Пианино пернесінде фәни сазы

0 93

Көптен күткен “Astana Piano Passion” екінші халықаралық классикалық музыка фестивалі мен жас пианистер байқауы өз мәресіне жетті.

Бәйгеде оза шапқан ең үздік өнерпаздар кеше «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында өткен гала-концертте салтанатты түрде марапатталды. Музыка әлеміндегі айтулы уақиғаға айналған “Astana Piano Passion” осымен екінші рет өткізіліп отыр. 10 мамырда басталып, алты күнге созылған байқау шеңберінде Астанада 7 фортепианолық концерт, жоғары оқу орындары мен музыкалық мектептердің оқушылары үшін екі шеберлік сағаты, сондай-ақ, музыкалық мектептер мен студиялардың мұғалімдеріне арналған дөңгелек үстел өткен болатын. Осынау ауқымды шараға қатысушылар күнделікті сағат 10.00-18.00 аралығында үзбей дайындалған. Фестивальге әлемнің 23 елінен қатысуға үміт білдірген 120 пианиношының отызы ғана жартылай финалға өтіп, жүлделі орындар үшін финалда бақ сынасты. Ал, арнайы құрылған қазылар алқасы пианиношылардың 40 сағаттан астам ойынын тыңдап, жеңімпаздарды анықтады. Нәтижесінде І орын үлкен топ арасында Румыниядан келген Боцак Александру-Кадмиельге, орта топтан белоруссиялық Хандогий Владиславқа, ал кіші топтан жапониялық Окуи Шио мен өнер додасында еліміздің мәртебесін қорғаған 10 жасар дарынды пианист Санжарәлі Көпбаевқа бұйырды.

Биылғы фестиваль өзіне жүктелген үмітті ақтады. Фестивальді бастан-аяқ тамашалауға тоғыз жарым мыңға тарта көрермен келді. Әлемнің бес құрлығынан ғаламтор арқылы қосылған адамдар сайттағы жаңалықтармен танысып отырған екен. Сонымен қатар, биыл да тыңдармандар фестиваль аясында өткен концерттерді интернет желісі арқылы тікелей эфирде көруге мүмкіндік алды. Сайт статистикасы көрсеткендей, байқауға деген қызығушылық былтырғы жылмен салыстырғанда үш есе өскен. Байқаудың небары үшінші күнінде сайт қолданушылары 135 мыңға жеткен. Интернет арқылы дауыс берудің нәтижесі бойынша аудиторияның көзайымына айналып, арнаулы сыйлыққа ресейлік Аниса Дажаева ие болды.

СҮБЕЛІ СӨЗ

Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ, Астана қаласының әкімі:

– Дүниенің әр тарапынан талантты жастарды жиып, олардың арманын орындаған байқау өз мәресіне жетті. Жас пиа­ниношылар шығармашылығын таныстыруды мақсат еткен бұл байқаудың әу бастағы идеясы жүзеге асты. Әрине, байқау біреуді алға салады, біреу кейін қалады. Бірақ, менің пайымдауымша, бүгінгі байқаудың мәртебелі жеңімпазы – ұлы өнер және сол өнердің иелері.

Денис МАЦУЕВ, Ресей Халық әртісі:

– Фестиваль уақыты аяқталды. Осындай өнерлі командамен бір сахнада тұра бергім келеді. Қоштасуға қимаймын. Футболдың тілімен айтқанда, бұл қорғанушы емес, әрдайым шабуылдаушы команда болады!

Фестиваль мәдениет саласында халықаралық байланыстарды реттеп және жас таланттарды қолдап қана қоймай, сондай-ақ қазақ композиторларының шығармашылығын насихаттауымен құнды. Осы тұрғыда қазақ композиторының шығармасын үздік орындағаны үшін Украинаның жас өнерпазы Микита Бурзаница марапатталды. Өнерпаздардың ұстазы, қазылар алқасының құрметті мүшесі Денис Мацуев сахна төрінде арнаулы сыйлық иелерін жариялап, дипломдарды табыстады. Атап айтар болсақ, Иркутск қаласында өтетін «Звёзды на Байкале» халықаралық музыка фестиваліне қатысуға жапониялық Окуи Шио мен Грузия өнерпазы Хрикули Давит, Франциядағы «Annecy Classic» халықаралық музыка фестиваліне Ботак Александру-Кадмиель жолдама алды. «Crescendo» жаңа буын фестивалінің биыл онжылдық мерейтойы болады. Осыдан он жыл бұрын ресейлік қана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен музыканттар бас қосып, көптеген елдерге гастрольдік сапарларға шығып, өнер көрсеткенбіз. Осы фестивальге Көпбаев Санжарәлі қатысатындығына қуанамын» дейді Ресей Халық әртісі Денис Мацуев. Ал, Таламунуер Айдиба «Новые Имена» аймақаралық қайырымдылық қоры атынан Суздаль қаласындағы жазғы лагерьде демалатын болды.

Сыйлықтар легі осымен аяқталған жоқ. Хрикули Давит пен Микита Бурзаница Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қолынан 500 мың теңге көлеміндегі арнаулы сыйлыққа ие болды. Фестивальдің демеушісі «Каспий банк» атынан банктің басшылар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким 1 млн теңге көлеміндегі сыйлықты Максим Максимовке тағайындаса, ҚР мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл байқау қатысушыларды ұзақ та мағыналы өнер жолына бастайтындығын айтып, 250 мың теңгелік жүлдені Санжарәлі Көпбаев пен Айдиба Таламунуерге тапсырды.

Марапаттау рәсімінен кейін көрермендер сазды музыка әлеміне ене берді.

Мәдина Жақып

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − eleven =