ПЕНЗА ГУБЕРНАТОРЫМЕН ПІКІРЛЕСТІ

0 73

Кеше Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Ресей Федерациясы Пенза облысының губернаторы Василий Бочкаревпен кездесті.

Пенза облысының губернаторы бастап келген делегацияның құрамында өңірлік үкіметтің, қаланың заң шығару мәжілісінің өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары мен бизнес, өнеркәсіп саласының мамандары бар.

Кездесу барысында екіжақты байланыстарды одан әрі нығайту, бір-бірімен тәжірибе алмасу мәселелері төңірегінде кеңінен әңгіме өрбіді.

Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәртебелі меймандарға Қазақ елінің жас елордасын кеңінен таныстырып, шаһардың даму динамикасына тоқталды.
– Қазақстанның елордасын ауыстыру идеясы тәуелсіздігіміз енді ғана тәй-тәй басқан, экономикалық қиын-қыстау кезеңде дүниеге келді. Бұл тым тәуе­келшіл, батыл қадам болатын. Президентіміздің бұл шешімінің дұрыстығын уақыттың өзі көрсетті. Бұрын тек жаңа әкімшілік орталық болады деп болжанған шаһар аз уақыттың ішінде қарқынды дамып, үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отыр, – деді Иманғали Нұрғалиұлы.

Сондай-ақ, Астана әкімі елордадағы мемлекеттік маңызы бар нысандар, индустриалдық парк, медициналық кластер, білім, спорт саласындағы табыстарды ресейлік меймандарға таныстырды. «Көп естігеннен бір көрген артық» екенін еске салған елорда әкімі делегацияны осы атқарылып жатқан шаруаларды өз көздерімен көруге шақырды.

Еліміздің бас қаласына ат басын бұрған меймандар Астананың ажарын алдымен ауызға алады. Пенза облысының губернаторы Василий Бочкарев та Қазақстан астанасының келбетіне сүйсінгенін білдірді. Ол Астанаға 2003 жылы  келгенін, арадағы уақыт ішінде елорда адам танымастай өзгергенін тамсана жеткізді.

– Астананың қай саласында да біз қызығарлық, тәжірибе алмасарлық жетістіктер көп екен, – деді губернатор. – Әсіресе, қаланы салудың, оған сәулет берудің қыр-сыры, бизнеспен бірлесе отырып, балабақша салу мәселелері көңілімізге қонып отыр. Бұл бағыттағы ынтымақтастығымыз жарасым табатынына сенімім кәміл, – деді Василий Бочкарев.

Қос тарап Астана мен Пенза облысы арасында барлық сала бойынша әріптестік қарым-қатынас толастамай, серпінді дамитынына сенім білдірді.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen − eight =