ПИК-тен МИБ-тің артықшылығы қандай?

0 16

Тұрғын үй саласындағы жаңа заңнамаға сәйкес, елімізде ПИК-тердің орнына мүлік иелері бірлестіктері (МИБ) құрылып жатыр. Нұр-Сұлтан қаласында осы уақытқа дейін 249 МИБ құрылды. Қалалық қоғамдық кеңес отырысында осыны айтқан Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Дархан Көлбаев бұл бағыттағы жұмыс туралы баяндады.

ҚАРЖЫНЫҢ АШЫҚТЫҒЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ

– Қазір Алматы ауданында – 70 МИБ, Байқоңыр ауданында – 24 МИБ, Есіл ауданында – 124 МИБ және Сарыарқа ауданында 31 МИБ жұмыс істеп жатыр. Бұрыннан ПИК басшыларына халық тарапынан көп сын айтылатын. Әсіресе, тұрғындар ПИК төрағалары шығындарды жасыратынына шағымданатын. Оның үстіне бір ПИК оннан отызға дейінгі көппәтерлі үйге қызмет көрсететін. Осыған байланысты Тұрғын үй қатынастары туралы заңға өзгерістер енгізілді. ПИК-тердің орнын енді МИБ-тер немесе кәдімгі серіктестіктер (КС) басып жатыр. Бұл екеуі де «бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» қағидасымен жұмыс істейді. Сол арқылы тұрғындар өздері тапсырған ақшаға бақылау жасай алады, – деді Д.Көлбаев.
Оның айтуынша, өткен жылдың маусым айында қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтің төрағалығымен осы мәселені реттейтін жұмыс тобы құрылды. Топ құрамына әкімдікке қарасты мекемелер өкілдері мен Әділет департаментінің қызметкерлері кірді. Сол уақытта тұрғындарға кеңес беру үшін YouTube арнасында тікелей эфирде «Тұрғын үй сағаты» атты жоба ұйымдас­тырылды. Нұр-Сұлтан қаласында бұл жоба 20 мыңнан астам қаралым жинады. Қазір де Facebook пен Instagram әлеуметтік желілері арқылы тұрғындарға түсіндіру жұмыс­тары жүргізіліп жатыр. Қаланың тұрғын үй орталығында «бір терезе» қағидатымен кеңестер берілуде. Қазір ай сайын МИБ-ті тіркеу немесе КС-ті құру бойынша 200-дей адам кеңес алып жатады.

ТАРИФТІҢ ӨЗГЕРМЕУІ МАҢЫЗДЫ

Шаһардағы кейбір ПИК-тер МИБ-ке ауысқысы келмей жатыр екен. Бұл мәселені қоғамдық кеңес мүшесі Гүлнар Құсайынова көтерді. Атап айтқанда, заң бойынша ПИК МИБ-ке үш жұмыс күнінің ішінде үйдің тиісті құжаттарын тапсыруы керек. Бірақ кей ПИК-тер бұдан бас тартты. Мұны айтқан «Капитал» мүлік иелері бірлестігінің заңгері Гүлмира Сапарғалиева Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасынан көмек сұрады.
– Мораторийге байланысты біз ПИК-терді, түрлі серіктес­тіктерді тексере алмаймыз. Тек кәсіпкерлерді әңгімелесуге шақырып, мәселені түсіндіруге ғана құқылымыз. Былайша айтқанда, қолымыз байлаулы, – деді бұл мәселе бойынша Д.Көлбаев.
Қазір елордада 3069 көппәтерлі тұрғын үй бар. Қоғамдық кеңес төрағасы Сансызбай Есіловтің пікірінше, жаңартылған Тұрғын үй қатынастары туралы заңның қолданысқа енгеніне бір жылға жуықтаса да, МИБ-терді құру жұмыстары баяу жүргізіліп жатыр. Бас қалада олардың саны 10 па­йызға да жетпейді. Сондықтан тиісті жұмысты жылдамдату керек. Егер заңдық тұрғыдан кедергілер болса, Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы жауапты министр­лікке ұсыныстарымен шығуы қажет.
– ПИК-тен МИБ-ке ауысқанда тарифтің өзгермеуі өте маңызды. Егер тариф өсетін болса, онда тұрғындар МИБ-тің құрылуына қарсы болады, – деді бұл мәселеге пікірін айтқан қоғамдық кеңес мүшесі Марат Мұстафин. Оның әріптесі, Nur Otan партиясы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Владислав Сергеевтің ойынша, ПИК-тен МИБ-тің артықшылығын, осы ұйымды құрудың жолын тұрғындарға түсіндіруді күшейту қажет. Себебі партия­ға адамдар осы мәселемен келіп жатыр. Ал партия тек осы мәселемен айналысатын қызметкерді штатта ұстай алмайды.
С.Есілов қоғамдық кеңес жанынан осы мәселені бақылауға алатын жұмыс тобын құруды ұсынды. Тұрғын үй қатынастарына қатысты туындап отырған мәселелерді тиісті басқармамен бірге аудан әкімдіктері де шешу керектігін айтты. Жарты жылдан кейін осы мәселеге оралатындарын, егер оң өзгеріс болмаса, онда қала әкімінің алдына Тұрғын үй және тұрғын үй инспекция­сы басқармасы басшылығын жауапқа тартуды ұсынатындарын жеткізді.

ӘСКЕРИ ҚАЛАШЫҚ САЛЫНАДЫ

Нұр-Сұлтан қаласының су қорғау аймағы мен белдеулерінде, атап айтқанда «Нұра-Есіл» арнасынан тиісті талаптарға сәйкес келетін қашықтықта бірқатар нысандар салынбақ. Бұл жобамен Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары Айдын Бегімбеков таныстырды.
Оның мәлімдеуінше, Ұлы дала даңғылы мен №28, 29, 38 көшелері қиылысында жапсарлас үй жайлары, гараждар мен паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй кешені сегізінші кезеңінің құрылысы жүргізіледі. Е111, Е117, Е120 көшелерінің аумағында әскери қалашық құрылысының бірінші кезеңі басталып, инженерлік желілер мен жолдар салынады. Мәңгілік ел даңғылы мен Е497 көшесінің қиылысында 150 орындық мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығы бой көтереді. Е38, Е314 көшелерде көппәтерлі тұрғын үй кешені, №28 және №38 көшелері ауданында алтыншы кезең аясында көппәтерлі тұрғын үй кешені салынады.

БАЛАБАҚША БАҒАСЫ ӨСПЕЙДІ

Елордада мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейтін мектепке дейінгі ұйымдарда ата-ана төлемақысы мөлшері айына бір балаға 16800 теңге болып белгіленген. Бұл туралы Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Шәкәрім Сейсенбай айтты.
– Балабақшалардағы жалпы білім беру тобында жан басына қаржыландыру 38 мың теңгені құрайды. Онда балалар күні бойы болады. Ата-аналар тек төрт мезгіл берілетін тамақ үшін төлейді. Денсаулықты түзеу топтарында жан басына қаржыландыру құны – 84 мың теңге. Тәрбиеленушілер бұл топта таңертеңнен кешке дейін болып, медициналық қызметтерді алады, шағын орталықтарда жан басына қаржыландыру сомасы – 16380 теңге. Мұнда балалар жарты күн ғана болады. Оларды мектепке дайындайды. Осында тамақтандыру қарастырылмаған. Санаторлық балалар ұйымдарында жан басына қаржыландыру – 56 мың теңге. Осында да балалар күні бойы болып, бюджет қаржысы есебінен тамақтанады. Жан басына қаржыландыру құнына коммуналдық, білім беру үдерісіне кететін шығындар, қызметкерлер жалақысы, салықтар кіреді. Ата-аналар төлейтін 16800 теңге – карантинге байланысты тұрақты баға. Бірақ қазір балабақша меңгерушілерінен бағаны көтеру туралы өтініштер түсіп жатыр. Олар сол арқылы тамақтану сапасын жақсартамыз деп отыр. Бірақ біз әзірге бағаны өзгертпейміз, – деді Ш.Сейсенбай.

САН ҚУМАЙ, САПАНЫ ДА ОЙЛАУ КЕРЕК

Қазіргі пандемия уақытында мемлекеттік балабақшаларда ата-аналар төлемінің қайта есептеуі жүргізіледі. Яғни бала мектепалды ұйымға біраз күн бармаса, ол үшін төленген ақша келесі айға көшіріледі. Алайда жекеменшік балабақшаларда бұл жоқ. Оларда баланың балабақшаға келуі-келмеуі есептелмейді, ата-аналардан ақша сол қалпынша алына береді. Қоғамдық кеңес мүшесі Жанат Нұрғалиев осыған назар аударды.
– Бұл мәселеге байланысты бізге ата-аналардан шағымдар түсіп жатыр. Қазіргі тарифте бәрі есептелген. Оны көтерудің жөні жоқ деп ойлаймын. Бүгіндері балабақшаны ашу бизнеске айналып кетті. Балаларымыз­дың есебінен біреулер қалталарын қампайтып жатыр, – деді Ж.Нұрғалиев.
Ш.Сейсенбай жекеменшік балабақшаларда қайта есептеу жүйесін енгізу мәселесін қарастыратындарын жеткізді. Осы күндері 6 мың балаға мектепке дейінгі ұйым­дарында орын керектігін айтты. Бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік тапсырысты 2 жастан бастау ұсынылып отыр екен.
– Қазір елордадағы жекеменшік балабақшаларға шамамен алғанда 19 мың бала барады. Жалпы алғанда, шаһардағы 52 мың бала балабақшамен қамтылған. Осы күні бас қалада балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 98 пайызды құрайды, – деді Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы.
Қоғамдық кеңес мүшесі Әсима Бимендина құр сандарды қумай, сапаны да ұмытпау керектігін айтты. Мемлекеттік тапсырыс алып жатқан, алғысы келетін балабақшалар жұмысының сапасына да көңіл аудару қажеттігіне тоқталып, тиісті басқарма басшылығына бірқатар кеңес берді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 2 =