Пәтер мен көлік неге қымбаттады?

Ербосын НҰРМҰХАН, экономист

0 768

Халықтың қабырғасын қайыстыратын әлеуметтік мәселенің бастысы – қымбатшылық.

Әсіресе, азық-түлік бағасы қымбаттаған жағдайда әлеуметтің жанайқайы айрықша естіледі. Сондай-ақ тұрмыс­тың тұтқасына айналған баспана мен қарекеттің құралы болған көліктің құны артса да жұрттың шымбайына бататыны шындық. Ал қазіргідей пандемия кезінде қымбатшылыққа жол беру әлеуметке соққы болып тиері де сөзсіз.
Жақында «Қазақстан» телеарнасының «Ашық алаң» бағдарламасы отандық автонарық жөнінде сөз қозғап, «пандемияның салдарынан өндіріс тоқтап халықтың кірісі азайып жатса да, көлік бағасы неге қымбаттап барады?» деген сұрауға жауап іздеп көрді. Аталған бағдарламада қонақта болғандар бұл тақырыпты барынша ашып, көлік бағасының қымбаттауына түрткі болған себептерді толық түсіндіре алмады. Былайша айтқанда, экономист Сапарбай Жобаевтың не айтып, не қойғанын түсіне алғамыз жоқ. Ал қоғам белсендісі Сәбит Рысбаев көлік бағасының қымбаттап кеткенін автокөліктен алынатын салықтың жоғарылауымен байланыстырды.

Бірақ, автокөлік салығында тек айлық есептік көрсеткішке байланысты аз ғана өзге­ріс болғандығын айтып, «Қазақстан машина жа­сау­шылар одағы» директорының орынбасары Дәулет ­Диханбаев Рысбаевтың сөзін теріс­ке шығарды. Дәулет Диханбаев та машина бағасының қымбаттауының түпкілікті себебін толық айтып жеткізе алмады. Қысқасы, пандемияға байланысты халық табысынан айырылып, қалталары қағылып, әрең күнін көріп отырғанда, «Жығылғанға – жұдырық» болып, автокөлік бағасының қымбаттап кету себебін «Ашық алаң» ашық айта алмады. Сондықтан мен осы мәселеге байланысты экономист ретінде қарапайым халыққа машинаның және тұрғын үй бағаларының пандемия жағдайында неге қымбаттап жатқаны жөнінде оқырмандармен ой бөлісуді жөн көрдім.

Алдымен автокөлік бағасының қымбаттауының түпкілікті себебіне тоқталсақ, мұның төрт түрлі себебі бар.
Бірінші, автокөлік өндірісінің көлемі сұраныс қажетін қанағаттандыра алмай қалды. Бұл жерде «мұндай қиын жағдайда сұраныс неге өндірістен асып кетті?» деген заңды сұрақ туады. Өйткені пандемия ә деп басталғанда, әлемде машинаның қосалқы бөлшектерін өндіретін Қытай және Италия, Оңтүстік Корея секілді негізгі елдерге ауыр тиді. Бүкіл өндіріс, сауда-саттық жаппай тоқтады. Барлығы «байтал түгілі бас қайғы» болып кетті.
Қытайдың атақты қаржы маманы Ие Танның мәліметіне қарағанда, Қытайда машинаның қосалқы бөлшектерін өндіретін үлкенді-кішілі 130 мыңдай зауыт бар екен. Оның 20% ғана қазіргі өндірілу үстіндегі әлемдік брендтердің төменгі өндіріс арнасы есептеледі екен. Яғни, осы 20% әлемдік брендтердің жоғары деңгейдегі жинау, құрастыру, қосалқы бөлшектерін өндіру цехтары болып есептеледі. Қалған 80% қосалқы бөлшек өндіретін кәсіпорындар, шағын көлемдегі қосалқы бөлшек өндіретін өндіріс тізбектеріне жатады екен (Бұл шағын көлемдегі өндірушілер негізінен қосалқы бөлшектің көшірме нұсқасын жасаушылар).
Пандемияға байланысты қосалқы бөлшек өндіретін бұл шағын кәсіпорындар жұмысын тоқтатқаннан кейін, кейбір өндіріс орындары мүлдем жабылып, әуелі басқа салаға ауысып кеткен. Қытайда жұмыс-өндіріс қайта қалпына келтірілгенмен, қосалқы бөлшек өндіретін зауыттың саны бұрынғыдан көрнекті түрде азайған. Соның салдарынан машина қосалқы бөлшегінің жетіспеушілігі туындап, жаңа машинаның да, ескі машинаның да бағасы бірдей қымбаттаған.

Төмендегі график – Жапонияның www.marklines.com порталының әлемдегі машина бағасының 1998 жылдан бергі өсу-түсу графигі. Бұл графиктен әлемде машина бағасының 2020 жылдың басынан бастап төмендеп, ал мамыр айынан бастап қайта өрлегенін көруге болады.
Екінші, әлемде ақша массасының шектен тыс артып кетуі, бүкіл әлем бойынша негізгі активтердің бағасын көтеріп жіберді. Пандемияға байланысты дүние жүзінде экономиканы ынталандыруға байланысты белсенді ақша кредит саясаты жүрді. Экономиканы ынталандыруға, қазірге дейін әлем бойынша 12 триллион доллардан артық ақша бөлінген. Бұл ақша әлемдегі екінші экономика Қытайдың бір жылдық ішкі жалпы өніміне жетеқабыл. Ақша массасының шектен тыс артып кетуі табиғи түрде тауар бағасы мен активтердің бағасын қымбаттатып, инфляцияға апарып соғады. Бұл – экономиканың ащы заңдылығы. Осы жылдың соңғы жарты жылынан бастап бүкіл тауар бағасының өсіп кетуі де жоғарыдағы бірінші себептен сырт, біздің экономиканы ынталандыру үшін қазынадан бөлінген триллиондаған ақшалар мен біздің Ұлттық банктің белсенді кредит саясатымен тікелей байланысты.
Статистика комитетінің санағына жүгінсек, Қазақстанда өткен жылы азық-түлік бағасы – 11,3%, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы – 5,5%, ақылы қызметтердің құны 4,2% жоғарылаған. Ал абаттандырылған тұрғын үйлерді қайта сату бағасы – 6,6%-ға, жаңа тұрғын үйлерді сату бағасы 2,6%-ға өскен.
Бірақ бұл өсім тек Қазақстанда ғана болып жатқан жоқ. Бұл – әлем бойынша сақталып отырған мәселе. АҚШ-та тұрғын үйдің бағасы пандемияның алдыңғы мезгілімен салыстырғанда 2% өскен. Қытайдағы мегаполис қалаларда әуелі 10%-20% дейін өскен. Сондықтан тұрғын үйдің, автокөлік және басқа тауарлар бағасының өсіп кетуінің негізгі факторының бірі – ақша массасының шектен тыс артып кетуі.
Үшінші, теңге бағамының әлсіреуі. Бұл да – негізгі себептердің бірі. Теңге бағамы коронавирус басталғаннан бері 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін АҚШ долларымен салыстырғанда 10%-ға құлдыраған. Жыл қорытындысы бойынша бағамның өзгеруі: +38,12 теңге болған.
Теңге бағамының өзгерісі АҚШ долларымен есеп айы­рысатын импорт етілген машинаның құнына айтарлықтай әсер етті. Сонымен қатар, тұрғын үйге қажетті құрылыс материалдары бағасының өсуіне әсер етті. Сондықтан, теңге бағамының құлдырауы ел ішіндегі автокөлік бағасы мен тұрғын үй бағасының өсуіне айтарлықтай ықпал етеді.
Төртінші, карантинге байланысты кеден бекеттеріндегі ұзын-сонар кезекке тұрумен, тауардың өз уағында жеткізілмеуі, көлік бағасының карантиннің алдымен салыстырғанда 200%-дан 300%-ға дейін өсуі де, шетелден келетін бүкіл тауардың өзіндік құнын өсіріп жіберді.
Жоғарыда айтылған төрт түрлі экономикалық себептерден сырт, жылжымайтын мүліктің бағасының өсуіне ықпал ететін маңызды қосымша факторлар да бар. Ол қоғамдық факторлар мен саяси әкімшілік факторларды қамтиды. Бұнда ең маңыздысы – мегаполистерге ресурстардың шоғырлану деңгейі шешуші рөл ойнайды. Атап айтқанда, саяси, бизнес, білім, медицина, кадр және интеллектуалды ресурстар шоғырланған қалаларда жылжымайтын мүлік бағасының өсуі, ресурстар шоғырланбаған басқа өңірлерге қарағанда тез болады. Мысалы, жылжымайтын мүлік бағасының өсуі өте-мөте саяси, бизнес, білім, медицина, кадр және интеллектуалды ресурстар шоғырланған Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында өте көрнекті.
Жылжымайтын мүлік бағасының өсуі мен түсуі, дәстүрлі маркстік экономикадағы «баға – тауар құнының төңірегінде толқиды» деген теорияға бағынбайды. Оның бағасы жылжымайтын мүліктің өзіндік құнынан тыс, «айналымдағы капиталдың қосымша құны мен адамдардың тәуекелшілдікке бару белсенділігі»-мен байланысты болады.
Айналымдағы капиталдың қосымша құны дегеніміз – Ұлттық банктің ақша массасының жыл сайын өсуі мен ақпа капиталдың көбеюіне байланысты, ел ішіндегі несиелік активтердің жетіспеушілігі туындап, активтердің бағасы өзінің әуелгі құнынан асып кетуі. Ал адамдардың тәуекелшілдікке бару белсенділігі дегеніміз – бұл экономикалық термин ағылшынша «Risk Preference or Risk appetite» деген сөзден келіп шыққан. Яғни, жеке тұлғалардың тәуекелшілдікте болған позициясы. Қазақтың жалпақ тілімен айтсақ, «тәуекел түбі желқайық, өтесің де кетесің» деп жалпы үлкен атмосфераның инвестиция бағытына ілесіп, жеке тұлғалардың тәуекелшілдікпен қаржы қосу құбылысы. Естеріңізде болса, 2005-2008 жылдар аралығындағы жылжымайтын мүлік бағасының өсуі, осы екі түрлі фактордың себебінен туындаған деп айтуға болады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 − 5 =