Партиялар хабаршысы

0 20

 

Жекешелендіруді тоқтатуды  талап етті

«Ақ жол» партиясының Мәжілістегі фракциясының депутаттары Үкімет басшысы Асқар ­Маминге сауал жолдап, індетке байланысты денсаулық сақтау нысандарын сенімгерлік басқаруға беруді тоқтатуды талап етті.

«Ақжолдықтар» Талғар аудандық ауруханасының «A Class Medikal» ЖШС-ке сенімгерлік басқаруға берілуіне қатысты мәселенің анық-қанығын ашық көрсеткен.
«Біз іс жүзінде жекешелендіру негізінен денсаулық сақтау нысандарын белгілі бір адамдардың тобына төмендетілген бағамен сату екенін, ал кейіннен сатып алумен сенімгерлік басқаруға беру – МӘМС-тің жан басына шаққандағы қаржыландырылуына байланысты мемлекеттің өз қаражаты есебінен мемлекетпен есеп айырысудан басқа ештеңе емес екенін атап өттік. Сонда мемлекетке түсетін пайда неде? 2017-2020 жылдар аралығында барлығында 124 емхана сенімгерлік басқаруға беру жоспарланған. Пандемия кезінде, Үкімет модульдік жұқпалы аурулар ауруханаларын салуға үлкен қаражат жұмсауға мәжбүр болған кезде және 2020 жылдың тамызында жаңа 13 аурухананың құрылысы туралы хабарланған кезде біздің алаңдаушылығымыз расталды» делінген депутаттық сауалда.

«Бірлік» енді «Адал» болады

Бұдан былай «Бірлік» саяси партиясы «Адал» деп аталады. Ребрендинг туралы шешім елордада 5 қарашада өткен партияның Саяси кеңесі отырысында қабылданды.

Партия төрағасы Серік Сұлтанғали «Адал» партиясы жаңғыруға дайын екенін атап өтті. «Біз партия атауын өзгерту, яғни ребрендингке қатысты зерттеу жүргіздік. Зерттеуді жүргізген кәсіби әлеуметтанушылар 10-ға жуық нұсқаны қарастырды. Талдау нәтижесінде ең көп дауыспен «Адал» нұсқасы жеңіп шықты. Сарапшы-әлеуметтанушылар мұны халықтың әділдік іздеуімен түсіндіреді» деді партия жетекшісі. Саяси кеңес мүшелері партия атауын «Адал» деп өзгерту туралы ұсынысты бірауыздан қолдады.
Сонымен қатар, отырыс барысында партияның алдағы сайлауға дайындығы талқыланып, сайлауалды науқанның 7 бағыты ұсынылды. Оның ішіне халықтың табысын арттыру, әділ мемлекет, білім және адам капиталын, өңірлерді дамыту, жастарға жағдай жасау және жемқорлықпен күрес мәселелері кірді. Науқанның соңғы нұсқасы 16 қарашаға жоспарланған сайлауалды құрылтайда бекітіледі.

Партия төрағасы өзгерді

Қазақстан халық партиясының кезектен тыс XV құрылтайы өтіп, онда Айқын Қоңыров партияның төрағасы болып сайланды.

Сонымен қатар, партияның жаңа хатшылары болып Жамбыл Ахметбеков, Гауһар Нұғыманова, Виктор Смирнов, Тұрсын Сыздықов сайланды. Осы құрылтайда коммунистер ребрендинг жасап, партияның атауын «Халық партиясы» деп өзгертті. Бұрынғы Қазақстанның халықтық-коммунистік партиясы «Қазақстанның халық партиясы» деп аталады. Сондай-ақ Парламент Мәжілісіндегі «Халық коммунистері» фракциясының атауы «Халық партиясының фракциясы» деп өзгереді.
«Елде саяси және әлеуметтік-­экономикалық ахуалды өзгертуге сұраныс жоғары, саяси үрдістерге араласу қажеттігі туындап отыр. Соған байланысты ребрендинг жасап, Қазақстанның коммунистік халықтық партиясының атауын Қазақстанның халық партиясы деп өзгерту ұсынылды» деді партия басшысы Айқын Қоңыров.

Құрылтай  делегаттары сайланды

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Жамбыл, Ақтөбе, ­Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстық филиалдарының кезектен тыс конференциялары өтті.

Онда күн тәртібіне сәйкес, облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттығына ұсынылатын үміткерлердің партиялық тізімі қаралып, бекітілді. Сонымен қатар, партия бағдарламасының жобасы талқыланып, ұсыныстар айтылды. Үміткерлердің тізімінде заңға сәйкес жастар мен әйелдердің 30 пайыздық квотасы сақталған. Бекітілген кандидаттардың көпшілігі – ауыл шаруашылығы саласының өкілдері. Одан бөлек, білім, медицина салаларының, шағын және орта бизнес, үкіметтік емес ұйым өкілдері бар. Конференциялар барысында биыл елордада өтетін партияның XVIII съезінің делегаттары сайланды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − fifteen =