ПАТРИОТТЫҚ ӘНДЕРГЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫМ БАЛА КЕЗДЕН БАСТАЛҒАН

0 133

Ибрагим ЕСКЕНДІР, әнші

– «Көк тудың желбірегені» әні сізді тапты ма? Әлде сіз әнді таптыңыз ба? Қысқаша тарихын айтып берсеңіз?
Сымбат, студент

Менің патриоттық әндерге деген қызығушылығым сонау бала кезден басталған болатын. Шамамен, 8-9 сыныптарда оқып жүрген шағымызда Бекболат Тілеухан ағамыздың «Елім менің» әнін естіп, өзімізді ұлт патриоты сезініп, делебеміз қозып, жарық дүниеге қазақ болып келгенімізді мақтан тұтып кететінбіз. Ауыл балалары рухани сезімдерге бай келеді ғой. Ауылы алыс қалған сол бір бала күндерден бастап ұлттың рухын биіктететін дүниелерге, мейлі, ән болсын, күй болсын, жақсы бір әңгіме болсын, жүрегімнің төрін бергенмін. Содан болар, мен сахнаға «Көк тудың желбірегені» әнінен бұрын «Аманат», «Бұлқынды жүрек», «Қазақстан» сияқты патриот­тық әндер­мен келдім. Енді бұл әнмен қалай қауышты дегенге келсек, бірде өз көлігіммен қалада келе жатқам. Бір кезде қазақ радиосын қосып қалсам, жаңағы әннің ең соңғы шумағы айтылып жатыр екен. «Таласқа түссе жан мен ту, жан емес маған керегі, Көк тудың желбі­ре­гені!» деген жолдарын есті­сімен, бұл әнді орындап шығуым керек екендігін түсіндім. Сосын «Қазақ радиосының» жігіттеріне қоңырау шалдым. Сонда Жарқын есімді досымыз бар, сол жігіт маған Алмас Ахметбеков ағамыздың нөмірін тауып берді. Алмас ағамыз­бен телефон арқы­лы тілде­сіп едім: «Алматыға кел, дауы­сыңды көрейік», – деді. Көп созбай, алып-ұшып Алматыға жеттім. Бара салы­сымен хабарлассам, о кісі бір тойда жүр екен. Айт­қан жерін тауып барып, сәлем бердім. Аға­мыз біраздан соң маған: «Ибра­гим, маған ренжіме! Сен мен ойла­ған адам емес екенсің (шамасы, біреу­мен шатас­тырып алған болуы керек). Бұл ән – менің көзім­нің қара­шығындай дүние. Сондық­тан, саған бере алмаймын» деді. Мен кетерімде ағамызға сонда да «менің дауысымды бір тыңдап көріңіз» деген ниетпен ақын Ықылас Ожайұлының сөзіне жазылған «Аманат» деген әнімнің мр3 нұсқасын қалдырып кеттім. Ертеңіне мені қайта шақырып алып, қысқасын айтқанда, әнді қанжығама байлады. «Көк тудың желбірегені» әнімен осылай табыстық.

– Қазір немен айналысасыз? Отбасыңыз бар ма?
Айнұр, есепші

Отбасымызда 5 адам бар. Өзім­нен үлкен 4 әпкем тұрмыста, бала­­лы-шағалы. Анамыз, шүкір, қасы­мыз­да. Өзім әлі шаңырақ кө­тер­ген жоқпын. Жалпы, оңтүстік өңірі­нің қаза­ғымыз, Мақтаарал жақ­тан. 2001 жылдан бері елорда тұрғынымыз. Немен айналысасыз деген сұраққа келсек, бүгінгі таңда жастар саясатына ат салысып жүрмін. Сол бағытта түрлі жиындарды ұйымдастыру секілді жұмыстармен айналысамын.

– Сіздің ұстазыңыз Бекболат Тілеухан дейді ғой. Сол рас па?
Есбол, мұғалім

Бекболат ағамызбен алғаш «Мә­де­ниет» арнасының ашылу салта­на­тында жүздесіп, азырақ әңгіме­лескенбіз. Сол жолы мен «Аманат» әнін орындаған болатынмын. Дауысымды естіген соң ағамыз аздап ақыл-кеңесін де айтқан. Дауысыма лайықтап ән жаздыруым керектігіне де ақыл қосқан. Содан бері ол кісімен жақсы шығармашылық қарым-қатынастамын деп айта алам. Шәкірті дегенге келсек, ара-арасында дәстүрлі әндерден сабақ алып тұратыным рас.

– Сенің «Ләйлә» атты әніңді сүйіп тыңдаймын. Бірақ, таныстарымнан сұрасам көбі білмейді. Осы ән неге кең таралмай қалған?
Саян, ақын

Қазақтың Жұматай Жақыпбаев деген сыршыл-лирик ақыны өткен. Өкінішке қарай, қазіргі жастардың көбі біле бермейді. Жұматайдың «Ләйлә» атты таңдамалы жыр жинағы бар. Жыр жинақты оқып жүріп, «Ләйлә», «Таба алмай қойған бақытым», «Нұрлы бақ» сынды әндерді жазып шықтым. Бұлар – махаббат тақырыбындағы туындылар. Бірақ, кейін «Көк тудың желбірегені» әні шықты да, халықтың ықыласы соған ауып кетті. Осы себепті, «Ләйлә» әні насихатталмай қалды. Ендігі кезекте осы әннің кең танылуы жолында жұмыс жасаймын.

– Сенің композиторлық қы­рың­нан хабарым бар. Қазіргі ком­­по­­зиторларға сын көп тағы­ла­ды. Саған сын таққан адамдар бол­­ды ма? Әндеріңді кімдер орын­­дап жүр?
Нұрқисса, қала тұрғыны

Мен, жалпы, сынды жақсы қабыл­дай алам. «Сын түзелмей, мін түзелмейді». Менің шығарма­шылы­ғым анау айтқандай қатты сынға ұшы­раған жоқ. Себебі, мен өзіме ұна­маған әндерді жарыққа шыға­ра қой­маймын. Әлі айтылып жүр­ген әнде­рімді естіген өнердегі жол­дастар тарапынан әндер бір­қа­лыпты болып кетпеу керек деген ке­ңес берілген. Жалпы, әндерім өз ор­тама ұнады және жақсы қа­был­данды. Мә­селен, Мақсат Базар­баев, Жа­ңабай Өтегенов сынды әнші­лермен қоса Жүрсін Ерман, Рамазан Стам­ғазиев сияқты ағала­рымыз да жақсы баға берді және дәстүрлі ән­мен сабақтастығы болсын деген пікір­лерін білдірді. Екінші сұра­ғы­ңызға да жауап бере кетейін, қайыр­масы «О, Ләйлә, мұңсызбын демес­пін, қай­ғырса қанатсыз емес кім?! Бірақ та жынданып кететін, мен саған Мәжнүн емеспін!» деп ке­летін жаңадан өңделіп болған әнімді Еркін Нұржан жақында жа­рыққа алып шығады. Сонымен қатар, «Аңсарым» деген әнім Қай­рат Нұр­тастың орындауында жақсы таралды.

– «Аманат» пен «Көк тудың желбірегені» әніне түсірілген бейнебаяндардың желісі бір. Бір-біріне ұқсатып түсірудің қандай қажеті болды?
Ғабиден, магистрант

Сырт көзге солай көрініп қалған шығар. Анығында, екі бейне­баян­ның сюжеті екі түрлі. Мысалы, «Аманат» әніне түсірілген клипте өт­кеніміздің бейнесі сомдалса, «Көк тудың желбірегені» әнінде бү­гінгі жетістігімізді паш еттік. Екеуінің желілес болатындығы – екеуі де ұлттық рухымызды кө­теруге негізделген. Басқа тұрғыда ұқсас деп айта алмас ем. Сондықтан, тағы бір жақсылап қарап көріңіз дер едім.

– Эстрададағы әнші-орындау­шы жігіттердің стилі көбіне бір-бі­рінен айнымай жатады. Стиль­дік тұр­ғыдан өзгешелену ойы­­ңыз­да бар ма?
Мейрамгүл, журналист

Әдемі сұрақ. Иә, болашақта нақ­­ты бір стилиспен жұмыс жасап, за­манауи үлгіде қазақы нақышпен кос­тюмдер тіктіру ойда бар.

– Әншілердің де тыңдайтын әншісі болады ғой. Сіздің сүйікті әншіңіз кім? Кімді бағалайсыз?
Бағлан, әнші

Мәселен, дәстүрлі әншілердің ішінен Қайрат Байбосынов пен Рамазан Стамғазиевтің орны ерекше мен үшін. Дауысы да, әншілік тұлғалары да ерекше. Сонымен қатар, ел біле бермейтін бір ағамыз Ықы­лас Ожайдың да әншілік өне­ріне көңілім толады. Бауырына дом­­бы­расын алып, ән салып отыр­ға­нының өзі бір керемет. Нағыз қазақтың бейнесі көз алдыма елес­тейді. Бүгінгі эстрададан Құр­маш Маханның әндерін сүйіп тың­даймын. «Жігіттер» квартеті мен Мақсат Базарбаевтың да әндері жаныма жақын.

– Қазір әншілердің көбі той­ды қосымша табыс көзіне айнал­дыр­ғаны мәлім. Сіз тойға шығасыз ба?
Нұрдәулет, музыкант

Иә, әрине, шығамыз. Бірақ, сіз айтқандай ол менің толыққанды қосымша табыс көзім емес. Мен тойға көбіне ағайынның қуанышын бөлісу үшін барып жатам. Бірақ, қалап алдырған «клиенттердің» де көңілін қалдырмаймын (күліп алды).

– Қазір қандай ән жаздырып жатырсыз? Болашақта қандай әндеріңізді тыңдауымыз мүмкін?
Әзинә, банк қызметкері

– Жаңа әндер жазылу үстінде. Елі­міз мәңгі жасасын деген тілек­пен «Мәңгілік ел» атты ән жаз­ғанбыз. Құдай қаласа, бір-екі ай төңі­регінде тыңдап қаларсыздар. Әді­лет Нұрсейіловтың сөзіне жазыл­ған Ахмедия Есмұхановтың «Ота­ным менің» атты әні де осы уақыт ша­масында тыңдарманға жол табады. Бұл екеуі де – патриоттық әндер. Үшінші әніміз махаббат тақырыбында болмақ. Оны «Сен екеуміз» деп атадық.

Ербол ЖАНАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 1 =