Патронаттық – патриотизмнің бір түрі

0 176

Ұлтымыздың ұлылығы шығар, ата-анасыз қал­ған баланы қаңғытып жі­бермеген халықпыз. Өзінің пер­зентін ғана емес, өзгенің де баласын бауырына басып, ата-аналық мейірімін төгіп, патронаттық тәрбиеге алған жандардың қатары соңғы кезде көбейіп келеді.

Бүгінде елімізде 38 мың балаға қамқорлық көрсетіледі екен. Оның 2267-сі пат­ро­наттық тәрбиелеуге берілген.
Жалпы, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған
балаларды тәрбиелеудің төрт түрі бар, ол – бала­ны асырап алу, туыстарына қамқорлыққа беру, интернаттық мекемеге орналастыру және пат­ронаттық тәрбиеге алу.
Патронаттық тәрбие деп, баланы жаңа отбасына бейімдеудің бір түрін айтады. Бұл туралы ереже 1999 жылы 9 қыркүйекте қабылданған. Жетімдіктің алдын алуда және баланың айналасындағы адамдармен тұрақты түрде қарым-қатынас жасауына, сондай-ақ, психикасының дұрыс дамуына бұл тәрбиенің әсері мол.
Әрине, бала үшін отбасының орны бөлек. Ол ата-ананың аялы алақанын, шынайы қамқорлығын сезініп өсуі қажет. Осыған орай жеткіншектерді арнайы отбасыларға патронаттық тәрбиеге беруді одан әрі жетілдіру қажет деп ойлаймын. Өйт­кені, бала интернатта қанша жерден білім, тәр­бие алғанымен, болашақ өмірге, отбасылық жағдайға бейімделіп өсе алмайды. Ал, тағдыр тау­қыметін жастайынан татқан, ата-ана мейіріміне бөленбеген бала жатбауыр болып өседі. Баланың толыққанды отбасында тәрбиеленуі оның өмірге деген көзқарасын өзгертіп қана қоймай, болашаққа деген сенімін нығайтатыны сөзсіз.
Патронаттық та патриотизмнің бір түрі. Өз ұлтына жаны ашыған адам жетім баланың жанына жалау бола алады. Балалар үйіне мемлекет тарапынан қолдау жеткілікті десек те, ата-ананың мейірімі жетпей жатады. Сондықтан, жүрегі кең, жағдайы бар азаматтар балалар үйінен қамқорлыққа, патронаттыққа бала алып жатса, жетімдердің саны азаяр еді.
P.S. Кейбір балалар үйінің ресми сайттарында отбасын күтіп, жәутеңдеп жүрген балақайлардың суреттері жарияланады. «Мен сізді күтіп жүрмін, мама!» деп жазылған фотоның астына олардың жақсы қасиеттерін жіпке тізіп қойған. Кішкентайынан жетімдіктің ащы дәмін татқан мұндай балақайлардың саны аза-йып, мейірімі шексіз жандардың махаббатына ертерек бөленсе екен деп тілейік.

Гүлмира АЙМАҒАМБЕТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − ten =