«ПІЛГЕ ТӘН ӨРІС, ПІЛГЕ ТӘН ЖҮРІС КЕРЕК»

0 189

Әбіш Кекілбайұлы – жиырмасыншы ғасырдың ұлы жаңалығы. Жаңалық болатын себебі – оның ой мен сөзді жүйелеу траекториясы адамды таңқалдырмай қоймайды. Біз әлі де таңқалудамыз. Ол сөйлеген кезде кереметтер кеме-кеме болып, көз алдымыздан өтіп жатар еді. Ол сөйлеген кезде өзімізді көне цицерондар мен әл-фарабилер, томиристер мен күлтегіндер, қобыланды батырлар мен абылай хандар келіп қатысып жатқан ұлы САММИТте отырғандай сезінер едік. Ескі шаһарлар көнелігімен жарқырап кетер еді. Өзіміз сол шаһарларды аралап жүргендей сәттерді бастан кешіруші едік.

photo_78454

Ол дүниеден өткен күні Елбасы: «Көрнекті жазушы, терең білімді, жаны таза азамат Әбекең тек қазақ халқының ғана емес, Алты Алаштың әлем алдында бетке ұстар ірі тұлғаларының бірі еді» деп күллі қазақ халқына тебірене көңіл айтты. Қазақта «Хан қасында қарашы болса, қара жерден кемең жүрер» деген ескілікті сөз бар. Қарашы дегеніміз – қазіргі кеңесші, пиаршы дегенге келеді. Қара жерден кеме жүруші ме еді? Біздің ел – қара жерден кеме жүргізе алған ел! Оған, біріншіден, Елбасымыздың аса батыл да қажырлы қадамы ықпал етті. Екінші жағынан, Ә.Кекілбайұлы сынды ойшылдардың халықты жұмылдыруда тізе қоса, қа­тар жүргені де талай жүкті жеңілдетті. Тәуелсіздіктің алғашқы ауыр жылдарын­да Елбасының қасында Ә.Кекілбайұлы сынды ойшыл­дың болуы да тарихтың өзі орайластырып қосқандай жағдай екендігіне бүгін баға берудеміз. Көңіл айту хатында Н.Ә.Назарбаев «Оның талай-талай орынды ақыл-кеңестерінің куәсі болдым, жанашырлық кө­мегін сезіндім» деуінің өзі оған берілген өте жоғары баға болды. Кемеңгерлікті тап басып тани алатын қасиеті арқылы ол Ә.Кекілбайұлының жаңа саяси-ойшылдық қырының айқындалуына жол ашып берді. Мұның өзі тәуелсіздік теориясының қазақы мента­литеттік сипатының жасақта­луына мүмкіндік жасағаны дау­сыз.
Жауабынан да құдыретті сұрақтар болады!
Ең ауыр шақта Елбасымыз астананы көшіру туралы ой тас­тай тұрып, «Ең ұлы істер ең ауыр кезеңдерде өмірге келеді» деген еді.
«Ол қалай?» деген еді сонда ел-жұрт. Әрине, іштей.
Осы «ол қалай?» – құдыретті сұрақ еді. Сол кезеңде Әбіш Кекілбайұлының «Пілге тән өріс, пілге тән жүріс керек!» деген идея­сы Елбасының ұлы жоспарының қаншалықты ауқымды екендігін түсіндіріп берді дей аламыз. Ауыр ойды көтеріп тұратын мұндай кеме-сөздер өмір мұхитында талай айсбергтерді жарып өтуге көмектеседі. Көмектесті де.
Қазақ ауыртпалықтың қан­дай екендігін айтайын дегенде «зілдей» деген теңеумен сөйлейді. «Зіл» деген сөздің айтылуының өзі ап-ауыр. Сол «зіл» дегеннің не екенін білесіздер ме? Осыдан 48 жыл бұрын қайтыс болған, діни білімі терең нағашы атам Нәсірқұл Сағымбайұлының айтуынша, «Зіл деген – тарыдай ғана тас екен. Оның салмағын қара жер көтере алмаған соң, Жаратқан Иеміз оны о дүнияға орналастырған екен» дейді. Сол тарыдай ғана бойымен күнделікті тіршілікте сананы ойсыратып тұратын зілдей жағдайлар аз болған жоқ бізде. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміздің төңкерілген кемедей күй кешіп, әрқайсымызды аш қалмаудың қамы адастыра жаздаған күндер болды. Тіршілікті қайта түзеп, шашылған дүниені қайта жинап, мемлекет атты кемеге тиеудің мехнатын бастан өткергеніміз Тәуелсіздік тарихының бетінде жазулы тұр. Әбіш Кекілбайұлы саясатқа дәл осы зілдей ауыр кезеңде келді.
«Мемлекеттің жұмысына араласпағанда, Ә.Кекілбайұлы әлі талай ғажайып шығарма­ларды өмірге әкелген болар еді» деген де пікірлер айтылып жүр. Иә, бұл сөздің де жаны бар шығар. Дегенмен мемлекеттік қызмет Әбіш Кекілбайұлының бойындағы екінші бір дарияның көзін ашты. Яғни, ғұлама саясаткерлігін. Жазушы-ойшылдар тек әдебиетке ғана қызмет ету керек десек, онда тым беріден қайтқандығымыз болады.
Саясаткер дегеніміз – тек сая­си билік саласында қызмет еткендер ғана емес. Саясаткердің мағынасы тым тереңде.
Саясаткер – ең алдымен терең ойдың, ұшан-теңіз білімділіктің, қиыннан қиыстырар сарап­шы­л­­­­дықтың, шешендіктің және сал­­мақты іс-қимылдың адамы.
Саясаткер қашан да халықтың көз алдында. Соңынан ерер сөз, алдынан шығар өткір көз – бәрі де нағыз саясаткердің адымын санап отыратыны да рас. Сүрініп кетсе, тұрғызып ала қоюға бәрі жабыла жүгірер ме екен? Әй, қайдам! Тіпті, сүрінбесе де, жаңаша бір қимыл жасап, жаңаша бір ой тастаса, оны сүріндіге балай салатын да жағдайлар кездеседі. Саясаткер де «жасы он беске келгенде, шашынан көп жаласы» дегендей, қашан да нағыз сын садағының ұшында жүреді. Әрине, бес саусақ бірдей емес, дегенмен, жалпылама айтамыз деп, небір сұңғыла саясаткерлерге сыртынан сөз боратып жұмыс істеткізбейтін кездеріміз де ара-тұра болып тұрады. Германия канцлері Ангела Меркель «Менің атыма айтылып жатқан ғайбат сөздің бәріне құлақ түріп, мән бере берсем, мен өмір сүре де алмас едім» депті бір сөзінде. Саясаткерге осының бәрі жүк.
Әбіш Кекілбайұлы қалам­герлігімен қоса, саясаткердің осындай ауыр жүгін де аса байсалдылықпен қара нардай көтере білді. Тәуелсіздіктің қазығын бекітудің мехнатымен әуре боп жатқан сол алағай да бұлағай шақта «отыз үйлі обырдай, тоқсан үйлі тобырдай» болып, елді аралап кеткен жат идеялар да өріп жүрді. Бұлармен күресу де кешеуілдетуге болмайтын мәселелер еді. Елбасының көңіл айту хатында айтылғанындай, Ә.Кекілбайұлының «…қоғам­ның түйткілдерін тап баса­тын отты мақалаларымен, филосо­фиялық толғамдарымен қаламдас әріптестерінің де, қалың оқырма­нының да жан-жүрегін тез жау­лап, мызғымас бедел иесі атанған» кезеңі де осы уақытқа дәл келеді.
Сондай аса күрделі кезеңді бас­тан өткергенімізге қазір өзгелер түгіл, өзіміз таңқаламыз. Әрине, ауыр кезеңді кім бас­тан кешпейді дейсің. Мәселе, ауыр кезеңде емес, мәселе – сол кезеңнің қандай жеміс бергенінде. Ауыр кезең жеміс беруші ме еді өзі? Береді екен. Біздің, Ә.Кекілбайұлының сөзімен айтқанда, «үп десең үгіліп, лүп десең бүгіліп» кеткелі тұрған замандардан аман-есен шыққанымыз – соның жемісі. Алты Алаш алты жаққа ала қашпай, бірлікте болғанымыз да соның жемісі. Енді «отыз омыртқалы, қырық қабырғалы» елге айналғандығымыз – бұл да соның жемісі. Және біз – мұндай дәуірдің өзімізге қа­лай жеткендігіне баға бере алатындармыз. Осы күнге жет­кізген алдыңғы буынның іс-қимыл­дарын алтын әріппен жазу да бүгінгілердің міндеті. Сол алдыңғы буынның ішіндегі жарық жұлдыздың бірегейі ретіндегі Әбіш Кекілбайұлы да тарихтың төріндегі өзінің алтын тағына отыруы тиіс.
Сондай құрметке лайықты екендігін айтып, Әбіш Кекілбай­ұлын қазақ жұртына таныстырып жату қажет те емес сияқты. Ал енді басқа бір қырынан қарағанда таныстыру қажет те сияқты.
Таныстыру қажет болатыны – Әбіш Кекілбайұлы өз заманына ғана және тек бір ұлттың ғана жүрегіне толықтай сыя алатындай емес. Ол біздің жер бетіндегі күнделікті тірлігімізбен үндесіп тұрса да, бізге ол өз құпиясын толық ашпайды да.
Оның ғарыштық ойлау жүйе­­­сінің, дариядай шексіз білімді болуының, есте сақтау қа­біле­тінің кереметтік құпиясын ашу үшін бүгінгі күннің қарымды зерт­теушілері жабыла кірісу керек шығар.
Шекспирдің шеберлігі мен тереңдігіне бойлаймыз деп ол туралы әлемде әр түрлі тілде 15 мың, кейбір деректерде 25 мыңнан астам көлемді зерттеулер жазылған екен. Оның ішінде тек тіл мамандары ғана емес, оның ішінде психолог та, дәрігер де, саясаткер де, тарихшы да, суретші де, саяхатшы да, музыкант та, геолог та, агроном да, тіпті мал дәрігері мен тіс дәрігері де бар көрінеді. Әбіш әлемінің лингвистикалық-географиялық-жаратылыстанушылық-адам­тану­шылық-психологиялық картасын толыққанды сызып шығу үшін де осындай деңгейдегі зерттеу жұмыстары керек. Оның дарынын бір ғана филологиялық өлшемдермен өлшеуге келмейді. Оның бір өзі әлемдік университет сияқты болған адам. Мұндай дарындар адамзаттың тарихында сирек кездеседі.
Бірақ жиырмасыншы ғасыр­дың маңдайына бұйырған Әбіш ғаламының басталу не аяқталу шегін білу қиындау тиюі мүмкін.
Басталу шегін білу қиын болатыны – ол сонау Атлант мұхитымен жалғасатын анау Жерорта теңізі мен мына тұрған Балқаш көлі тұтасып, Тетис деген алапат мұхит болып жатқан кезеңнен бастап сөз тартады. Сол Тетис мұхиты тау толқындарымен жағаласып жүріп бөлшектеніп кеткен екен дейді. Оның бөлшектенген табанының айшылық алыс бір бөлігі тұтас түркіге бұйырғанына талдау жасай сөйлейтін Әбіш ғұлама, түгел Түркі түгіл, домалақ жердің дом­на пешіндей қайнап тұратын қап-қара Африканың да адамзат баяғыда ұмытуға айналған құртақандай ұлттарының одан да құртақандай патшаларын аты-жөнімен шатастырмай сөйлеп тұрар еді. Оны тыңдап, таңдай қағып отырған бізге Әбіш ғұламаның рухы сол дәуірлерде де өмір сүргендей әсер беретін еді.
Флоренцияның ұлы ақыны Франческо Петрарканың ойы­­ның ұшқырлығы мен те­рең білімділігіне таңқалған зерттеушілер «Петрарка Петраркаға дейін де өмір сүр­ген» деген тұжырыммен сөйлейді. Дәл осы ойды Гетенің данышпандық идеялары мен жаратылыстану ғылымын мең­­герген сұңғылалығына таң­дай қаққан зерттеушілер 20 ғасырдың орта шенінде «Гете Гетеге дейін де өмір сүр­ген» деді. Біз де адамзаттық эво­люцияның білгірі Әбіш ғұлама Әбіш ғұламаға дейін де өмір сүрген дей аламыз.
Ал аяқталу шегін біле алмайтынымыз – жер шары аман тұрса, көрілетін және сезілетін замандар аман тұрса, оның бұл туындылары 20 ғасырдың да, 30 ғасырдың да туындылары бола алатындай қуатқа ие екендігінде.
Бірақ дәл қазір оның шы­ғар­маларының жақұт тас­тан қаланғандай сәулетті са­рай­ларының ішіне кіріп, көз тоқтатып қарауға мына асы­ғыс заманның қолы тимей жат­қандай көрінеді. Дегенмен оған тереңдікте тұрып қол да жетпес, көз де жетпес биіктікке қарағандай қарайтын ұрпақ келе жатыр. Оларға не үшін керек десеңіз, олар жаңа идея іздеп келеді.
Ә.Кекілбайұлы туындыла­рының астарында келер ғасыр­ларды да көркейте алатындай идеялар жатыр. Бір қарағанда ол байқалмауы мүмкін. Алтын топырақтың үстінде жатпайды. Оны болашақтың рух археологтары иіскеп табатын болады. Тек оларға біз бүгін сілтеме беріп кетуіміз керек.
«Адамзатты сөз билейді» деген бекер айтылмаған. Бірақ дұрыстап қарасақ, бұл – адамзатты идеялар билейді деген сөз.
Сол идеялар үшін болатын соғыс бір-біріне оқ ататын соғыстан да жойқын. Оқ ататын соғыс ақыр бір күні тоқтайды. Оғы таусылады, адамы таусылады дегендей. Ал идеялар үшін соғыс ешқашан тоқтамақ емес. Өйткені идея дегеніміз – алас-қапас, алыс-жұлыс тіршілікте басқаны басып озып өмір сүрудің жаңаша әдіс-тәсілдері. Жаңаша әдіс-тәсіл қолдана алмайтындар – озбайтындар. Ал озбайтындар – ертең тозатындар. Соғыс деген – мәңгі кәрі, мәңгі жас. Және ол аса қымбат тұрады. Ендігі ұрпақ осындай майданда жүреді. Сол кезде оларға Әбіш Кекілбайұлындай алыптардың тың идеялары көмекке келетін болады.
Ол болашақта қазақ мемле­кетінің де алып мемлекетке айналатындығына зәредей де күмән келтірмей кетті. Бірақ ол кезеңнің де өзіндік қиындықтары болары сөзсіз. Мәселенің дұрыс шешілуі де мәселе тудырады. Әбіш ғұлама шығармалары сондай қиындықтарда жол сілтейтін терең сілтемелерімен де құнды.
Жерсақ адамдар айтады – «Топырақ тұрған сайын тазарады» дейді. Әбіш ғұлама алыстаған сайын, оның кейінге қалдырып кеткен рухани бай­лығының мәні мен маңызы ашыла беретіні анық.
Біздің жан дүниеміз – сан алуан бояулар мен кедір-бұдыр кеңістіктер, көлеңкелер мен жап-жарық сәулелер, үн­сіз­діктер мен айқай-шулар, бас айналдырар құздар мен тас қараңғы шөгінділер то­ғысқан аса күрделі ғаламшар. Дүнияның жүзі әулие көретін ФедорДостоевский деген дана адамның осындай аса күрделі ғаламшарын жақсы білген. Ал Лев Толстой жер бетінің ұлы көшкініндей болып, ендіктер мен бойлықтарда бірі келіп, бірі кетіп жататын адамзатты мықты білген. Дегенмен адамның ішкі әлемін білуі жағынан Дос­тоевскийден де, адамзатты білуі жағынан Толс­тойдан да өтіп кеткен бір адам бар. Ол – Әбіш Кекілбайұлы. Бұл оның ұлылығының бір қыры ғана.
Мынау біздің дала – жол­барысқа жон болған дала. Арыс­танға адым, алысқанға алапат қол болған дала. Осы даланың тарих-дауылында ығып кеткен небір деректер Әбіш ғұламаға кезігіп, оның ой-мұхитында қорытылып, талай көмескілік жарыққа шық­ты. Тарихтың түсіп қалған бір сабақ жібіне кезіксе де, оның түбін қазып аршып алып, жан дүниесінің зертханасында оттегі мен көміртегіге айырғандай зерттеп, ой-санасының кітап­ханасында құнттап сақтап жүру бұл ғұламаның жұрттан бөлек ерекшелігі еді. Тарихтың енді ашылмастай болып қатып қалған талай беттерін ашып бергеніне де біздің ұрпақ куә. Адамзаттың адасып жүрген талай деректері өздерінің қай қиырмен қалай байланысып жатқандығын осы ғұламаның сілтемесімен тапты. Жылнамалардағы сеңдей со­ғылысып жүрген талай оқиғалар мен деректерді шатысып кеткен жіпті тарқатқандай тарқатып беріп, тарихтың сілемдеріне қаншама маяк жағып кеткендігі өз алдына басқа әңгіме.
Оның романдары мен пьесаларының кейіпкерлері «Елең-алаңнан» тұрып алып, көңіл аспанымызға аппақ «Бір шөкім бұлттай» көрік беріп, «Бір уыс топырақтың» астынан табылған алтындай болып, «Галстук сатушы қыздың» арманы сынды қол бұлғап, ғасыр «Автомобиліне» мініп, «Құс қанатымен» келер ғасырларға кетіп бара жатыр. Бірақ бұл «Аңыздың ақыры» емес. Қасында «Бір шоқ жиде» шешек атқан, желіде кеше ғана «Бәсекеге» түсіп даңқы шыққан «Бәйгеторы» байланған сонау «Шеткері үйде» «Ханша дария хикаясын» домбырадан төгілген «Күйдің» ырғағына балқи отырып «Ымыртта» бас­тап тыңдап, «Үркер» ауғанда тарасатын оқырмандардың алдынан табылатын Әбіш Кекілбайұлының асыл мұрасы өзінің мәңгілік ғұмырын бастап кетті.
Ол – осындай мол мұралары арқылы адамдар көшкінінің ішінде өз стихиясымен өзгеріп те, өзгермей де өмір сүре беретін шексіздік. Ол адамгершіліктің одан да асып кеткен адамгер­шілігін танытқан ғажап адам екендігін әлі талай айтатын да, жазатын да боламыз. Оның мейірімділігін айтып жеткізуге теңеу таппасымыз да белгілі. Бұл ойшылдың зор ауқымдағы тұлғасын сөзге сыйғыза алмай әлі талай әлекке түсетініміз де анық.
Ғұламалардың дүниеден өтуі өтпелі ғана әңгіме емес. Ол – жыл сайын айтылуы жағынан тереңдей, кеңейе түсетін, әр ұрпақты өзінше толғандыратын әңгіме.
Ол жерленген күні оның қабірін құшақтай құлаған гүл­дер­дің жапырақтары да бір жылды артқа тастады.

Оңайгүл Тұржан

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − 10 =