ПЕДАГОГИКА ТЕХНОЛОГИЯСЫНЫҢ ПӘРМЕНI

0 74

Бiлiм беру реформаларына қатысты ең алдымен педагог мамандар өзгеруi керек екенi түсiнiктi. Педагогтар өздерiне мемлекет қойып отырған талаптардың «аспаннан алынбағанын», жаңа заманның талабынан, қажеттiлiктен туындағанын жете түсiнуi қажет. Бұл кәсiби талаптар бүгiнде ХХI ғасырдың адамзатқа салып отырған ортақ сынақтарымен тiкелей байланысты. Қазiргi кезде оларды елемей өмiр сүру мүмкiн емес. Ендiгi жерде мемлекеттердiң бәсекеге қабiлеттiлiгi осы сынақтардан өтуiне тәуелдi болмақ. Бұл сынақтардың бiрi – технологиялық сынақ өндiрiстi және адам тiршiлiк әрекетiнiң көптеген өзге салаларын түбегейлi жаңа, тиiмдiлiгi жоғары деңгейге көшiрудi талап етедi.
Астана қаласы Бiлiм басқармасының мәлiметтерiне қарағанда, елордада дәстүрлi оқу-тәрбие процесiне озық iс-тәжiрибелердi енгiзуде 26 бағыт бойынша 68 эксперимен­талды алаң жұмыс жасайды. Мұндай алаң тұжырымдамалары мен бағдарламаларын құруда ғылыми iзденiс нәтижелерi басшы­лыққа алынады. Бiрқатар мектептердегi экс­пе­римент барысына ғылыми қызметкерлер тұрақты түрде кеңесшiлiк қызмет атқаруда. Осылайша, отандық бiлiм берудi дамытудың басты принциптерiнiң бiрi – бiлiм мен ғылым­ның өзара кiрiгуi жүзеге асуда. Тәжiрибелiк алаң жұмысының алдын ала жасалған болжамына жетiп, сәттi аяқталуы оның өзге оқу орындарына қолдануға педагогикалық және құқықтық негiз бередi. Экспериментсiз қызмет етiп жатқан мектептердi өзара салыс­тырған секiлдi, тәжiрибелiк алаңдарды саралау жұмысына да мән берiлуде. Мәселен, Астана қаласының Бiлiм басқармасы үстiмiздегi жылы «Бiртұтас педагогикалық процестi тех­но­логияландыру» деген ауқымды тақырыпта №58 орта мектепте қалалық ғылыми-практи­калық семинар ұйымдастырылды.
Аталмыш семинарға басқарма қызметкер­лерiмен бiрге «Астана дарыны» республика­лық ғылыми-практикалық орталығының, Астана қаласы Бiлiм беру жүйесi кадрлары­ның бiлiктiлiгiн арттыру және оларды қайта даярлау институтының мамандары, 40-тан астам мектеп басшылары қатысты. Отандық ғалымдардан педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республика­сының Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң Бiлiм беру сапасын бағалау Ұлттық орталы­ғының жетекшi сарапшысы Т.Ғалиев, 2007 жылдың «ЖОО-ның үздiк оқытушысы» ата­ғы­ның иегерi А.Қисымова, Астана медицина университетiнiң доцентi Ә.Даниярова болды.
Семинарда Бiлiм басқармасының бастығы Әсима Бимендина №58 орта мектептегi тәжiрибелiк жұмысты атап өтiп, мұғалiмдердiң тәжiрибелiк бағдарлама аясында дайындаған оқу-әдiстемелiк әзiрлемелерiнiң көрмесiн, мектептiң әдiстемелiк және ресурстық ка­бинет­терiн тамашалады. Оның iшiнде атал­мыш жұмысты теориялық және практикалық жағынан мектептiң төл басылымы – «Шын iлiм» журналының алғашқы санымен танысты.
Iс-шара соңында мектеп директорлары тәжiрибелiк бағдарламаның сынамалы оқыту-тәрбиелеу технологиясы арқылы жоспарлы сабақтарда оқушылар белсендiлiгiнiң айтар­лықтай жоғары екенiн, сонымен бiрге оларға дайындалатын әр мұғалiм ұдайы iзденiсте жүретiнi жөнiнде пiкiр бiлдiрдi. Басқарма өкiлдерi мектептiң соңғы жылдары жеткен жетiстiктерiмен өзге тәжiрибелiк алаңдардың және кәдiмгi орта оқу орында­рының танысуы әрi өз қызметiнде ұтымды тұстарын пайда­лануы жайлы шешiм шығарды.

Елдос НҰРЛАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 4 =