«Поэзия, менімен егіз бе едің?..»

0 52

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толуына арналған «Поэзия, менімен егіз бе едің?..» атты онлайн режимде әдеби кеш өтті.

Мазмұнды кеш барысында аталған оқу орынның инклюзивті ақпараттық ресурстар орталығының үйлестірушісі, модератор Гүлhая Бабаханқызы студенттерге поэзия мұзбалағы туралы жан-жақты айтып өтсе, сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің маманы Иманғазы Нұрахметұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына тоқталып, Мұқағалидың бір өлеңін оқып берді.
Сондай-ақ іс-шара қонағы, журналист Мұнайдар Балмолда Мұқағали Мақатаевқа арнаған өлеңін тарту етті. Сонымен бірге мәдени шараға экономика факультеті «Жас Отан» жастар қанатының белсенді студенттері үлес қосты. Аталмыш ұйым төрағасы Бақбол Адуын ақынның «Бақыт деген не өзі?!» атты өлеңін оқыса, Камилла Русланқызы «Сенің көзің», ал Нұрайлым Шынжырова «Санаулы күн, санаулы ай, санаулы жыл» өлеңін жатқа айтты.
Филология факультетінің 3-курс студенті Фариза Мүсілімнің оқуындағы ақынның «Фаризаға» атты өлеңі тыңдармандарды ерекше толқытты. Журналистика және сая­саттану факультетінің 3-курс студенті Рамазан Есмағанбетов те сыршыл суреткердің «Ей, өмір» атты өлеңін келістіре оқып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Әдеби кеш соңында университеттегі ғылыми кітапхана директорының орынбасары Жанар Бекайдарқызы іс-шараға қатысушыларға алғысын айтып, кешті біртуар ақынның «Поэзия, менімен егіз бе едің?..» атты өлеңімен қорытындылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 + four =