзі – дәуірдің сөзі екенін, қасиетті миссия деп түсінді. Өлмес өлең өршіл болуы тиіс деген ойды ұстанғаны да рас. Соның нәтижесінде «Пайғамбар», «Күншығыс», «От», «Түркістан» секілді жырлары дүниеге келді. Көзі ашық, көкірегі ояу ретінде интеллгенция Мағжанның талантын мойындады. Сүйсінді. Сүйінді. Жата-жастанып оқыды. Сол өміршеңдігі мен болмысының кемелдігі арқылы ол Мәңгіліктің әлеміне қадам басты.

Батыр естелігіндегі бұлың дерек

«Алашордашыл», «ұлтшыл» ретінде жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде арыстарымыздың көпшілігі айыпталды. Осындай жаламен Мағжанның басына да талай қара бұлт үйіріліп, ақыры 1924 жылы Орынборда әдеби сот ұйымдастырылып, оның шығармашылығы мен азаматтық сипаты үлкен сынға алынды. Сол кезде Жүсіпбек Аймауытов «Мағжанның ақындығы» атты мақаласында оны ақтап алу үшін: «Оның нағыз кінәсі, жалғыз-ақ кінәсі – аса дарындылығында» деп жазды.

Иә, түптің түбінде аса «дарындылық» оны мәңгілік құрдымға жіберді. Тарихи деректерде ақын 1938 жылы атылды делінеді. Алайда, мағжантанушы ғалымдар мен куәгерлер, ол 1951 жылы Ресейдің Магадан облысы Сусуман ауданы Берелех лагерінде дүние салды деген тың деректі алға тартады. Қазақтың баһадүрі Бауыржан Момышұлы да өз күнделігінде былай жазады: «1948 жылы мен Сібірдегі 59-бригада командирінің орынбасары болып тағайындалдым. Кезекті әскери жаттығулар өткізіп жүрген кезімде ну орманның арасында отқа жылынып отырған бір топ адамды көріп, маңына жақындадым. Киген киімдері біртүрлі, әсілі сотталғандар болу керек. Олардан өз­­ге­­ше­­леу, басында түлкі тымағы бар бір адам он -он­­ бес метрдей жерде өз алдына жылынып отыр екен. Тегінде қазақ сияқты. Мен соған жақындап келіп, қазақша «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем бердім. Ол менің сәлемімді ернін жыбырлатып қана қабылдап, түріме одырая қарады да, үндемей отыра берді. «Бұл не қылған адам?» деп өз ойымды жинап алғанша, ол теріс қарап отырған күйінде: «Маған жақындама, бәлем жұғып кетеді» деді. Сол кезде барып менің есіме Мағжан түсіп, оның өлеңдерін жатқа айта бастадым. Ол сәл жібіп: – Менің жағдайым қиын ғой, маған жақындамағаның дұрыс болады. Шамаң келсе, мені елге жеткіз» деді. Мен оның қазақтың ақиық ақыны Мағжан екенін біліп, шамам келсе көмектескім келді де: «Мен он шақты күннің көлемінде қайта ораламын. Сол кезде дайын болып тұрыңыз» дедім. Он шақты күннен кейін уақытым болмай, қайтып келе алмадым. Бір айдан кейін келсем, түрменің бастығы маған оның сал айдап жүріп, суға кетіп қайтыс болғандығын айтты». Бұл деректі сол лагерьде бірге болған ақсақал Абдулла Әбдірахманов та растап отыр.

Тарихтың терең қойнауында жатқан шындық түбінде ашылмай қоймайды. Келешекте Мағжан жайындағы ақиқаттың да ашылары сөзсіз. Бұл мағжантанушы ғалымдардың әрі әдебиетшілердің еншісінде. Ал, қазіргі уақытта ұрпақ парызы – ақын шығармаларын зердесіне тоқып, соның қадіріне жету.

Саян ЕСЖАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 1 =