Пневмония мен коронавирустың есебі бір

0 97

Елімізде өткен аптадан бері шу болған пневмония мен коронавирус статистикасын біріктіру мәселесіне кеше нүкте қойылды. Екі дерттің мәліметтеріндегі ашықтықты қамтамасыз ету үшін олардың есебін біріктіру туралы шешімді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Орталық коммуникация­лар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

«Жинақталған клиникалық тәжірибелер зерттеуі осы аурулардың ұқсастығы барын көрсетті. Сол себепті оларды емдеудің бірыңғай тактикасын қолдану керек. Өткен аптада біздің министрлікке ДДСҰ-ның коронавирус жағдайларын жаңа форматта классификациялау және тіркеу жөніндегі ресми хабарламасы келді, соның аясында осындай шешім қабылдадық» деді ол. Коронавирус бойынша жаңа статистика биыл 1 тамыздан бастап жүргізілетін болды.

«Белгісіз пневмонияның» зардабы басым ба?

Қытай бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанда коронавирустан да қауіпті «белгісіз пневмония» таралуда деп хабар таратқалы елден дегбір кетті. Оның үстіне қазақстандық кейбір БАҚ-тар әр түрлі шетелдік және қазақстандық тәуелсіз медицина мамандарының асқынған пневмония­ның коронавирус екенін растайтын пікірлерімен желіні толтыруда. Алайда еліміздің денсаулық сақтау министрлігі бұл пікірді жоққа шығаруда.
Қазақстанда «белгісіз пневмония» шықты деген пікірге қатысты мәселе еліміздің сыртқы істер министрлігі көлемінде көтерілді. Forbes.kz аталған министрлік Қытайдың Қа­зақстандағы елшісін елі­міздің денсаулық сақтау министрімен байланыстырып, соның нәтижесінде Қытай тарапына көңіл көншітерлік жауап берілгенін жазды. Сонымен қатар денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова да өткен брифингте айтқан сөзінде пневмонияның өршуінің себептері әлі де белгісіз екенін, еліміздің 4 өңірінде зерттеу жүргізіліп, пневмонияға шалдыққан науқастардан сынама алын­ғанын айтты. Соның нәтижесінде «стрептококки, стафилококки, энтерококки және зең ауруы» сияқты бактериялық инфекциялар табылған.
– Яғни, бұл пневмония тұмау грипі немесе парагрипп арқылы таралмағанын білдіреді. Бірақ әлде де нақтылау үшін зерттеудің екінші кезеңін бастадық. Ол алдағы екі аптада аяқталады. Екіншісінде зерттеуге алынатын өңірлерді көбейтіп, антидене қалыптасқан-қалыптаспағанын білу үшін қан талдамасын да зерттеуге қостық. Нәтижені бәрі біткесін жариялаймыз. Сонымен қатар қазір халықаралық ұйымдармен, ДДСҰ-мен келіссөздер жүргізілуде. Себебі бүгінгі таңда ДДСҰ ұсынымы бойынша статистикаға тек қана ПТР тестінің нәтижесі бойынша расталған науқастар ғана алынады. Біз сұрау салдырдық, жақын уақытта ұйымнан жауап келеді. Қалай дұрыс есептеу керектігі сол келіссөздер барысында шешіледі. Әр елдің статистикасы мен есепке алу жолы әр түрлі. Біз бір ізге түскен жолда, барлық елмен бірге қозғалуды көздейміз, – деді вице-министр.
«Белгісіз пневмонияның» коронавирус екендігі туралы Швейцарияның Лисс қаласында тұратын қазақ терапевт-дәрігер Серік Тұрсын пікір білдіріпті. Оның айтуынша, бүкіл әлем Қытайдан шыққан вирусты ғылыми тұрғыда компьютерлік томографиямен анықтап жатыр. Оны «матового стекла» синдромы, яғни өкпенің қабынуы немесе ақ өкпе, сүт өкпе деп атайды екен. Себебі өкпеде ақ дақ пайда болады. Мұны тек КТ ғана көрсете алады. Осы анықталған дертке әлемде «коронавирус» деген диагноз қойылды. «Ал Қазақстандағы жақындарымнан он шақты рет келген КТ нәтижелерінің бәрінде осы «Матовое стекло» деп жазылып тұр. Бұл дегеніміз – коронавирус. Ал қазақтар оны пневмония деп жүр» дейді ол nege.kz-ке берген сұхбатында. Қазірде қазақстандық емес қазақ дәрігері атамекенінде пневмониямен 98 мыңнан аса адам ауырып отырғанын айтып отыр. Оның айтуынша, ПТР тестінің 30 пайызы қате шығады.

Бір дәрігерге 7 мың адамнан келеді

Емханадағы учаскелік дәрігер телефон соқса неге алмайды? Қазір үйден ем­деліп жатқан көп нау­қас­­тың өкпесі осы. Осы сұ­рақты елордалық ем­ха­на дәрігерлерінің біріне қойғаны­мыз­да, олар бастапқы медициналық санитарлық кө­мек көрсету қызметіне аса үлкен салмақ түсіп, әр дәрігер күніне 40-45 телефон қоңырауын қабылдап жатқанын жеткізді.
Жоғары санатты дәрігер, тәуелсіз сарапшы, №13 қалалық емхананаың жалпы практика бөлімшесінің меңгерушісі Гүлнар Махатова басқаратын ұжымда 10 учаскелік бөлім бар. Сәйкесінше, мұнда 10 дәрі­гер болуы керек. Бірақ эпи­демиологиялық ахуал асқынғаннан бастап 7 дәрігер стационарларға, модуль­дік орталыққа, тубдиспансерге уақытша көмекке жұмылдырылған. Сонда қазір мұнда қалған бар болғаны 3 дәрігерге әрине ауыр жүк түседі. Олар еңбек демалысы дегенді ұмытып, үздіксіз жұмыс істеуде. 1 дәрігердің қызмет көрсету ауқымы орташа есеппен 1600 адамды құрайды, бұл қалыпты көлем, ал бүгінгі жағдайда олардың әрбіріне 7000 адамнан келіп тұр.
– Неге алмайды деп бізге шағым айтады. Біздің айтарымыз – қоймай соғыңыз­дар. Таңертеңнен кешкі 8-ге дейін істейміз. Қазір телефонымыз халықтың соққан қоңырауларынан жарылғалы тұр. Оларға кезегімен жауап беріп, қызмет көрсетудеміз. Міне дәл қазір сізге сұхбат беріп жатқанда да телефон қатарынан соғылып, есікке де тыным жоқ. Телефон қоңыраулары әлі толассыз түсуде. Тек осы 8 шілдеден бері қарай олардың саны біршама азайды, – дейді дәрігер.
Дәрігердің айтуынша, қала тұрғындары негізінен ЖРВИ, қызу көтерілу және басқа да респираторлық белгілер бойынша хабарласады. Олардың көбі сөйлескенде бастапқыда қатты үрейленіп, қорқа беретін. Сондықтан пациенттермен тек учаскелік дәрігер ғана емес психолог та жұмыс істейді. «Паника» жасаған науқастар сосын барып тыныштала бастайды екен.
Нұр-Сұлтан қаласы бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес 23 маусымнан бастап қаланың барлық бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсететін емханалары онлайн форматтағы қызмет көрсетуге көшірілгені белгілі. Дәрігерлер өз жұмыс орнында телемедицинаны қолдана отырып және телефон соғу, бейне байланысқа шығу арқылы консультация беруі керек. Маусым айының аяғында тұрғындар тарапынан хабарласушылар өте көп болды. Науқастарды тіркеп, сұрақтарына жауап және дәрігерлік ұйғарымдар бермес бұрын олар мессенд­жерлерге чек-парақтар жіберуі қажет. Онда науқастар қан қысымы, дене қызуы, дем алу жиілігі, жүрек соғысы туралы деректерін толтырып береді. Дәрігер сол арқылы олардың одан арғы жағдайының динамикасын бақылап отырады. Бөлімше меңгерушісі тіркеуде тұрған ондай пациенттерге таблетка түріндегі тегін дәрілерді үш айға жазып береміз дейді. Дәрілерді бастапқыда медбикелер арқылы апарып берсе, қазір әкімдік тарапынан көмекке жұ­мылдырылған еріктілер өз көліктерімен науқастардың үйіне жеткізуде.
– Алда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Бұған дейін тір­келген науқастардың ішінде дерттің жеңіл және орта дәрежедегі түріне шалдық­қандарды 6 ай бойына, ал ауыр түрін өткергендерге бір жылға дейін реабилитация жүргіземіз. Ал ауру белгісі енді анықталғандарға айтарымыз – егер дене қызуыңыз көтеріліп, бұл­шық еттеріңіз ауырса, миалгия, ЖРВИ белгілері болса үйде қалып емделесіз. Дәрігеріңізбен хабарласыңыз. Ем хаттамаға сай жүргізіледі. Оны барлық дәрігер жақсы біледі. Бастапқы симптоматикалық емдеу кезінде ем үйде жасалады. Бұл кезеңде тамақ, мұрынды жиі шайып, сұйықтық, су көп ішеміз. Дене қызуы 39,5 градустан асса ғана температураны парацетамолмен түсіреміз. Лимон, таңқурай қосылған шәй іше беріңіздер. Қалған емді дәрігер айтады, – деді меңгеруші дәрігер.
Бұл №13 емхана бойынша көрсетілген қызметтер болсын делік. Ал жеке пікірін айтқан кей науқастар өз емханаларында жоғарыда аталған көмек түрлерінің толық көрсетілгенін жоққа шығарды.

– Мен ешқандай бейне консультация дегенді көрген емеспін. Мүмкін ол сәл ауыр түрлеріне арналған шығар. Маған жалпы осы аралықта дәрігерім тек бір-екі рет телефон соқты. Сипмтомдарым туралы біліп, тағайындауларды ватсапқа жіберді. Екі аптадан кейін тағы соғып, әлі де қызуым бар дегеніме қарамастан тіркеуден шығаратынын, енді терапевтке қаралуым керектігін айтты. Ал рентгенге өзім түсіп, бронхит анықталғанын айтқанымда, дәрігерім бұл бронхит ауруы өзінен өзі кетіп қалады деді. Дертім жеңіл және орта деңгейіне жатады. Қайта туыс дәрігер апайым екпе салдырып тез жазылдым, әйтпесе мұның арты пневмонияға ұласып кетуі мүмкін екен.

– Бейне консультация дегенді көрмек түгілі, дәрігерімді өзім соңынан қуып жүріп зорға сөйлестім. Телефонын алмайды. Бір алғанында рецепт жазып берді, мынаны іш деп. Болды, басқа дым істеген жоқ. Сол бойы ол еңбек демалысына шығып кетті, жазсам жауап бермейді. Қайта оның орнына келген жігіт аз да болса хал-жағдайымды сұрап, хабарласады. Дәрі-дәрмек те берген емес маған, өзім сатып алдым, менде де жеңіл түрі деп айтты.

Жалпы әлеуметтік желіде өз жағдайы туралы жазып жүрген науқастардың айтуынша, жедел жәрдем шақырып опа таппайсың. Өз учаскелік дәрігерлері де дұрыс жауап бермей, басқа жеке медициналық ұйым мамандарынан немесе дәрігер туыстарынан қолдау көргендер бар. Бұл жағдай кімге қалай тиюде? Учаскелік дәрігерлер жұмысын тағы жоққа шығара алмайсың. Әдетте әлеуметтік желіде басынан өткен оқиғасымен аурудан емделіп шыққандар жазады, яғни бұл науқастарда дерт жеңіл немесе орташа деңгейде өткен. Ал амбулаторлық деңгейде, жедел жәрдем қызметінде де мамандар негізінен дерттің өте ауыр түрлеріне шалдыққандармен жұмыс істеуге уақытты көп арнайды деген сөз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × two =