ПИК ЖҰМЫСЫНА КӨҢІЛІҢІЗ ТОЛА МА?

0 118

Қала халқы көбейген сайын, іргесі қаланып жатқан көп қабатты үйлер де жетерлік. Бас­паналы болған тұрғындар жеке пәтерлерінің иесі ғана болмай, бірігіп тұрғын үй кешенінің жалпы аумағына иелік етеді. Мұны жалпақ тілмен кондо­миниум деп атайды. Яғни, үлкен бір шатырдың астында тұратын әрбір отбасы өз үйінің жайын күйттеп қоймай, «кемедегінің жаны бір» дегендей, бүтін бір үйдің жағдайына жауапкершілік алады.

ТҰРҒЫНДАР ШАҒЫМЫ ТОЛАСТАМАЙДЫ
Тұрғындардың қалыпты өмі­рін қамтамасыз етуде тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығының маңызы зор. Осы­нау жауапты салада күйіп тұрған мәселе – тұрғындардың қызмет көрсетуші ұйымдарға көңіл тол­маушылығы. Оны пәтер ие­лері кооперативтерінің жұ­мы­сына шағымданған жұрт­тың көптігінен байқауға болады. Қазақ тілінде ПИК деп қыс­қар­тылып айтылатын бұл ұғым көп­шілікке «КСК» атауымен кеңінен танымал.
Мәселен, Астана қаласы «051» қызметінің ақпараттық-талдау бөлімі басшысы Қайыр­жан Қуанышбаев жыл басынан бері «109» нөміріне ком­муналдық-тұрмыстық сипатта 5239 қоңырау келіп түскенін айтады. Оның ішінде ең көп шағым Алматы және Сарыарқа аудандарына тиесілі екен. Екі ауданнан 2390 және 2366 өтініш болса, Есіл ауданының жұрты Интеллектуалды байланыс ор­талығына 483 рет жүгініпті.
Жалпы өтініштердің көбі ПИК желілері арқылы келетін судың тоқтап қалуына қатысты болған. Мұндай ескертпелердің осы күнге дейінгі есебі – 1711.
Содан соң жарығы сөніп хабар­ласқан халықтың 867 қоңырауы тіркеліпті. Ал пә­тер­лерінің құбырлары жарылып мазалағандар саны – 688. Сондай-ақ, шалынған қоңыраулар бойынша 205 үйде жертөленің құбырынан жік шыққан. Астынан су шыққан үйлерге қоса төбелерінен де су тамшылаған жағдайлар кездеседі. Осы кезеңде 111 үй­дің шатырлары сыр беріпті.
«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, тұрғын үй шаруашылығына қатысты көтерілген байбаламның бәріне тұрғындардың көзімен қарағанда, ПИК себепші болып шыға келеді. Уақытылы қадағаланбайтын құбырлар, қаңтарылып әбден ығыр қылған лифтілер, тазаланбаған аулалар, сүртілмеген кіреберістің есік-терезелері мен едендер барлығы – қызмет көрсетуші ұйымдардың жауапсыздығынан. Осыны айтып басқармалардың басын қатыратын тұрғындарға «кондоминиум иелері қаласа, жиналыс жасап, ПИК-терді ауыстырып тастауға болады» деген жауап беріледі. Расында да, «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңы бойынша тұрғындар қызмет көрсетуші ұйымды өзара дауысқа салып, ауыстыруға, басқа да ұйымдарды таңдауға құқылы. Сол себептен қаламызда кондоминиум объектілерін тіркеу ұдайы жүргізілуде. Кондоминиум бірнеше пәтерлердің меншік иелеріне тиесілі тұрғын үйлерде құрылады.

АЛМАТЫ АУДАНЫНДА 725 КОНДОМИНИУМ ҚҰРЫЛҒАН 
Бас-басына кондоминиум болып, өз алдына жеке «отау» құрып, «өз шаруамызды өзіміз жүргіземіз» деу де қисынға келмес. Өйткені, ай сайын әр отбасынан тұрғын үйдің ком­муналдық қызметіне тө­ленетін ақша көп жыртыққа жамау бола алмайды. Сондықтан ПИК қызметіне жүгінуге тура келеді. Ал ПИК-тер бір емес, бірнеше тұрғын үйге қызмет көрсету арқылы бұл шаруаны ыңғайлайды. Енді ПИК-тер­дің де көбеюімен, олардың басын біріктіріп, жұмысын қада­ғалайтын басқарушы компания­лар құрылуда. Бұл туралы бізге Алматы ауданы әкімдігінің Тір­шілікті қамтамасыз ету бөлі­мінің басшысы Нұрмат Әбді­ра­йымов кеңінен әңгімелеп берді.
Оның айтуынша, қазір ауданда тұрғын үйлерге қызмет көрсетуші ұйымдар мен тұр­ғындардың басын қосып, жиналыстар өткізіліп жатыр екен. Осындай басқосуларда ПИК қызметінің қанағаттандыруы, тарифті көтеру немесе түсіру жайы, кіреберістерді күрделі жөндеуден өткізу, шатырды жамау немесе жаңалау сияқты толғақты мәселелердің бәрі қозғалады.
Қазіргі таңда Алматы ауданын­да тұрғын үйлерге 218 ПИК, ЖШС, ЖК қызмет көрсетеді. Осы ұйымдардың жұмысын оң­тай­ландыру мақсатында 18 бас­­қарушы компания құры­лып­ты. Яғни саны көп, сапасы жоқ ПИК-­тер бір ұйымға бірікті­рілген.
Шаһар басшысы Әділбек Жақсыбеков қаладағы бүкіл тұрғын үйлерде ағымдағы жылдың маусымына дейін кондоминиум құруды тапсырған еді. Бүгінде Алматы ауданында 1086 тұрғын үй бар болса, оның 725-інде кондоминиум құрылған. Ал 146-сы – апаттық күйде тұрған және пайдалануға берілмеген үйлер. 21-і – түрлі басқармалардың, құзырлы орындардың қарамағындағы үйлер. Сонда 194 үй әлі кондоминиум ретінде тіркелмеген.

ТҰРМЫСТЫҚ ҚЫЗМЕТ ҚҰНЫ ТҰРАҚТАНҒАН
Алматы ауданы әкімдігінің Тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Нұрмат Әбдірайымовтан тұрғындардан түсетін шағымдардың ішінде ең көп қозғалатын мәселелердің мән-жайын сұрадық. Ол алдымен қызметіне тұрақты ақы талап етпейтін сантехниктер мен электриктерге тоқталды. Яғни, олар үй иесінің жағдайына қарап ойларына келген соманы айтады. Сол себептен көп түсінбеушіліктерге жол беріледі. Қазір бұл жағдай да бір жолға қойылған. Әрбір қызметтің өз құны бар. Тарқатып айтсақ, мысалы сүзгіні ауыстыру – 500 теңге, сифонды ауыстыру – 600-1000 теңге, ваннаны жөндеу қиындығына қарай 8000 мен 12000 теңгенің арасында, суды өлшеуішті ауыстыру – 1500-2000 теңге, кәрізді тазалау қиындығы мен ұзындығына қарай 1500-2000 теңге, унитазды ауыстыру 3000-5000 теңге шамасында болады. Ал электриктер электр өлшегішті ауыстырғанына 1500 теңге, табақша, патрон және жарық қосқышты орнатқанына 500 теңге, аспалы шам орнатқанына 1000 мен 5000 теңге арасында сұрай алады.
Барлық қызметтің төлемін ПИК ассоциациясы бекітіп қойған. Енді осы мәліметтің барлығы жазылған ақпараттық тақта тұрғын үйлердің кіре­берістеріне ілініп жатыр.
Аудан әкімдігінің маманы содан соң жертөледен, бірінші қабаттан шағын бизнес орындарын ашып алғандарға қатысты шағымдарға да тоқталды. Жа­қында «Алтай» тұрғын үй кеше­нінде біреулер екінші қабаттан монша ашып алды деген шағым түсіпті. Аталған мекен­жайға Төтенше жағдайлар департа­менті, тұрғын үй инспекциясы басқармасы және санитарлық-эпидемиялық станса өкілдері барып, ешқандай моншаның жоқтығын растады. Негізінен, жертөледен дүкен ашылатын болса, кәсіпкерлер бірінші тұрғындарға оның қажеттігін түсіндіріп, рұқсатын алады.

АУЛАДА АЛУАН ТҮРЛІК ГҮЛ ӨСЕДІ 
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөнінде жан-жақты баяндаған Нұрмат Әбді­ра­йымов әңгімемізден соң, бізді бастап А.Жұбанов көшесі, 5-үй мекенжайына алып барды. Онда бізге «Сұлтан» ПИК жұмысын таныстырып, жоғарыда айтқан ақпараттық тақтаны таныс­тырды. Тақтада сантехниктер мен электриктер көрсететін қызметтердің ақысы түгел тізіліп тұр екен. Бұл ПИК осы арадағы үш тұрғын үйдің коммуналдық шаруасына жауап береді.
– Біздің ПИК-те 12 адам жұ­мыс істейді. Мұнда Жұбанов көшесі 4-үй мен 5-үйге және Тархан көшесі, 17-үйге қызмет көрсетеміз. Жалпы «Сұлтан» ПИК қаламызда 7 тұрғын үйдің шаруашылығына жауапты, – дейді аталмыш ПИК өкілі Бақыт Доғалова.
Қазір бұл тұрғын үйлерде сантехниктер жылу жүйелерін қысқа дайындау жұмыстарына кірісіп кетіпті. Аула тазалаушылар маңайды сыпырып қана қоймай, гүл, ағаш егіп, оларды күтіп-баптаумен де айналысады екен. Иісі мұрын жаратын хош иісті гүлдерге қоса, гүлзарларға мезгіл талғамайтын көп жылдық гүлдер де отырғызылыпты.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 3 =