ПИК ЖҰМЫСЫ ЭЛЕКТРОНДЫҚ ЖҮЙЕГЕ КӨШУДЕ

0 112

Миллионнан астам тұрғыны бар елорда халқының саны күн санап арта түсуде. Сол сияқты уақыт өте келе қала аумағы да кеңейіп келеді. Соңғы 5 жылда бой көтерген тұрғын үйлер саны екі есеге көбейгенін ескерсек, қаладағы пәтер иелері кооперативтерінің атқаратын жұмысы көбеймесе, азаймайтыны белгілі. бұл мәселені бір жолға қою үшін Астанадағы ПИК жұмысы электронды жүйеге көшірілмек.

Жобаға 10 шақты компания жұмылдырылды
Естеріңізге салар болсақ, жылдың басында өткен қоғамдық тыңдаулардың бірінде пәтер иелері кооперативтерінің қызметіне тұрғындардың көңілі толмайтынын, өйткені ондағы жүйенің ашық емес екенін айтқан Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев жауапты мекемелер мен Тұрғын үй инспекциясы басқармасының мамандарына тұрғын үйлерде қандай да шаруалар атқарылмасын, есеп тек электрондық үлгіде берілетін болсын деген тапсырма жүктеген болатын. Осылайша, шаһар басшысының тапсырмасы негізінде елордадағы ПИК жұмысы электрондық форматқа көшірілетін болды. Бұл тұрғыда қала әкімінің өкімімен Тұрғын үй инспекциясы басқармасының жетекшілік етуімен арнайы жұмыс тобы құрылып, оның құрамына аталмыш басқарма мен коммуналдық мекемелер мамандары, қаланың ПИК қауымдастықтарының өкілдері қабылданған. Мұндағы басты мақсат – заманауи технологияны тиімді пайдаланып, ПИК кемшіліктерін жою және көп пәтерлі тұрғын үйлерге сапалы қызмет көрсету. Осы орайда «Астана Innovations» бірнеше айдың ішінде е-ПИК (е-КСК) жобасын әзірлеп, бұқараға ұсынған еді. Мамандардың айтуынша, ПИК пен тұрғындардың алтын көпірі іспеттес мұндай жаңа жоба тараптардың қарым-қатынасын реттеуге таптырмайтын құрал көрінеді. Ең бастысы, электрондық порталға пәтер иелерінен жиналған қаржының қайда жұмсалғаны ай сайын жарияланып тұрады екен.
– е-ПИК жүйесінің басты мақсаты – халық өтініштерінің түсуін автоматтандыру. Бағдар­ламаға кіріп, оның орындалғаны туралы ақпаратты көресіздер. Ол үшін біз арнайы мобильді қосымшаны ойлап тауып жатырмыз. ПИК ақпараттық жүйе­сін қала әкімдігінің базасымен біріктіреміз, – дейді «Астана Innovations» жоба жетекшісі Бахтияр Жақыпов.
Электронды жүйені ойлап табуға 10 шақты компания жұмылдырылған екен. Осы орайда жекелеген компаниялар арасында бәсекелестік те туындаған көрінеді. Олардың әрқайсысы бағдарламаны барынша ыңғайлы етіп әзірлеуге тырысқан. Сол үшін бағдарламаға тиімді функциялар қосылған. Мәселен, жоба әзірлеушілердің бірі үйге келетін қонақтардың автокөлікпен аулаға кіруі үшін аталмыш жаңа жобаның мобильді қосымшасы арқылы онлайн түрде ақы төлеп, шлагбаумнан өткізу, паркингтен орын алуға өтінім беру, онлайн бейнебақылау жүйелерінің қызметін пайдалану сияқты мүмкіндіктерді де қарастырған екен. Бағдарлама авторлары жұмыстарын мұнымен тоқтатып қоймақ емес. Олардың айтуынша, ІТ технологияның даму қарқынының алға басқаны сондай, қызмет көрсету мүмкіндіктерінің де шегі жоқ көрінеді. «Астана Innovations» жобаға қатысқан компаниялардың ішінен 5 компанияны, яғни «Astana Open Сity» ЖШС, «Елорданы тұрақты дамыту орталығы» ЖШС, «Retail Solutions» ЖШС, «Smartnet» ЖК, «Cloudmaker» ЖШС компания­ларын іріктеп алып, олардың жұмыстарын көпшіліктің пайдалануына ұсынған. Іріктеу кезінде тұрғындарға ұнаған жобаға назар аударылған. Сол сияқты қатысушылар тарапынан насихаттау жұмысына да мән берілген. Тұрғындар өздеріне ұнаған қызмет үлгілерін таңдап, пайдалануға, уақыт өте келе көңілі қалаған компанияның мобильдік қосымшасын ауыс­тыруға мүмкіндіктері бар еке­нін айтады мамандар. Яғни, smartksk.kz, turmys.kz, topksk.kz, astana.opencity.kz е-ПИК порталдарына кіріп немесе ұялы телефонға осылардың мобильдік қосымшасын жүктеп алып, тіркелуге, көрсетілетін қызметті тегін пайдалануға болады.
– Аталмыш бағдарламаның бірқатар ерекшелігі бар. Бірін­­шіден, бұл жүйені қала әкім­дігінің өкілдері де пайдалана алады. Яғни, тұрғындар пор­талға өтінішін жіберсе, тиісті басқарма оның орындалуын тікелей қадағалап отырады. Екіншіден, кооператив үй ішін­де жүргізілетін жұмыстары жай­лы хабарламаларды осында жібереді. Сонымен қатар, қағазбастылықтан арылуға да мүмкіндік береді, – дейді Б.Жақыпов тағы бір сөзінде.
«Астана Innovations» компа­ния­сының баспасөз хатшысы Жанна Жүрекенованың мәліметіне сүйенсек, қаладағы 436 коопера­тивтің 260-тан астамы бүгінгі күнде е-ПИК жүйесіне тіркелген. Солардың бірі – «Astana Open Сity» ЖШС-тің порталына тіркелген Алматы ауданындағы 9 тұрғын үйге қызмет көрсететін «Гүлдер» кооперативі. 12 адамды жұмыспен қамтып отырған аталмыш ПИК-тің төрайымы Бахрам Құсайынова мұнда 17 жылдан бері жұмыс істейді екен. Алайда мұндағы ғимараттардың дені ескі екенін айтқан Бахрам Құсайынова мекемеге артылған міндеттің де жеңіл еместігін тілге тиек етті.
– Тұрғындардың 50-60 пайызы е-ПИК жобасына қатысуды қолдап отыр. Өйткені бұл бәріне тиімді деп ойлаймын. Жиналысқа келуге көбінің уақыты бола бермесе де, мобильді қосымша арқылы барлық жаңалықтан хабардар болып отырады. Сонымен қатар, пәтерлерінде су, электр жарығы болмай қалған жағдайда, бұл туралы тұрғындар осы мобильді қосымша арқылы сұраным беріп отырса, қызмет көрсету де жылдам болатыны анық, – дейді ПИК төрайымы.

Қауіпсіздікті қамтамасыз етеді
Қазіргі техниканың дамыған заманында еңбектеген бала мен еңкейген қартқа да смартфон мен планшет таңсық дүние емес. «Есептің бәрі электрондық үлгіде жасалуы керек» деген қала басшысының сөзі де осыны меңзесе керек. Бұл тұрғыда редакциямызға арнайы келіп, осы е-ПИК жобасының тиімді тұстары туралы сұхбат берген «Сауран Group» ЖШС-тің коммерциялық директоры Әсет Атыбеков өздерінің жұмысын жеңілдету үшін қарияларға аталмыш жобаны қалай пайдалану керектігін қажет болса үйретіп те жүргендерін жеткізді.
– Электронды ПИК жүйесінің тиімді жақтары өте көп. Бұл жүйеге жұртшылықтың жаппай көшуі үшін әлеуметтік желілерде, әсіресе, «Инстаграм» желісінде жарнама жұ­мыс­тарын жүргізіп отырамыз. Өйткені бұл жоба біздің жұ­мысымызды да жеңілдетеді. Яғни, қағазбастылықтан құт­қа­рады, уақытты да тиімді пай­да­лануға мүмкіндік береді. Ал тұрғындар үшін тиімді жақ­та­рының бірі қауіпсіздікті қам­тамасыз етеді. Неге десеңіз, өз­дерін ПИК қызметкері ретінде таныстырып, пәтерге алдап кіріп, қитұрқы әрекетке көше­тін қылмыскер, алаяқтарға есік ашпас үшін тұрғындар е-ПИК қосымшасы арқылы мамандардың келе жатқанынан хабардар болып отырады. Сонымен қатар, пәтер иелерінің осы мобильді қосымшасы арқылы коммуналдық төлемдерін де онлайн түрде жүзеге асыруға мүмкіндіктері бар, – дейді Әсет Атыбеков. – Мұндай жаңа жүйеге көшуді алға қойып, тиісті тапсырмалар жүктеп, оның орындалуын қадағалап отырғаны үшін қала басшылығы мен осы идея­ны жүзеге асырып отырғаны үшін «Астана Innovations» АҚ ұжымына және бірқатар жекелеген азаматтарға айтар алғысым шексіз. Алдағы уақытта е-ПИК мобильді қосымшасына пәтер иелерінің (пәтер жалдаушылар емес) фотосуреттері мен пәтерінің шаршы метрі, телефон нөмірі мен электронды мекенжайы, автокөлігі болса, маркасы мен мемлекеттік нөмірі нақты көрсетілетіндей ақпараттық базасы толықтырылса деген ұсынысым бар. Өйткені шамамен 750-дей пәтерге қызмет көрсететін болсақ, жоғарыдағы ақпараттың барлығы қазіргі уақытта қолымызда тек қағаз жүзіндегі нұсқасы бар. Алайда көп қағаздың ішінен керек ақпаратты іздеп табу біраз уақытты қажет ететіні белгілі.
Айта кету керек, жаңа элек­трондық жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттен қаржы мүлде бөлінбеген екен. Шығынның барлығы тек инвесторларға жүктелгенін айтады мамандар. ПИК қызметіндегі кемшіліктерді жою үшін арнайы дайындалған жоба туралы құзырлы мекемелер тарапынан халыққа әлі де түсіндіру жұмыстары жүр­гізілуде.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 + 10 =