«Патшаны» тізе бүктірді

0 124

Кәсіпқой бокста қазақтың намысын ту етіп жүрген болат жұдырық жігіттеріміздің саны саусақпен санарлық. Жалпақ жұрттың жазбай танитыны тіптен аз – бір-екеуі ғана: Бейбіт Шүменов, Геннадий Головкин және қатарға соңғы қосылған жойқын соққылы Қанат Ислам. «Ер Төстігім бір төбе» демекші, кәсіпқой боксшылар ішінде Қанат пен Геннадийдің орны бөлек. Екеуі де қарсыластарын кескен теректей ұзынынан түсіріп, серейте сұлатқанды жөн көреді. Төреші есінен танған спортшыны арашалай бере: «Стоп!» деп, алдынан кесе-көлденең шықпайынша тоқтағысы жоқ. Генадийдің соңғы жекпе-жегін тақымын қыса отырып тамашалаған ел осыған тағы бір мәрте куә болды.

Жерлесіміздің кезекті кездесуі Нью-Йорктегі атақты «Madison Square Garden» аренасында америкалық Габриэль Росадомен өтті. Бокс өте тартысты әрі жоғары деңгейде болды. Филадельфиялық Габриельге де өкпе жоқ, лайықты қарсылас екен. Шаршы алаңда шашасына шаң жұқтырмай жүрген оған жергілікті жұрт «Патша» деген лақап ат берсе керек. Бірақ, жиырманың алтысында әлем чемпионы атансам деген ойы жүзеге аспады. Гена «Патшаны» тізе бүктіріп, «WBA нұсқасы бойынша орта салмақта әлем чемпионы» деген титулын тағы бір мәрте қорғап қалды.

Оқиғаны тарқата айтсақ, бірінші раунда Габриель өзін жинақы ұстап, аңдысу кезеңінен сүрінбей өтті. Сырттай бір-бірін зерттеп келген екеуі екінші раундта біраз соққы алмасты. Тың кездегі ауыр соққылар. Тіпті, біздің Гена бір-екі ауыр апперкоттың дәмін татып үлгерді. Есесіне Габриельді үшінші раундтың басында сең соққан балықтай есеңгіретіп жіберді. Дереу есін жиып, қорғанысқа көшкен америкалық естен тануға дәс қалды. Төртінші кезеңде де Геннадий қарсыласын төпелеумен болды. Ал, бесінші раундта таразының басы толықтай біздің жаққа ауды. Шаршы алаңға беттеген Габриельді төреші тоса тоқтатып, жарылған қабағынан саулаған қанды сүрт­кізді. Дәрігердің рұқсатымен қайта шыққанымен жарытып жұдырықтаса алмаған ол жетінші раунда жеңіліс тапты. Анығында, боксшыларының денсау­лығына зақым келеді деген қауіппен секунданттары алаңға ақ орамалдарын лақтырып, арашалап алды.

Американың төріне атой салған Геннадий темір жүйкелі, салқын саналы, сезімтал боксшы. Алаңды «көре білетін» қасиетін де мамандар талай мәрте мақтай айтқан. Осы қарым-қабілетін тағы бір паш еткен Головкин бокс кешінің ең қомақты гонорары 350 мың долларды қанжығаға басты.

Ербол ЖАНАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × four =