Парасатты педагог

0 144

Ұлағатты ұстаз, білім беру саласы қызметкерлерінің көпшілігіне танымал азамат, педагогика ғылымдарының кандидаты Жабай Қалиев мерейлі жасқа келді.
Жабай Нұрмақұлының есімі мен оның өскелең ұрпаққа тарихи білім беруді насихаттау жолындағы атқарып жүрген еңбектерін әсіресе республика мектептерінің тарих пәнінің мұғалімдері жақсы біледі. Сонымен бірге оқушыларды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеудің маңызын айқындау мен жолдарын іздестіруге арналған бірнеше оқу-әдістемелік құралдар мен осы бағыттағы ондаған ғылыми-педагогикалық мақалалардың авторы атанды.

Қарағанды облысы Нұра ауданында 1970 жылы дүние есігін ашқан Жабай Қалиев республика астанасындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тарих факультетін бітірген соң 1997-2003 жылдар аралығында Ақмола қаласындағы № 22 орта мектепте ұстаздық етті. Білімді және үнемі ізденіс үстінде жүретін педагог республикалық «Жыл мұғалімі» сайысына қатысып жүлделі орын алды. Аз уақытта еңбегі бағаланып Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің үздігі» атанды. Талапты ұстаз астаналық мұғалімдердің білім жетілдіру институтына әдіскер ретінде шақырылып, ғылыми-педагогикалық жұмыспен айналысты. Орта мектеп оқушыларына арналған «Астанатану» оқу құралын және мұғалімдер мен оқушыларға арналған бірнеше оқу және әдістемелік құралдар жазды. Осыдан кейін Еуразия гуманитарлық институтына оқытушылыққа ауысып педагогика ғылымы саласы бойынша кандидаттық диссертация қорғады. 2007-2008 жылдары «12 жылдық білім беру» республикалық ғылыми-практикалық орталығында, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» мемлекеттік мекемелерінде бөлім басшысы болып та еңбек етті.
Жабай Нұрмақұлы он жылдан аса уақыт бойы Елбасы Н.Ә.Назарбаев­тың бастамасымен құрылған Мемлекет тарихы институтында еңбек етуде. Осы ғылыми-зерттеу институтында алғашқыда директордың орынбасары, кейін бөлім басшысы қызметін абыроймен атқарып келеді. Ғалымдармен бірлесіп 12 жылдық мектептің жоғары сыныбына арналған «Қазақстан тарихы (1991-2001 ж.ж)» экспериментті оқулығын және 12 жылдыққа көшу экспериментіндегі Қазақстан тарихы оқу бағдарламасын жазуға қатысты.
Ғылыми-зерттеу институтының белді ғалымы ретінде тәуелсіздік жылдарындағы білім мен ғылымның дамуы, этносаралық, конфессияаралық қатынастар мәселесін зерттеуге ден қойып, отандық ғылыми журналдар мен ақпарат құралдарында ондаған мақалалар жариялады.
Жабай Нұрмақұлы өзі еңбек ететін институт ғалымдарымен бірлесіп 8 ұжымдық ғылыми еңбектің авторы атанды. 2016 жылы жарық көрген Нұра ауданының тумасы, қазақтан шыққан биология ғылымдарының докторы туралы – «Кәрім Мыңбаев» атты ғылыми-танымдық еңбегі оқырман тарапынан жақсы қабылданды.
2019 жылы тарихшы ғалым Зиябек Қабылдиновпен бірлесіп жалпы орта білім беретін мектептің 7 сыныбына арналған «Қазақстан тарихы» оқулығын жазды.
Қазақстанның тәуелсіздік жылдардағы тарихына арналған бірнеше мақаласы (авторлық бірлестікте) жоғары рейтингті халықаралық журналдарда (Скопус базасындағы) жарияланды. Жабай Нұрмақұлы Түркия мен Татарстан республикаларында өткен бірнеше ғылыми жиындарға да қатысып баяндамалар жасады.
Ғылыми мекемеде атқаратын жұмысы барысындағы іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті және үнемі жанынан шуақ шашатын сүйкімді мінезі, адамдарға деген ерекше бауырмалдығы арқылы тарих институттары мен жоғары оқу орындарындағы тарихшы ғалымдардың назарына ілікті. Жасы үлкендері сыйлас інісі, жасы кішілері ағасы ретінде құрметтейді. Сырттан хабарласатын ғалымдардың, педагог ұстаздардың көпшілігі институттан Жабай Нұрмақұлын іздеп, сұрап жатады. Бірнеше рет Парламент депутаты болған, тарихшы ғалым марқұм Камал Бұрханов «Жанбай інім» (кезінде елге танымал болған мемлекет қайраткері Сағалбай Жанбаевқа ұқсатып-авт.) деп еркелететін.
«Адамның жеке тұлға болып қалыптасуына, оның ата-анасы, достары хәм ұстазы әсер етеді» деп хакім Абай айтқандай Жабай Нұрмақұлының әке-шешесі, туған-туыстары, достары, әсіресе ғылым жолына түсуге жол сілтеген, педагог ғалым Болат Әбдікәрімов және университетте ұстазы болған, қазіргі әріптес ағасы ғалым Амангелді Қашқымбаев, елімізге танымал тарихшы ғалым Бүркітбай Аяғанның орындары ерекше болды.
Институт ұжымы және Жабай Нұрмақұлын танитын, сыйлайтын еліміздің азаматтары деніне саулық, отбасына амандық, өзіне шығармашылық табыс тілейді. Ердің жасына келген мерейлі белесіңіз құтты болсын демекпіз ұлағатты ұстазға.

Дүйсен СЕЙІТҚАЛИ,
Мемлекет тарихы институтының
жетекші ғылыми қызметкері,

педагогика ғылымдарының кандидаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × four =