©2020 Астана Ақшамы
Пәтуа беруге кімдер пәрменді?
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен кездесу өткізген болатын. Кездесуге Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин, Президент Әкімшілігінің Басшысы Кәрім Мәсімов, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев, Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Ержан Маямеров, сондай-ақ, облыстардағы өкіл имамдар қатысқан. Президент осы кездесуде дін өкілдеріне шариғат заңдары аясында Діни басқарманың қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты пәтуалар шығарып отыруды қолға алуы қажеттігін атап өткен болатын. Расында, пәтуа – дінді заманауи қоғаммен жалғайтын дәнекер іспетті. Осы себепті аталмыш тақырыпты «Әзіреті Сұлтан» мешіті www.muslim.kz сайтының қазақ бөлімінде діни редактор қызметін атқаратын Абдсамат Қасыммен болған сұхбатымызға өзек еттік.
– Шынын айту керек, ҚМДБ-ның бірінші наиб мүфтиі, мешіттеріңіздің бас имамы пәтуа тақырыбы төңірегінде бірер сұрағымыз бар еді деп хабарласқанымызда сізді ұсынды. Осы себепті де сізбен тілдесудің реті келіп отыр. Ендеше, ең әуелі пәтуа сөзіне анықтама беріп өтсеңіз? Пәтуа дегеніміз не?
– Жалпы, Ислам дінінде пәтуа деген сөз – үкім беру, үкім шығару деген мағына береді. Яғни, сұралған белгілі мәселеге Құранға, пайғамбарымыздың (с.а.с) хадисіне сүйене отырып, жауап беру және үкім айту. Пәтуа берушіні – мүфти, пәтуа сұраушыны – мустафти деп атайды. Бұны қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, пәтуа беруді заң шығарушы органдардың жұмысымен салыстыра аламыз. Олар адам құқығын қорғайтын құжаттар негізінде заң шығарса, мүфти де құранға, хадиске сүйене отырып үкім айтады.
– Біздің елімізде кімдер пәтуа береді?
– Бұл жерде пәтуа берумен тек бір адам айналысады деп қарау дұрыс емес. Бұндай шешімдерге бірнеше ғалым ақылдаса отырып келуі де мүмкін. Сондықтан, дәл анау пәтуа береді деп айту қиын. Әзірше біздің елде Діни істер басқармасы осы жұмыспен айналысады. Дамыған ислам мемлекеттерінде арнайы пәтуа беретін орталықтар болады. Бірақ, әзірше біздің елде ондай ұйым құрыла қойған жоқ. Бұл болашақта қолға алынатын іс деп ойлаймын. Ал, әзірше ДІБ-ы пәтуа беріп келеді. Бұл бір орталық жауаптанып атқаруы тиіс жұмыс. Себебі, әркім пәтуа бере берсе, қоғамда пікірлер қайшылығы орын алып, ол біздің береке-бірлігімізге нұқсан келтіруі мүмкін. Қазірде, Құдайға шүкір, Діни басқармада білімді жігіттер бар. Осындай азаматтарымыз елді адастырмайтын пәтуа шығару жолында қызмет етеді.
– Пәтуаны қалай береді? Немесе пәтуаны қандай негізге сүйене отырып шығарады және бір ұлтқа ғана тән пәтуалар бола ма?
– Усулуль Фиқһ деген ғылым бар. Фиқһ дегеніміз – біздің заңнама жинағы болса, усулуль фиқһ сол заңды шығару жолы деген ұғымға саяды. Сондықтан, оны үкім шығару методологиясы деп айтсақ, қателеспеспіз. Оның методикасын толық білген адам толыққанды пәтуа шығарушы бола алады. Жоғарыда пәтуа шығарушыны мүфти деп атайтынын айттық қой. Енді осы мүфтилер үкім шығарарда кез болған мәселе бойынша шешімді Құраннан іздейді, егер Құранда жоқ болса хадистерден қарайды. Кейбір мәселелер бұл екеуінде де қамтылмауы мүмкін. Пайғамбарымыздың заманында болмаған дүниелер шығып жатыр мысалы, ол кезде естіп білмеген әрекеттер кездесіп жатыр қоғамда. Осы кезде ғалым кез болған мәселеге ұқсас оқиғаларға сүйене отырып қияс жасайды. Үкімі бар мәселенің шешімін үкімі жоқ ұқсас мәселеге беруді қияс деп атайды. Осындай үкім шығарудың бірнеше жолдары бар, соның тағы бірі – әдет-ғұрыпқа сүйене отырып пәтуа беру. Біздің дінде кез келген қауымның салт-дәстүрі дінге қайшы келмесе, харам болмаса оған тыйым салмайды. Мысалға қазақтың беташар дәстүрін алып қарайық. Қоғамда осы беташар дәстүрі дұрыс па, бұрыс па деген сұрақ кездесіп жатады. Тіпті, ол теріс, дінге қайшы салт екен деп, келінінің бетін аштырмай той жасап жататын адамдар да бар. Ал, шындығында оны теріске шығарған пәтуа жоқ. Осыдан барып, бір ұлтқа ғана тән пәтуалар дүниеге келеді. Біз беташардың дінге жат дәстүр еместігін пайғамбарымыздың (с.а.с) хадисіне сүйеніп айтып отырмыз. Ол хадис үйленгендеріңді жария етіңдер деген мазмұнда келеді. Бірақ, айта кететін бір жайт бет-ашарда арақ ішу секілді харам істер орын алмау керек.
– Сіздер осы күнге дейін қандай мәселелер бойынша пәтуа бердіңіздер? Сондай үкім таратқан кез болды ма өз басыңызда?
– Біздің сайтқа оқырмандарымыздан: «Ұялы телефонға, компьютерге, планшетке сүрелердің мр3 нұсқасын сақтауға және оны дәретсіз ұстауға бола ма? Оны өзімізбен бірге алып жүруге тыйым бар ма?» деген сұрақ келіп түсті. Біз осыған ақылдаса келе мынадай пәтуа бердік:
– Құран сүрелері сақталған ұялы телефонды, планшетті дәретсіз ұстауға болады. Өйткені, бұл жерде адам қолы құранға емес, оның сыртындағы әйнек затқа тиеді. Бірақ жүніп, хайыз, нифас кезінде телефонды ұстауға болғанымен, Құран аяттары сақталған файлдарды ашып, оқуға рұқсат жоқ. Осы тұста Құран сөздері жүктелген телефонды дәретханаға алып кіруге бола ма деген сұрақ туындады. Біз оған рұқсат беретін пәтуа шығардық. Бірақ тахарат орындарына кірерде телефон бетінде сүрелер жазылған папка ашық тұрмағандығын қадағалап жүру керек. Ол файлдың ішінде тұрғанда бір заттың ішінде салулы тұрғандай болады. Сонымен қоса, ұялы телефонның бетінде құран сөздері бар суреттердің де болмауы керек. Осы тектес пәтуалар muftyat.kz сайтындағы пәтуалар бөлімінде жарияланып отырады. Оқырмандарымыз осы жерден өзін мазалап жүрген сұрақтарға жауап таба алады.
– Сіз өзіңіз мұсылман ретінде қандай тақырыптарға заманауи пәтуалар қажет деп ойлайсыз?
– Біріншіден, қолдан ұрықтандыру деген шығып жатыр ғой. Яғни, бала көтере алмайтын әйелдерге, ұрық бездерінің дертіне шалдыққан ер адамдарға қатысты түрлі медициналық тәсілдер қолданысқа енуде. Мен осы тақырып төңірегінде пәтуалар керек деп есептеймін. Екіншіден, банктер арқылы ипотекамен үй алу мәселелеріне терең зерттеу жасалып, пәтуа берілсе екен деп ойлаймын. Себебі, шариғат бойынша ақшаны өсімге беру де, өсіммен ақша алу да ауыр күнә қатарына жатады. Оны дінде риба деп атайды. Ал, уақыт талабы басқа. Ол күнә екен деп, мұсылмандар баспанасыз қалса, ол діннің адамға әкелген кесірі болып табылады. Ал, дін адамға еш ауыртпалық және зиян тигізбеуі керек. Сондықтан, осы мәселе төңірегінде заманауи пәтуа өте қажет.
– Болашақта бізге пәтуа беретін ұйым немесе орталық қажет пе?
– Иншалла, бізде ондай ұйым құрылады деп ойлаймын. Бірақ, ол Діни істер басқармасына қарасты болып құрылуы керек.
– Рахмет!
Әңгімелескен:
Ербол ЖАНАТ