«Пәтер иелері ерекше жандармен байланысқысы келмейді»

Әлеуметтік кафе ашқан астаналық дәрігер өз жұмысшыларының жағдайына алаңдаулы

0 123

Шілде айынан бері елордада есту қабілеті төмен жандар еңбек ететін «Эмоджи» кафесі жұмыс істейді. Мұнда келуші қонақтар тамаққа тапсырысты ым-ишара арқылы береді. Мәселен, кофе ішкіңіз келсе, екі жұдырығыңызды тігінен бірінің үстіне бірін қойып, диірмен тартқандай қимыл жасасаңыз болғаны. Аталған жобаның негізін салушы Азамат Базылов әңгіме барысында әлеуметтік кәсіпкерліктің қыр-сырымен бөлісті.Айлық аз болған соң, қосымша табыс көзін іздедім

Үржардан Астанаға көшіп келгеніме екі жарым жылдай болды. Қазір Онкология орталығында анестезиолог-дәрігер болып жұмыс істеймін. Алғашында осы жақтан пәтер алсам ба деп ойлап, алғашқы жарнаға ақша жинағанмын. Бірақ жалақымның аздығына байланысты банктер ипотека беруден бас тартты. Бір жарым «ставкамен» 150 мың теңге жалақы аламын. Бірақ күн көріп, тірлік қылу керек. Дәріхана бизнесімен айналысып көрсем бе деп едім, бірақ мұнда бәсеке жоғары, жабуға тура келді. Сосын Қытайдан флешка секілді керек-жарақтарға тапсырыс беріп, сата бастадым. Тағы нені байқап көруге болады деп, бір жыл бойы апта сайын қаладағы бизнес-тренингтерге қатысып жүрдім. Бірде Эмин Әскеров деген жігітпен таныс­тым. Өзі әлеуметтік кәсіпкер екен. Әңгімелесе келе, менің де осы салаға деген қызығушылығым оянды.

Ата-анасының несиесін жауып бергісі келеді

Есту қабілеті төмен жандар мәселесі мені бала күнімнен бері толғандыратын. Бірге өскен бөле ағамның туғалы құлағы естімейді. Қазір жасы – қырықта. Осыған дейін құрылыста да жұмыс істеді, пойызда жүріп дәптер-қалам да сатты. Оларды көп жерде алдап кететін, ақшаларын дұрыс бермейді. Осы жайт менің шымбайыма қатты бататын. Сондықтан өз бизнесім арқылы ағам секілді ерекше қажеттілікті талап ететін жандардың жұмысқа орналасуына көмектесіп, қолдағым келді.
WhatsApp желісінде өздерінің ортақ чаттары бар. Кафеге жұмысшылар аларда сол жерге хабарландыру жібердік. Кейін бірінен бірі біліп, келе бастады. Мен 30-ға дейінгі жастарды алуға тырысамын. Өйткені үлкендерінің көбісінде «маған көмектессін, маған берсін» деген басқаға иек артушы мінез басым. Олар көп нәрсеге сенбейді. Бәлкім, адамдардың алдауына жиі түскендіктен де болар. Ал жастар болса жанып тұр. «Еңбек еткім келеді, ақша тапқым келеді, әке-шешемнің несиесін жауып бергім келеді, мені жұмысқа алыңыз­шы» деп басқа өңірлерден де келеді.Тапсырыстарды жеткізуге әкем де көмектеседі

Неге «Эмоджи»? Бұл – виртуалды әлемде, хабарламаларда біз қолданатын «смайликтердің» жалпы атауы. Біздің кафеге келген кісілер де өз тапсырысын саусақтарымен ымдап, түрлі қимылдар жасау арқылы түсіндіреді.
Жуырда Желтоқсан көшесінен екінші кафемізді аштық. Екеуінде отыз шақты қызметкер бар. Олардың біразы сырт­тан – Қызылордадан, Алматыдан, Атыраудан, Талдықорғаннан келген. Көбісі даяшы болғысы келеді. Бірақ маған аспаздар керек. Осы салаға маманданған жастар болса, тіптен жақсы. Қазіргі бас аспазымыз – Қазақстандағы Бас аспаздар гильдиясының мүшесі. «Балаларды үйретейін» деп өзі ұсыныс айтып, бізге жәрдемдесіп жатыр. Аспаздықтың қыр-сырын үйреніп алған соң, ұл-қыздар әрі қарай өздері алып кетер деп ойлаймын.
Тағамдарымыз қонақтардың көңілінен шығып жатыр. Электр желісіне байланысты проблема туып, Сейфуллин көшесіндегі кафеміз уақытша жабық тұрған. Клиенттеріміз «Сендердің нандарыңды сағындық, қашан ашасыңдар?» деп күн сайын хабарласады. Негізгі табыс көзі – кешенді түскі ас. Мекемелерден тапсырыс аламыз. Бағасы – 900 теңге, егер 10-нан көп тапсырыс болса жеткізу тегін. Тапсырыстарды өзім жеткіземін. Менің қолым тимей жатса, әкем көмектеседі.

«Мүгедектермен» байланысудан қашады

Ерекше жандармен жұмыс істеу де ерекше. Ағамды көріп өскен соң, олардың психологиясын жақсы білемін. Мысалы, оларды алдауға болмайды, бала секілді қатты сенгіш. Әлденеге уәде бердің екен, орындауың керек. Арасында кейде жалқауланып, «оятқышты естімей қалдық» деген сылтаумен жұмысқа кешігіп келетін. Мен бұның амалын таптым. Енді жалақыны күніне емес, сағатына төлейтін болдым. Кешіктің екен, ол сағатың төленбейді. Есесіне уақытылы келетін болды.
Біз бір отбасы секілдіміз. Мен олардан ештеңе жасырмай, бәрін ашық айтамын, кейде ақылдасамын, кеңес сұраймын, жоспарыммен бөлісемін. Қаржыдан қысылып тұрған шақта оны да түсіндіріп, «Тапсырыс аз болып жатыр. Бұл айда жалақы сәл кешігіп түседі. Егер біреулеріңнің несиені төлейтін күндерің таяп қалса, оны айтыңдар. Әуелі солардікін берейік» деймін. Қас-қабағыңды бірден ұғады.
Оларға тек жұмыс уақытында ғана емес, барлық уақытта қамқор болуға тырысамын. Мүмкіндігінше таза, қауіпсіз жерде, бірге тұрғандарын қалаймын. Өкінішке қарай, көбісі әлі күнге дейін хостелде тұрады. Пәтер жалдайық десем, пәтер иелері «мүгедек» деп оларға жалға беруден қашады. «Ешқандай да мүгедек емес. Аяқ-қолдары сау. Тек естімейді. Одан сізге келер еш ауырлық жоқ» деп сөйлесіп көрмекші болып едім. Өздерінің айтуынша, «артық проблема керек емес».

Кепілсіз несие алу мүмкін болмай тұр

Қазіргі қиындықтардың көбі қаржыға кеп тіреледі. Пәтердің алғашқы жарнасы үшін деп жинағанымды осы бизнеске салдым, бірақ әлі де біраз ақша қажет. Қомақты несие алуға менде кепілге қоятын мүлік жоқ. Сондықтан мемлекет тарапынан әлеу­меттік кәсіпкерлік үшін кепілсіз қандай да бір несие алу мүмкіндігі берілсе, жақсы болушы еді.
Жақында заңгер болып істейтін бір жігіт келіп, ерекше қажеттілікті талап ететін қызметкерлер жалақысының 35 пайызын мемлекет есебінен төлеуге болатынын айтты. Дереу Жұмыспен қамту орталығына барған едім, сөйтсем ол үшін әлгі қыз­меткерлер Нұр-Сұлтан қаласында тіркелуі керек екен. Ал бағана айтқандай, біздің балалардың біразы сырттан келген, оның үстіне хостелде тұрып жатқандықтан, мұнда тіркеле алмайды.
Бірақ қандай қиындықтар туса да, оның бәрі уақытша екеніне сенемін. Құдайға шүкір, аз ғана уақыттың ішінде біршама клиент жинадық. Бізді көбінесе ерекше қажеттілігі бар жандар қолдайды. Өзара жиыла қалса, кездесу орны етіп біздің кафені таңдайды, туған күндерін де бізде жасайды. Отбасыларымен жиі келеді.
Тамаққа телефон арқылы тапсырыс берушілер көп. Сондықтан жақында колл-орталық ашсақ деген жоспарым бар. Оператор етіп құлағы еститін, бірақ арбада отыратын жандарды алғым келеді. «Қашан біздің қаламызда ашыласыздар?» деп күтіп жүргендер жетерлік, болашақта өзге де өңірлердегі ерекше мұқтаждыққа ие жастарды жұмыспен қамтып, аяқтарынан тұруға жәрдемдессем деймін.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды