«Періштелер өлімінде» жан ауыртар шындық бар

0 82

Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Періштелер өлімі» «Жылан уы» мен «Сәмбі талдың мұңы» деген екі бөлімнен тұрады. «Жылан уы» сюжет құрылысы мен бейнелілігі жағынан триллерге ұқсайды, финалы естен тандыра жаздайды. Адам сияқты қуанғанын, сөйлегенін, күлгенін ғұмырда ешкім көрмеген, қабағы түксиген қара кісі жылан уын алу үшін жұмыс іздеп жүрген қазақ жігіттерін хабарландыру беріп шақыртып, болымсыз ақша беріп, киілген киіммен мәз қылып, 3-4 ай күтімін жасап, ұшқан құстың қанаты талатын Қызылқұмның аптап ыстығына бауырын қыздырған жыландар ордасына апарып, жігіттерді құдыққа түсіріп, жыланға шақтырады. (Жылан уын дәрі жасаушылар өте қымбат бағаға сатып алады). Осындай зұлымдыққа баратын бұл типаж құбыжық бейнеде (монструоздық) көрінеді. Жалпы, «Жылан уындағы» әр бейне айқын, бейнеттен ерте қартайған Шырай сияқты жеңгелер де, тіпті ауылда көптен ұмыт болған той-томалақ болғанда бауырсаққа таласқан балалардың кір-қожалақ қолдары да көзге жылы ұшырайды, атмосферасы бөлек, Шертайдың айлығын жіберген сайын ауылдағы жеңгесін, бауырларын қуантсам деген мінезі-ай дейсің, ауылдағы келіншегін ұмытып, қысқа уақытта көңілдес тапқан ағасына өкпелеп жүрсе де, құдыққа түсерде ағасы үшін жанын беретін сезімдері тірі, оқырманды еліктіріп, баурап әкетеді. Автор күнкөріс үшін қалаға жұмыс іздеп кеткен Шертай мен Байшұбар арқылы, тіпті бас пайдасы үшін оларды ажалға айдаған қара кісі арқылы адамның ішкі әлеміне тереңдеп қана қоймайды, адамның құны, қоғамның рухани құрылғысының проблемаларына көңіл бөледі, психологиялық реализм үлгісін көреміз. Байқасаңыз, автор әр шығармасында шындық айтады, ол – өзіміз мойындауға дәтіміз жетпейтін шындық, жылан саудасымен айналысатын қожайын­ның шекарадан миығынан күліп жүріп өтіп алып, аңқау қазақты алдап жем қылып, теспей сорып жүрген келімсек екенін автор сыналай жеткізеді, өзгелерге есеміз кетіп жүретін, өзіміздің аңғалдығымыздан сорлап қала беретін, асатпай жатып құлдық дейтін мінезімізге сырттан қарағанның удай ащы күйініші болатынын анық ұғасың. «Аға, мен бірінші түсейін» деп аңқылдаған күйі жылан толы құдыққа түскен ақжелең Шертайды жыландар шағып өлтірді, бауырын өз қолымен жыланға тастағандай болған Байшұбардың одан әрі өмір сүруге қақысы да жоқ еді, ақыры ол өзін атып тастады. Адам жанын әр қырынан қарастырып үйренген жазушы тым қаталдыққа барғанда өмірде зұлымдықтың шегі жоғын аңғартқаннан бөлек оқырманының эмоциясын байқағысы келетін де шығар, әйтеуір, сол уды өзің ішкендей боласың. Авторға сенгендіктен де соның бәрін – күйзелу, үрей, ыза, дәрменсіздікті өз ішіңнен өткізесің, оқырманды ана шеттен мына шетке лақтыра беретін кульминациясы әлдебір қорғансыздықты, айықпас мұңды сезіндіреді. Шығарманың ойдан шығарылған дүние екенін біліп отырсаң да, автордың тұспалмен айтқан шындығына қарсы ештеңе дей алмайсың. Ол шындық – мейірім, адамгершілік жоғалған жерде жер-әлемде қара түнек қана орнайтыны. Оқиғасы қарапайым басталып шарықтап кететін, ақыр соңында естен тандырарлық болып аяқталатын сюжетімен де, кедей-кепшіктің өлсе құны сұрау­сыз екенін жеткізіп проблема көтеруімен де, жалпы стилистикалық эксперименттерімен де құнды, осы себепті де Тынымбай Нұрмағамбетовті дәуірдің рухани ахуалын, классикалық жанрларын, бағыттарын, формаларын, әдеби дәстүрлердің қалай дамитынын түсінген, мәңгілік сұрақтарды жаңа формада көру үшін өз сыни ойлауы мен эстетикалық талғамын дамытқан жазушы деп танимыз.
Екінші хикаят «Сәмбі талдың мұңы» да сол тоқсаныншы жылдарды, адамдардың сенімі, үміті кұл-парша болған, құндылықтар өзгерген, ауыл қазағы үшін дүниенің желі оңнан да, солдан да соққан қиын кезеңді бейнелейді. Мұнда адам саны көп емес, ­Алдияр, қызы, жиені Женя-Жеткерген, ауыл адамдары. Басынан аяғына дейін Алдиярдың күнделікті тірлігі, ойлары, естелігі, қуанышы, мұңы беріліп, ауыл адамдарының көңіл-күйі арқылы сол кезең еске түседі. Әдетте басқа авторлар болса мұндайда кейіпкердің атынан бірінші жақта сөйлейтін тәсілді қолданар еді. Бірақ Алдияр туралы үшінші жақтан баяндау оқырманды ешқандай шектеусіз кейіпкердің ішкі әлеміне енгізуге мүмкіндік беретін көркем форма болғаны анық. Автор үшін кейіпкердің жаны құпия емес, ол туралы бәрін біледі, ішкі процестерді егжей-тегжейлі бағыттай алады, кейіпкердің өзі байқай алмайтын немесе өзі мойындай алмайтын психологиялық күйін баяндайды. Алдиярдың жалғыз қызының бойжетіп, қыздармен қыдыруға кеткен сәттегі әкесінің алаң болған көңілі қандай қапысыз! Қыз күйеуге кетіп қалатын күнгі әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты беруде жазушы осы сезімнің тереңдігін, айрықша реңктерін асқан дәлдікпен суреттейді. Кейіпкермен бірге естелік еміп, кейіпкермен бірге мұңайғанда осы толқыныстың бәрі жазушылық қуаттың әсері екенін де ойлап жатпайсың. Бір жылдан соң қызы сәбиін (Зияданы) алып, әкесінің үйіне төркіндеп келген жазды айт­саңшы, сол жазда Алдияр бақша салып жүріп бір шаршамаған еді, туған үйін, әкесін сағынып жеткен қызының бұрынғыдай емес ерекше әңгімешіл болып кеткеніне таңғалса да, кепеде отырып қызының қолынан ішкен шайына жетер шай жоқ, екеуара баяғы бірдеңелерді еске алып айтқан әңгімесіне жетер әңгіме жоқ, қызының әкесіне бұртиып еркелегені, перзентінің әкеге ықыласына жетер ештеңе жоқ… Алдияр үшін бұл ешбір ғажайыпқа теңгермейтін кез еді. Одан кейінгі жылдары тұрмыстың тауқыметінен жалғыз қызының қиналғаны, жиені Зияданың жүгенсіз кеткені, Жеткерген-Женяның нағашы атасының қасына келіп, ауылдың малын ұрлап, қалаға апарып сатуы Алдиярдың жанын жасытты. Қызының тауқымет шеккенін, жүнжіп қиналғанын көргісі келмегені анық. Флобер, Мопассан, Фолькнер сияқ­ты психолог жазушылардың өз шығармаларында психологиялық әрекеттерді жүзеге асыру үшін адамның өз ішінде, өз кеңістігінде өмір сүру процестерін айқын көрсететіні сияқты, Тынымбай Нұрмағамбетов те кейіпкерінің неден тұйыққа тірелгенін, қалай күйрегенін оқырманның жан-жүйесі­не әсер ете отырып, сезімталдықпен баяндайды. «Сәмбі талдың» мұңындағы Алдиярдың ең соңғы сәтте шарасыздықтан суға кетіп өлуді таңдағанын ақтай алмасаң да, оның ішкі әлеміне терең ену арқылы психологиялық талдау жасауға болар еді. Өзің дәтке қуат көріп, табан тіреп жүрген өмірдің мәні, мазмұны бір сәтте табан астынан жылжып жоғалса, бүкіл дүние өзінің қалыпты қанық бояуынан айрылып, сүреңсіз кейіпке түсерін әркім-ақ мойындар. Жазушының тілі лексикалық, семантикалық және синтаксистік тұрғыдан ерекше, аса күрделі емес, конструкциялар қарапайым, автор соншама мұңлы шығарма жазып отырып та өзіне тән юморын ұмытпайды, бұл әсіресе, ауыл адамдарының мінездерін сомдағанда анық көрінеді.
Сонымен өн бойында терең әлеуметтік-психологиялық тамыр бар, автордың күрделі ішкі әлемін, стилистикалық мүмкіндігін көрсететін, философиялық проблемаларды көтерумен ерекшеленетін «Періштелер өлімін» қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің үздік шығармасы дер едік. Екі хикаяттың да трагедиямен аяқталғаны бекер емес, біздегі қоғамдық сананың рухани матрицасының өзгеруінен соңғы жылдары қазақтың уайымы, мұңы көбейгенін жасыра алмаймыз. Бәлкім, соның бәрін көрсете білгені үшін де Тынымбай ­Нұрмағамбетовты оқитын шығармыз. Тынымбай Нұрмағамбетов оқыла береді. Ол – классика. Әдебиетті баяғыдай құрметтемеушілік белең алған кезде де біз оны оқуды тоқтатпаймыз, оның әңгіме-хикаяттарынан тірі кейіпкерлерді кездестіреміз, өйткені классика адамдар мен тағдырлардың үлгісі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 3 =