«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Патриотизм көрінісі

0 342

Дүние есігін ашқан сәбиге ат қоюға келгенде қазақтың өзіндік дәстүрі бар. Дегенмен, мына статистикалық мәліметтер бала есімін таңдауда басқа да саяси оқиғаларды қаперге алатын сияқты.

Қазақстан Республикасында халықаралық маңызды іс-шара Астана саммитін өткізу кезінде 66 ұл мен 16 қыз балаға Саммит, Саммита (Самит, Самита) есімі берілген.
56 қыз бала Азиада (Азия ойындарына байланысты ) атанып жүр. Елімізде Нұрлыжол есімді 13 ұл, «ЭКСПО» есімді бір азамат бар. 54 жігіт «Байтерек» атанды. Елбасы есімді 37 азамат тағы бар. Отан атын алып жүрген 24 жігіт болса, 13 аруға Теңге есімі беріліпті. Нағыз патриоттар ұлдарын «Қазақстан» деп айтады. Ондай 10 ұл өсіп келеді. Тағы он қазақстандық «Нұротан» атанды. Астана атанған азаматтар да аз емес, оның ішінде 7 жігіт, 3 қыз бар. «Мәңгілік» атанған үшеудің екеуі ер болса, біреуі бойжеткен. Енді алынбаған асу Ақорда ма? Өте қызықты дерек: екеуінің де ту­­ған күні 8 қыркүйек (08.09.2011 ж. және 08.09.2016 ж.) және екеуі де Маңғыстау облысында туған және Ақорда атанған. 2009 жылы 30 тамызда – Конституция күнінде туылған баланы «Атазаң» атапты.
Ата-ананың ұрпағы алдын­дағы бір парызы баласына жақ­сы ат қоюы болып табылады. Жоға­рыдағы ерекше есімдер жайында не айтуға болады?! Жалпы, баланың атын қояр­да үлкен жауапкершілік керек. Көптеген елдерде адам атын қоюға келгенде тыйым салынған жайттар бар. Мысалы, Малайзияда ешқандай жағдайда баланы атауға болмайтын есімдердің тізімі бар. Жаңа Зеландияда «саналы адамды қорлауы мүмкін» деп тапқан сөзбен баланың атын атамайды. Германияда заң бойынша жаңа туған сәбилердің есімін тіркейтін қызметкерге, баланың аты ұнамаса тірке­меуге рұқсат берілген. Оған ата-ана келіспесе, сотқа жүгінуге болады. Ең бастысы, баланың аты өзгенің келемежіне айналмауы керек.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды