Пәтер жалдау жүйкені жұқартуда

0 16

Ал жалға берушілердің әрекеті заңды ма?

«Үйі жоқтың – күйі жоқ». Бұл мақалды білмейтін адам кемде-­кем. Әсіресе, бала-шағасының аузынан жырып, тыраштанып жинағанымен, қысқа жіп күрмеу­ге келмей, өмір бойы бір баспанаға қол жеткізе алмай пәтер жалдап тұрып жатқан жандар бұл сөздің мәнін жақсы түсінсе керек. Кейінгі кезде үйлерін жалға берушілердің айы оңынан туып жүргендігін олар зар қақсап айтып та жүр.

754678191850426

Сол жағалауда баға күйіп тұр

Мойындау керек, нарықтағы бүгінгі жалдамалы пәтерге деген сұраныстың артуына қымбатшылық бүйірден қысқан кезде екі қолға бір күрек таппай, «ертеңіміз не болады?» деп ауылдан қалаға ағылған жастардың да қосып отырған үлесі аз емес. Сондықтан ірі мегаполистерде артық пәтері барлардың түкірігі жерге түспей тұр.

Жасыратыны жоқ, бас қалада жалға берілетін пәтерлердің көбі заңсыз тапсырылады. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметі бойынша, пәтерлерін жалға беретіндердің 60-70 пайызы салық төлеуден жалтарады екен. Яғни, жасырын табыс тауып, қалталарын қампитып отыр. Бұған бірінші рет ескерту жасалса, екінші қайтара құлақ аспаған жағдайда 15 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл  қарастырылған.

Бірақ мұндай жазаға бола қымсынып, іс-әрекеттерін заңдастырып жатқан адамдар некен-саяқ. Себебі шағым түспесе, біреудің баспанасына ешкімнің тексеру жүргізуге құқы жоқ екенін олар жақсы біледі. Екіншіден, тіпті прокурордың санкциясынсыз полицияның да кез келген пәтерге рұқсатсыз кіруіне жол берілмейтіндігі тағы бар. Сондықтан баспананың заңсыз берілетіндігі қылмыс жасалғанда немесе пәтер иесінің үстінен шағым түскенде ғана анықталып жатады.

Соның кесірінен пәтерді жалға берудің нарықтағы бағасы шарықтап барады. Биыл еліміз бойынша баспанасын тапсырып, пайда табушылар пәтерінің әр шаршы метрін өткен жылға қарағанда 15-20 пайызға дейін көтеріп жіберген.

Мұны елордадан да айқын байқау­ға болады. Қаланың тарихи бөлігі саналатын оң жағалаудағы теміржол вокзалы маңында бір бөлмелі пәтерлердің айына 100-110 мың теңгеден кемі жоқ. Хрущев кезінде салынған, сыртының тозығы жеткен пәтерлердің өзін айына 80-90 мың теңге деп бұлдап тұр. Ал енді арзан іздесеңіз, тозығы жеткен жатақханалардың бөлмелері мен ауласына арнайы жалға тапсыру үшін салып тастаған сарай типтес құжыраларды қанағат тұтасыз. Олардың бағасы да айына 50-70 мың теңгеден кем емес.

Ал сол жағалауда баға ұшып тұр. Барлық жағдайы бар бір бөлмелі пәтерге – 120-140 мың теңге, екі бөлмелі пәтерге 150-170 мың теңгені еш шімірікпес­тен сұрайды.

Делдалға – 20 пайыз

Тағы бір қиындығы, тапқан пәтеріңізді сіз сол сұраған 120-140 мың теңгеге бірден ала алмайсыз. Қайда телефон шалмаңыз, алдыңыздан делдал шығады да тұрады. Олардың алатыны – жалға тапсырған пәтер құнының 20 пайызы. Мәселен, сіз екі бөлмелі пәтерді 150 мың теңгеге алсаңыз, риэлторға (ортадағы делдалға) тағы 30 мың теңге санап бересіз.

Асқар Өтеповтің екі баласы бар. Жақында аурушаң болғасын жасы ұлғайған анасын ауылдан қолына көшіріп алды. Мамандығы – мұғалім. Әйелі де осы саланың маманы. Екі жылдан бері елордада пәтер жалдап келеді. «Бір айда үш рет пәтер ауыс­тырдым» дейді Асқар.

– Екі жылдан бері тұрып жатқан пәтерімнің иесі «Балам үйленетін болды. Бұл үйді жөндеуден өткізіп, балама беремін» деп аяқастынан пәтерді босатуымды талап етті. Содан белгілі сайттардан жалға берілетін пәтер іздедім. Маған екі бөлмелі пәтер керек. Айына 150 мың теңгеден кем пәтер жоқ. Жұмысыма алыстау болса да бір пәтерді тауып, риэлторға 20 пайыз қосымша ақшасын беріп, үй иесімен келісімшарт жасасып, тұрып жаттық. Пәтерде асыққанда тамақты ысыта қоятын қысқа толқынды пеш жоқ екен. Оны кейін әкеліп беретін болып келіскен. Содан жиырма күндей өткенде үй иесі қысқа толқынды пеш әкелмек түгілі, «Жалға беру бағасы қымбаттап жатыр. Келесі айдан бастап, пәтер айына 160 мың теңге болады деп» қарап тұр. Амал жоқ, тағы пәтер іздеуге тура келді. Шыны керек, қатты қиналдық. Екі баламмен, жасы ұлғайған анаммен бізді кез келген пәтер иесі кіргізе бермейді. Оның үстіне әрбір көшкен сайын жүгім шағын болса да машина жалдаймын. Тағы да ортадағы пәтер тауып берген делдалға 20 пайыз ақшасын беремін. Сөйтіп шығынға белшемнен батып қаламын.

«Көре көре көсем боласың» демекші, енді пәтер иесімен келісімшарт жасарда үйімді алты айға немесе бір жылға дейін қымбаттатпаймын. Осы бағаны ұстап тұрамын» деген қолхат алып алатын болдым. Шыны керек, бізде пәтер жалдаушылардың құқы заңмен қорғалмаған. Сондықтан үй иелерінің түрлі ілік тауып, пәтерінен кез келген уақытта шығарып жіберуі, қалған ақшаңды бермей қалуы сияқты жайлар үйреншікті көрініске айналуда. Ал осындай келеңсіздіктерге тап болған адам заң орындарына жүгінсе, жүйкесі жұқарып, уақытын текке ысырап еткеннен басқа табары бола қояр ма екен, – дейді ол. Өйткені сізге пәтер тауып, ұсынған риэлторлардың көбінің үй иесімен жасалған келісімшартының заңдық күші бола бермейді екен.

Баға өсу себебі неде?

Пәтерді жалға беру бағасының көтеріліп кетуі көп адамның қалтасын ғана қағып қойған жоқ, отбасының да берекесін кетіруде. Әсіресе, студенттерге қиынырақ болып тұр. Өткен жылмен салыстырғанда пәтерақысын айына 30-40 мың теңге артық төлеу кім-кімнің де жүйкесіне салмақ түсірері сөзсіз.

Ал мұның басты себебі неде? Білім және ғылым министрлігіндегі жауапты адамдар студентттерді жатақханамен қамтамасыз ету 2020 жылға қарағанда биыл 10-12 пайызға жақсарды деген мәлімет айтқанымен, қаладағы білім қуған жастардың көпшілігі пәтер жағалап жүргенін жасыруға болмайды. Бұның да пәтерді жалға беру бағасын көтеруге себепші болатыны айтпаса да түсінікті.

«Басқа да себептер жетіп артылады» дейді экономист Қанат Шонаев. – Зейнетақы жинағының бір бөлігін азаматтардың баспана сатып алуына пайдалануға мүмкіндік берілуіне байланысты қаладан пәтер сатып алушылар қатары анағұрлым көбейді. Бұл да – пәтерді жалға беруге әсер ететін факторлардың бірі.

Тағы бір басты мәселе – ылғи да күзге қарай, дәлірек айтқанда, тамыз бен қазан айларында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жалға беруге сұраныстың күрт артатынын байқап жүрміз. Осы кезде адамдар жалға жіберу үшін бір-екі бөлмелі пәтерді кредитке көптеп сатып алады да, есесіне жалға беру бағасы көтеріліп шыға келеді екен.

Үшінші бір себеп, көптеген ұйымдар мен мекемелер індетке байланысты қызметкерлерін онлайн-форматқа көшірді. Жалға беру ақшасын мекеме төлейтін болғандықтан, бұл да бағаның көтерілуіне жол ашуы әбден мүмкін.

Өзгенің баспанасын пайдаланушылардың тағы бір ескеретін жайы – қазір үлкен қалаларда тұрғын үйді жалға беру қоры деген пайда болды. Бұлар да риэлторлық компаниялар сияқты жарнамамен айналысады. «Бірақ сізге олар барлық жағдайы бар арзан пәтер тауып береміз. Қызметіміз 5-10 мың теңге» деп жалған ақпарат беруі мүмкін. Расында да олар өздерінің желілерінде қаланың әр жерінен бағасы көңілге қонымды, тап-тұйнақтай пәтерлердің тізімін жариялайды. Сіз осы ақпараты үшін оларға ақша төлейсіз. Ал шын мәнінде ол жерде мұндай пәтер жоқ болып, риэлтордың орнын сипап қаласыз.

Міне, осындай бірнеше себеп пен салдар елордадағы жалға берілетін пәтерлердің бағасын көтеріп жіберді. Ал оны реттеу құзырлы органдардың қолынан келе қоя ма? Әлде «барлығын нарық реттейді» деп осы күнімізге шүкіршілік етіп жүре береміз бе?

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − 4 =