Педагог-зерттеуші

0 31

«Ұстазды алтын діңгекке теңер едім» деп ұлы педагог Ы.Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы – қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы. Осы ұлы жолдағы ең жауапты іс – ұрпақ тәрбиелеу.Рузигүл Нишанқызы 32 жылдан бері жүрек қалауымен түскен мамандығына адалдықпен еңбек етіп келеді. №71 мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі – республикалық және халықаралық байқауларда өзінің шығармашылығын шыңдаған педагог. Өйткені баламен жұмыс жасау шығармашылықтың шыңы деп түсінеді. Көптеген ізденістері мен жемісті жұмысының арқасында «Педагог-зерттеуші» атанды. Бұл дегеніміз – мұғалім қызметінің ғылыми-педагогикалық зерт­теу сипатын танытатын педагогикалық шеберліктің жоғары деңгейі.
Ұлы Абай «Мейірімділік – бауырым деп адам баласын жақын тартқанда іске асатын қасиет» деп бағалаған. Ендеше Рузигүл Қасимова да ме­йірімділік бар жерде сенім бар, сенім барда не қажеттің бәрі бар деп түсінеді. Шәкірттеріне де осы ұстаныммен білім береді. «Білім беру мазмұнын жаңарту: болашаққа бағдарлану» тақырыбындағы еңбегі ұстаздар арасында жоғары бағасын алды. «Астана дарыны», «Полиглот», «Халықаралық ғылыми жобалар» конкурстарында жүлделі болып, «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісімен марапатталды. «Ұстаздан шәкірт озса игі» демекші, үш тілді қатар меңгерген мұғалімнің озық ойлы шәкірттері де аз емес және білім додаларында топ жарып жүр. Сондықтан Рузигүл Нишанқызы «XXI ғасыр мұғалімі оқушыларға сапалы білім, саналы және патриоттық тәрбие беру үшін әрқашан жауапкершілікті сезінуі қажет. Сондықтан өз шығармашылығын шыңдап, үнемі өзі ізденіс үстінде болғаны абзал» дейді. Отбасында үш баланың анасы, асыл жар, ұлағатты ұстаздың мерейі қашанда биік. Өйткені ұрпағын да, шәкірттерін де заман талабына сай тәрбиелеуде және білім беруде өзіндік ұстанымы бар жан.

Гүлжан
АБАЙҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − 6 =