Пәтер қашан бұйырады?

0 168

Бас қалаға келіп, жұмысқа орналасқандардың көпшілігі пәтер жалдаумен күнелтуде. Тапқан табысын пәтер иесімен бөлісетіндер жылдан-жылға ұлғаюда. Дәл қазіргі уақытта қанша отбасы пәтерге мұқтаж? Тұрғын үй кезегі қалай жылжиды? Мемлекеттік бағдарлама кімдерді жарылқайды? Осы уақытқа дейін қанша адамға баспана бақыты бұйырды?

Астана қаласы Тұрғын үй басқарма­сының мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жыл­дың 1 қыркүйегіне дейін Астана қа­ла­сында пәтерге мұқтаж 24 238 адам тіркеліпті. Олардың барлығы белгілен­ген санат бойынша кезекке қойылған.

Жалпы пәтер кезегіне құжат тапсырушылар қатары күн санап өсуде. Жыл басынан бері 5833 адам өтініш білдірсе, 3452 адам кезекке қойылған. Қалған 2831 азаматтың өтініші қаулыға сәйкес, ел аумағында баспанасы бар екендігіне байланысты қараусыз қалдырылыпты.  Азаматтарды кезекке қоюдың тәртібін тұрғын үй комиссия­сы жүзеге асырып келеді. Қалалық Тұрғын үй басқарамасының бастығы Серік Оспановтың айтуынша, тұрғын үй нарығында бағаны тұрақтандыру үшін қала әкімдігі құрылысы аяқталмаған пәтерлерді сатып алған.

 – Бүгінде сатып алған нысандарда құрылыс жұмыста­ры қарқынды жүруде. Пайдала­ну­ға дайын болғаннан кейін бұл пәтерлер тұрғын үй қоры­­­на кезекке қойылған аза­мат­­тарға беріледі. Мұндай пә­тер­­­лер 2009-2012 жылдары 1986­ жыл­дан 2003 жылдың шіл­де­­­сіне дейінгі кезегі келген азамат­тарға берілді, – дейді ол.
Расын айту керек, пәтер ке­зе­гіне күмәнмен қарай­тын­дар көп. Десек те, жыл сайын аз да­ болса бөлінген пәтерлердің саны артқан. 2009 жылы 190 пәтер бөлінсе, 2010 жылы 288  азамат баспаналы болған. Өткен жылы 436 адам осындай­ бақытқа кенеліпті. Осы жыл­дың­ бірінші жартысында 208 пәтер өз иесін тапты.

БАЙЫПТЫ БАҒДАРЛАМА

2008-2010 жылдарға арналған Мем­­ле­кет­тік бағдарламаның екінші ке­зеңінде барлығы 27173 адам өтініш  бер­ген. Алайда оның тек 2446-сы ғана пәтер алуға мүмкіндігі бар. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлер Сарайшық көшесінде және Көк­тал­ кентінің оңтүстік-шығысында орна­ла­с­қан. Басқарма басшысының мәліме­тінше, бір бөлмелі 441 пәтер, екі бөлмелі 1089, үш бөлмелі пәтерлер саны 916-ны құрайды.

Баспана мәселесі  қоғам назарын аударған ең өзекті проблемаға айнал­ғалы қашан. Биыл қабылданған «Қол­жетім­­ді баспана-2020» бағдарлама­­­­­сы да тұрғын үйге халықтың қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Пәтерге қол жеткізу негізгі бес бағыт бойынша жүргізіледі. Екінші бағыт бойынша қолға алынған санаттың бірі – жас отба­сы­­ларға арналған. Бұл бойынша 169 мың шаршы метр тұрғын үй жоспарланып отыр. Тіпті, бағасы да белгіленіп қойды. Әр шаршы метрі үшін 142,5 мың  және 120 мың теңге. Қатысушыларды іріктеу әкімдік арқылы реттелмек. Бағдарламаға құжаттарды қабылдау және аяқталу уақыты қаңтар айының басында БАҚ арқылы жарияланады деп күтілуде. Бағдарлама қатысушыларына қойылатын талаптар да жоғары. Қатысушы ерлі-зайыптылардың жасы 29-ға толмаған, неке қиылған уақыты 2 жылдан кем емес, тұрғылықты жері бойын­ша тіркелген, екеуінің де баспанасы жоқ, әрі, соңғы 5 жыл ішінде пәтер меншігіне қатысты мәміле жасалмаған болуы керек, сондай-ақ, иеленбеуі және соңғы алты айдың жалақысы туралы қорытынды ақпарат ұсынулары қажет. Бұл біз келтірген бір ғана санаттың ережесі. Бес негізгі бағыт бойынша жүргізілетін бағдарлама шеңберінде кімнің болса да пәтер алуға мүмкіндігі орасан.

АПАТТЫ ҮЙЛЕР ДЕ АЛАҢДАТЫП ТҰР

Пилоттық жобада Астанадағы апатты­ үйлердің жағдайы да шет қалмаған. Қаланың ескі бөлігіндегі әбден тозығы жеткен үйлерге кешенді құрылыс жұмыстарын жүргізу көзделуде.

Аудан әкімдіктері жүргізген зерттеу қорытындыларында 228 үй апатты жағдайда деп танылған. Олардың көбі 1940 және 1970 жылдар аралығында тұрғызылғандықтан, инженерлік инфрақұрылымдары әбден ескірген.  Жоба бойынша 2017 жылдың со­ңы­на дейін 228 үй ысырылмақ. Ондағы өмір сүріп отырған 3519 отбасын жабдық­талған баспанамен қамтамасыз ету жоспарда жоқ емес. Бұл өз кезегінде тұрғындардың өз үйін жаңартуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан ескі қаланың келбеті ажарланатыны сөзсіз. Сондықтан байыпты бағдарламаның бастамасына халықтың өзі баға беретін болады.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × four =