ПИК қалай жұмыс істеп жатыр?

0 13

Пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) жұмысы жайшылықта да мазасыз еді, ал қалада карантин жарияланғалы оның қиындығы тіпті еселеніп кетті. Енді бұрынғы міндеттеріне қоса қарауындағы үйлерді күніне екі рет дезинфекциялап тұру қосылды. Оның үстіне қазір еңбек құралдары мен қолданысқа қажетті материалдардың түгелге жуығы осыдан бір ай бұрынғы бағадан екі еседей қымбаттаған.Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласындағы СОVID-19 жұқтырғандар тіркелген үйлер, ұйымдар тұтастай оқшауландырылып, оның адамдарының бәрі карантинге жіберіледі. Соның бірі – «Бірлік» ПИК-іне қарасты 187-көше 20-үйдің 4,10 подъездері де карантинге жабылды.
– Адамдарға көшеге бейберекет шыға бермеңдер, беттұмша тағып жүріңдер деп ылғи ескертемін. Бірақ оны елең қылмайтындар да бар. Кейбіреулер қауіптің барына сенбейді. Біздің үйден аты жаман ауру шығады деп кім ойлаған? Дегенмен дәрігерлер екі подъезге күдіктенгеннен кейін жапқан, ал шын мәнінде коронавирус шығатын болса тұтас үйді қоршап тастар еді, – деп күйінді «Бірлік» ПИК төрағасы Ерлан Манабаев.
Күдікке іліккен екі подъезд 14 күнге жабылды, есігі сыртынан құлыпталып, алдына полиция қызметкерлерінен күні-түні күзет қойылды. Далаға мүлдем ешкімді шығармайды. Тұрғындар күнделікті ас-су, керек-жарақтарын телефон соғып дүкендерден алдырады.
Бұл үйде төтенше жағдай жарияланғалы әкімдіктің коммуналдық қызметі 2 рет келіп аулаларды, үйлерді дезинфекциялаған. ПИК күніне екі рет үйлердің кіреберіс есігінен бастап жоғарғы қабатына дейін алақандай жер қалдырмай түгел залалсыздандырады. Саты, еден бәрі хлормен жуылады екен.
«Бірлік» ПИК-іне қарасты 187-көшедегі үйлер мемлекеттік бағдарламамен салынған, пайдалануға берілгеніне биыл 8 жыл толды. Бірақ үйлердің бұрынғы шаруашылық иелері тиісінше күтім жасамағандықтан ғимараттардың төбесінен су ағады, құбырлары шіріп жатыр. Ал оны жөндеуге, жаңасына ауыстыруға қаржы тапшы.
– Біз мүмкіндігімізше жөндеп, жамап-жасқап жатырмыз, бірақ қазір материалдар 2 есе қымбаттап кетті. Оның үстіне көп бөлшектер табылмайды. Базарлар, дүкендер жұмыс істемейді ғой. Еріксіз анадан-мынадан, қолданыста болғанын сұратып аламыз. Осылай әупірімдеп күнелтіп жатырмыз, – деп кооператив төрағасы қиналысын аңғартты.
«Арзанның жілігі татымайды» деген бар. 187 көше ауданындағы үйлер түгел мемлекеттік бағдарлама арқылы салынғандықтан, мұнда паркинг, автотұрақ қарастырылмаған. Кешкілікте көлік қоймақ түгілі, өтетін жол жоқ, үйлерді айнала түгел машиналар қаптап тұрады. Қайта, әйтеуір, былтыр Сарыарқа әкімдігі ауданға 3 балалар ойнайтын және спорт алаңдарын салып берді. Аудан тұрғындары үшін бұл үлкен қуаныш болды. «Бірлік» ПИК төрағасы 20/1 үйдің сыртынан машина қоятын орын салып берсе дейді. Ол үйдің сыртында ашық кеңістік бар. Бұл тілегін әкімдікке талай айтқан, бірақ әзірге ешқандай шешім жоқ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × two =