Патриоттық тәрбие парызы

0 117

Жас ұрпаққа өнеге көрсету, патриоттық тәрбие беру қоғам алдындағы аса маңызды міндеттердің бірі екені анық.
Осы орайда, Ауғанстан соғысын бастан кешкен жауынгер-интернационалистер ұйымдары белсенділік танытып жүргені белгілі. Жақында өткен Ауғанстан соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының кезектен тыс съезі барысында аталмыш ұйымның мақсат-мүддесін біліп қайттық.

Еліміздің барлық аймақтарындағы Ауғанстан соғысы ардагерлері ұйымдарының жұмысын үйлестіруші қауымдастықты басқарып келген Халық қаһарманы, Мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев кезекті съезде өзінің Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымдарының Үйлестіру кеңесіне төраға балып сайлануына байланысты қауымдастық басшысы міндетінен босатылатынын мәлім етті. Осыған байланысты қауымдастықтың есеп беруі тыңдалып, жаңа төрағаны сайлау өтті. Қауымдастыққа мүше облыс ұйымдарынан келген делегаттар бұл міндетті атқаруды Ауғанстан соғысының ардагері, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлға сеніп тапсырды.

 

Қауымдастықтың болашақтағы бағыт-бағдарын айқындаған жиын барысында Ауғанстан соғысында қаза болған жауынгерлердің аналарына құрмет көрсетіліп, материалдық көмек берілді. Съезд жұмысына қатысқан делегаттар мен қауымдастықтың жаңадан сайланған басқарма мүшелері жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру жөніндегі ойларын ортаға салып, осы бағытта жұмыс жүргізудің жоспарын айқындады.

«Ауғанстан соғысы ардагерлері ұйымдары қауымдастығының ең негізгі мақсаттары, бұл – елімізде болатын саяси-әлеуметтік шараларға белсенділікпен қатысу, Отан алдындағы антына адалдық танытып, соғыста қаза болған қарулас достардың ата-аналарына қолдау көрсету, хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық жауынгерлердің тағдырын анықтау болады. Сонымен қатар, біздің қауымдастық үшін жастарды отандық патриотизмге тәрбиелеу – ең басты міндетіміз болып қала береді. Бұл біздің парызымыз»,– деді жиын қорытындысында қауымдастық басшысы, жауынгер-жазушы, халық қалаулысы Бақытбек Смағұл.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 5 =