Пәтер жалдаушылар жағдайын кім ойлайды?

0 22

Төтенше жағдай жарияланып, республиканың бірер қалаларында карантин енгізілгені қазақстандықтардың дені жұмысынан босап, үйде отыр. Кейбірін тіпті қызметінен қысқартып жіберген. Мұндай жағдайда Нұр-Сұлтан мен Алматы ­сияқты шаһарларда бірінші мәселе баспана екендігі түсінікті.

Жалдамалы үйде жан баққандардың жағдайы мәз емес. Кейбір пәтер иелері қысылтаяң шақта жалдау құнын арзандатып жатса, кейбір қожайындар өз баспанасын жалдағандарды үйден қуып шығыпты. Айтып-айтпай не керек, пәтер жалдаумен өтуде бұл қазақтың көп күні. Бір ғана елорданы алып қарасақ, қанша отбасының арендатор атанғаны беймәлім. Рас, себебі пәтерді жалға алу мен берудің тәртібі әлі күнге дейін белгіленбеген. Көлеңкелі бизнес қызып тұр. Онсыз да пәтерақы арзан емес еді. Карантин енгізіліп, жұмыс тұралағалы бері төлем жасау тіпті қиындап кетті. Қиналып жүргендердің бірі Әйгерім Еркінбаева бір өзі төрт баласын асырап, жатақханада тұрып жатыр. Қазіргі жағдайға байланыс­ты балдырғандарын туыстарына аттандырып жіберген. Аядай бөлмеде жұмыссыз отыр. Сатушы болып еңбек еткен. «Сәуірден бастап боссың» деп есікті көрсетіпті.
– Комендант осы айдың пәтер ақысын сұрап тұр. Ал менде ондай ақша жоқ. 42500 теңге жәрдемақыны алып, оны алдыңғы айдың пәтер­ақысына бердім. Бұл жәрдемақы екінші рет түсе ме, белгісіз, – дейді көпбалалы ана Әйгерім.
Ал қаза берсең, мұндай оқиғалар шыға береді. Жағдайды білу үшін біраз азаматқа хабарластық. Көбі туған-туыс бар деп мәселесін ашық айтуға ұялды. Жағдайы ушыққандар ашығын айтты. Дегенмен де бәрі бірдей емес, «көппен көрген ұлы той» демекші, кейбір азаматтар квартиранттарға жеңілдік жасаған екен. Мұны пәтер жалдап тұратындардың әлеуметтік желіде жариялап, алғыс білдірген видеоларынан көруге болады. Ыңғайы келсе, өзің қысылып қалмасаң, бір ай жеңілдік жасағанда тұрған не бар? Міне, осындай бастаманы әлеуметтік желілерде қоғамға жүзі таныс адамдар көтерді. Солардың бірі – блогер Дәулет Мұқаев. Пәтер жалдаушыларына бір айға тегін тұруды ұсынып, жұмыстарына орналасқанша жеңілдік жасайтынын айтты.
Тағы бір мәселе – пәтерді жалға алушылардың көбінде үйдің иесімен келісімшарт жоқ не дұрыс толтырылмаған. Ал карантин жағдайында Азаматтық кодекске сүйене отырып, далада қалмаудың амалын қарастыруға болады екен.
– Егер жалға алушы төтенше жағдай салдарынан табыс көзінен айырылса, онда пәтер иесі жалға алушыдан пәтер ақысын төлеуді талап етуге құқығы жоқ. Әдетте, мұндай жеңілдіктер екі тарап арасында жасалған келісімшартта қарастырылып жатады. Заңға сәйкес бұл жеңілдіктерге қол жеткізу үшін пәтерді жалға алушы пәтер ақысын төлей алмауына байланысты себеп болған барлық салдарды көрсете отырып, пәтер иесіне хабарлама жіберу керек. Пәтер иесі бұл хабарламамен келіспеген жағдайда, пәтерді жалға алушыны тек қана заңды күшіне енген соттың шешімі ғана пәтерді босаттырып шығара алады, – дейді заңгер Шыңғыс Сейфулла.
Карантин кезеңі осыған дейін де өзекті болған бірер мәселеге қайта тоқталуға итермеледі. Пәтерлерді жалға алу мен берудің неге бірыңғай жүйесі бекітілмеген? Талап неге қатаңдатылмайды? Көлеңкелі кәсіп кімге тиімді? Міне, басы ашық сұрақтар жетерлік. Бұл мәселе осыған дейін де айтылған, алдағы уақытта да шешімі табылғанша айтыла бермек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − 3 =